Өткен жыл Арал ауданы үшін өзіндік ерекшеліктерімен басталды. Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың сала министрлерімен бірге өңірде жұмыс сапарымен болып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысуы алда атқарылар ірі жобаларды айқындады. Ал, өңірдегі толымды тірліктің нәтижесі аудан әкімі М.Оразбаевтың қорытынды есепті кездесуінде жан-жақты айтылды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов қатысты.
Өткен жылы ауданға тартылған инвестиция көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артып, аудан бюджетінің өз түсімдері 12,7 процентті құраған. Өнеркәсіп орындарының 12,5 миллиард теңгенің өнімін өндіруі еңбек өнімділігінің артқанын көрсетеді. Ал, 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізіліп, қазіргі уақытта 3 жоба толығымен жұмыс істеуде. «Арал Сода» ЖШС-ның «Кальцийлендірілген сода өндіру» зауытының аумағына стелла орнатылып, тұғырға салтанатты түрде капсула салу рәсімінің өткізілуі де өңір экономикасына тың серпін әкелетін іргелі істің бастауы болды. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 6,6 миллиард теңгені құраған. Қазіргі уақытта ауданда жылдық қуаты 18900 тоннаны құрайтын 7 балық өңдейтін зауыт жұмыс жасауда.
2018 жылдың облыста жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жариялануына байланысты бұл бастама бизнесті дамытуға айтарлықтай септігін тигізіп, Қызылорда облысы бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір болып танылды. Ал, кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіш бойынша Арал ауданы республикадағы 290-ға жуық ауданның арасынан 7-орынды иеленіп, табысты жұмыстың нәтижесін көрсетті. Бұл жөнінде аудан әкімі М.Оразбаев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бойынша 12 жоба субсидияланып, гранттық қаржыландыру бағытында 23 жоба қайтарымсыз грантқа ие болғандығын, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар аясында барлық қаржы институттары арқылы аудан кәсіпкерлеріне берілген несие нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілері санының 109,3 процентке өскендігін айтты. Бір ғана «Арзан Маркет» дисконт орталығында 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, халық тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдері қолжетімді бағада сатылуда.
– Өткен жылдың наурыз айында Арал қаласындағы Т.Жароков көшесінде орналасқан екіқабатты ғимаратта төтенше жағдайдың орын алғандығы белгілі. Оған қоса, Аралтұз көшесіндегі екіқабатты тұрғын үй де апатты жағдайда болатын. Осындай қиын сәтте аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен 310 миллион теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде 27 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, аз ғана уақыт ішінде пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 150 орындық аудандық орталық аурухана мен өрт сөндіру депосының, №14 мектеп-лицей, аудандық сот ғимараттары мен ашық спорт алаңы мен балалар ойын алаңының және Сексеуіл кентінде әмбебап спорт алаңы құрылыстары салынып, халық игілігіне қызмет етуде, – деген аудан әкімі, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында да жүйелі жұмыстар жүргізілгендігіне кеңінен тоқталды.
Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Жапония, АҚШ, Германия, Ресей, Ұлыбритания елдерінің заманауи емдеу-диагностикалық құрал-жабдықтарымен жабдықталған жаңа аурухана көз сүйсіндіреді. Мұндай аурухананың дәрігерлері мен мамандары да жан-жақты болуы тиіс. Дәрігерлердің біліктілігін көтеру мақсатында 2 дәрігер Татарстан Республикасының Қазан қаласында тәжірибелік білім жетілдіру орталығында оқып келген.
Жағдайы ауыр науқастарды облыс орталығына жеткізу үшін аудандық ауруханаға арнайы медициналық жабдықтармен жабдықталған реанимобильді автокөлігі алынуы және Қамыстыбас, Қарақұм, Аманөткел дәрігерлік амбулаторияларына жаңа медициналық жедел-жәрдем автокөліктерінің берілуі тұрғындардың талап-тілегін қанағаттандырған игі істердің бірі болды.
Жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиістігін айтқан Президенттің 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл бағытта жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыруда 18 мыңнан астам аралдық жастардың да өзіндік үлестерін қоспақ.
Одан соң, аудан тұрғындары тарапынан жол, газдандыру мен темір жол өткелі және өзге де көкейдегі мәселелерге байланысты сауалдар қойылды. Ардагер А.Есенбаев Қамбашты газдандырудың тиімділігі жөнінде айтса, аудандық «Халық үні» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Бейісов темір жол өткелін салу мәселесін көтерді. Ал, аудандық оқушылар үйінің үйірме жетекшісі Ә.Дәрмағамбетов оқушылар үйі ғимаратының әбден ескіргендігін айтты. Аудан әкімі М.Оразбаев барлық пікірлер мен ұсыныстардың өзектілігін айтып, соған орай тұшымды жауап берді.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов әкімдер есебі алдағы жұмысты жоспарлауға мүмкіндік беретінін айтып, ел бағасы бүгінгі іс пен болашақ бастамалар бағдары екендігін жеткізді.
Лаура ИМАНБАЙҚЫЗЫ,
журналист.