Жаңақорған: кәсіпкерлік көш басына шықты

Мемлекет басшысы Жолдауындағы тұрмыс сапасын арттыру және өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру бағытындағы басымдықтар Жаңақорған ауданында кезең-кезеңімен шешімін тауып, халық игілігіне айнала бастады. Мұны аудан әкімі Ғалым Әміреевтің тұрғындар алдында берген есепті кездесуінде білдік. М.Көкенов атындағы аудандық мәде­ниет үйінде өткен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қатысты. 

Бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвес­тицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау қазір үлкен маңызға ие болып тұр.

Ғалым Әміреев нақ осы салада ұтқыр бастамалар мен ұтымды шешімдер қабылдап, жаңа­қор­ған­­дықтарды өз күшіне сенуге үй­рет­ті. Белсенді болуға ша­қырды. Кәсіп­керлікпен айна­лы­суға ынталы азамат­тарға нарық­тық қатынастардың мән-жайын түсіндіріп, аудандық бюджет есе­бінен оқу курстарын ұйым­дас­тырды. Әр аптаның сәрсен­бі­сінде кәсіп­керлерді қабылдап, мәсе­леле­рін тыңдап, шешілу жолдарын қарас­ты­рып, қолдады. Елді мекендерде «Агро-индустриялдық аймақ» құрып, кәсіп­керліктің дамуына жағдай жасады.

Нәтижесінде республика бойын­ша кәсіпкерлік саласына қолдау көр­сеткен озық ауданның қатарына көте­рілді. Мұны статистика да растайды.

2019  жылдың  1 қаңтарына тір­келген шағын және орта кәсіпкерлер 3952-ге жетіп, 2017 жылмен салыстырғанда 115,8 процентті көрсетті. Сыр өңірінде кәсіпкерліктің сандық және сапалық даму деңгейі (белсенді кәсіпкерлер) жөнінде алдыңғы сапта. Мәселен, бір жылда жаңадан ашылған кәсіпкерлік субъектісі 845-ке жеткен. Одан кейінгі орында Қазалы,  Шиелі аудандары.

Аудан тұрғындары нарықтық қаты­нас­тардың заңдылықтары мен қыр-сырларын меңгеріп, білік­ті­лігін арттыруда және қаржылық ұйымдардан қаржы тартуда бел­сенді. Бір ғана «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 250 адам білімін жетілдірсе, «Бизнес-кеңесші» жобасымен 139 адам оқып, сертификат алған. Жалпы, қаржы көздерінен 296 жобаға 1 млрд 857 млн теңгенің қаржысы тартылды.

Кәсіпкерлікке ынталы жастар «Zhas Project» жобасы аясында кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алды. Атап айтқанда, 160 жоба тапсырылып, оның 69-ы қолдауға ие болса, бұл  247 жас алты ай бойы өзін-өзі жұмыспен қамтып, 149 млн теңге инвестиция тартылды деген сөз.

Жаңақорғанда кәсібін дамытуға ең ыңғайлы әрі тиімді сала – ауыл шаруа­шы­лығы саласы. Оған аймақ­тың тиімді орналасуы мен табиғи-ресурстық мүм­кіндігі мол жағдай жасайтыны ақиқат. Бұл саладағы, нақтырақ айтқанда, егін шаруашылығындағы соны серпі­лістер үшін былтыр «Озат аудан» атанған еді.

Ежелден төрт түлікті түгел өргізіп, талай белесті бағындырған аудан мал шаруашылығында да үлкен табыс­тарға ие. Оның бір айғағындай, облыс басшылығының қолдауымен «Малшылар слетін» Қаратау бөктерінде өткізу дәстүрі қайта жаңғырып, қалып­тасты.

Ауданда егін егумен, мал шаруа­шы­лығымен айналысатын 49 өнді­ріс­тік кооперативі (АӨК) құры­лып, мүшелерінің саны 767 адамды құраған. Бүгінде 278 жеке отбасылық тұлғадан құрылған 7 АӨК жұмыс жасауда. Оның ішінде, 6 АӨК ет өндіру бағытында отба­сы­лық мал бордақылау бойынша, 1 АӨК мал шаруашылығы сүт өндіру бағытында жұмыс жасайды. 2018 жылы отбасылық мал бордақылау бағытындағы 6 өндірістік кооперативінде 228 тонна сиыр еті өндіріліп, нарыққа шығарылған. Сондай-ақ, Ақүйік ауылдық округінде «Қаратау-Ақүйік» АӨК «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы жеңілдетілген несие алып, үйрек шаруашылығын дамытуда. Кооперативтің 13 мүшесі 33,5 млн теңге несие алып, 8756  үйрек сатып алынған, бүгінгі таңда Қызылорда қаласындағы «Береке» құс шаруашылығына 4212 үйрек өткізілген.

Жаңақорған соңғы ­жылдары құры­лыс қарқыны жөнінен де ілгерілеп тұр. Өткен жылы облыста 8 мектеп бой көтерсе, оның 4-і Жаңақорған ауданында жүргізілді.

Ауданда жұмыспен қамтылғандар саны да артты. Былтыр 3959 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, жос­пар 103%-ке орындалды. Мұндай көрсеткішке жетуде 2018 жылы жұ­мыспен қамту орталығы бизнес идея­ларды ұйымдастыру үшін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін 100 адамға қайтарымсыз грант берді. Бұл – жоғары көрсеткіш.

Жалпы, ауданның әлеуметтік-эко­номикалық дамуы оң сипатқа ие болып отыр. Осы жылы шалғайда орна­ласқан елді мекен тұрғындарының проблемалық мәселесіне айналып келген «Келін­төбе-Қандөз-Көктөбе» авто­жо­лының 47 шақырымына күр­делі жөндеуге бюджеттен 2 млрд 519 млн теңге қаражаттың толық бөлінуіне жұмыс жасалуда. Сонымен қатар 2014 жылдан бастау алған «Сырдария» топтық су торабы мен Жаңақорған кентіндегі ауыз су жүйесін қайта жаңғыртудың 4-ші кезеңіне 1 млрд 650 млн теңгенің құрылыс жұмыстарының сапалы жүр­гізілуін қадағалап, жыл соңына дейін пайдалануға беру міндеті бар.

Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тес­тік негізінде 38 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Жалпы, Түркістан облысымен ше­каралас орналасқан ауданның әлеу­­меттік-экономикалық мүм­кін­ді­гі жоғары. Үлкен нарықты игеруде ұтымды істерді жалғастыру аудан көр­сеткішін, халықтың тұрмыс қабі­летін арттыра түсетіні сөзсіз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қаңтар 2019 г. 499 0