« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше Қызылордада жастар корпусын дамыту жобасының аймақтық форумы өтті. “Арманда! Ұсын! Іске асыр!” атты шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Жастар корпусын дамыту жобасы үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким, “Атамекен” ҰКП, “Даму” ҚҚ өкілдері мен жоба қатысушылары және менторлар қатысты. Форум аймақта іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалар көрмесінен бастау алды.
Жастардың түрлі жобаларды жүзеге асыруына ұйытқы болған бұл жоба Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында Дүниежүзілік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өткен жылы басталған болатын. Жобаның басты мақсаты – жастарды, нәтижелі жұмыспен қамту, олардың қажетті дағдыларын дамыту арқылы қоғамдық пайдалы қызметке тарту. Осының негізінде бүгінгі күні аймақта 244 жоба жүзеге асырылып, өңір жастары өз мүмкіндіктерін көрсетті. Олардың бастамаларын іске асыруға 1 млн теңгеге дейін грант берілсе, жобаларды басқаруға оқытудың бірегей бағдарламасынан өтуге 836 жас қатысты. Сондай-ақ, жобаның қатысушыларына ай сайын әлеуметтік шәкіртақы төленген. Айта кеткен жөн, “Zhas Project” жобасы бойынша жеті ауданның ішінде Жаңақорған жастары 69 жобаны жеңіп алған.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов жоба қатысушыларына сәттілік тілеп, жастарға қашанда қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.
– Аймақта өткен “Zhas Project” жобасы бойынша 244 жоба таңдалды. Бұл жобалар алдағы уақытта бір мезеттік болмай, үлкен кәсіпке айналатын, ел игілігі жолында жүзеге асатын ауқымы кең жоба болады деп ойлаймын. Мұндай бастамалардың маңызы зор. Өйткені, жастардың өз алдына кәсіп ашып, жұмыспен қамтылуына септігін тигізбек. Бұл жоба жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Біз оларды әрдайым қолдауға дайынбыз, – деді.
Ал, Жастар корпусын дамыту жобасы үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким жобаның маңыздылығына тоқталып, Сыр жастарының талпынысына тәнті екендігін айтты.
– Жоба – өз әлеуетін, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүдделі 14-29 жасқа дейінгі жастарға бағытталған. Негізгі басымдылық жұмыс істемейтін және оқымайтын, табысы төмен қатысушыларға берілді. Алдағы уақытта өзге алты аймақта жалғасатын болады. Дегенмен, өңір жастарының белсенділігі, кәсіп ашуға деген құлшынысы мені қуантты, – дейді В.Ким.
Шарада бұдан өзге Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев, аймақтық үйлестіруші Баян Егізбаева, жастар жобасының көшбасшылары Ақжарқын Тасболат, Бексұлтан Тұрсын, жоба менторы Мейрамбек Әбдікәрімовтар сөз алып, жобаның ерекшелігін, тың бастамалардың жарыққа шығуына ықпал еткендігін, ең бастысы жастардың дамуына серпін беретіндігін баса айтты. Өз кезектерінде осындай ауқымды шараның ұйымдастырушыларына жоба жеңімпаздары алғыстарын айтуды ұмытпады.
– Біз алты бала болып, “Green plastic” жобасын қолға алдық. Яғни, құты қалдықтарын өңдеу арқылы пластикалық плитка жасап шығарудамыз. Бұл қоршаған ортаның тазалығы үшін өте маңызды. Ендігі жерде түрлі өлшемде шығару жоспарда бар. Осы ретте өз кәсібіміздің бастамасына қолдау көрсеткен жоба ұйымдастырушыларына айтар алғысымыз шексіз, – деді Бақытжан Ибрашев.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |