Шиеліде қауіпті нысан елді мекеннен тыс жерге көшірілді

Қызылорда облысының Шиелі ауданында жарты ғасырдан кейін көпір мен айналма автожол жөнделді. Жаңа жол тармағы өңірдің уран өндіретін кәсіпорындары пайдаланатын қауіпті химиялық заттарды тасу үшін қажет. Осы уақытқа дейін оларды тасымалдау Еңбекші ауылы арқылы өтіп, жергілікті тұрғындарға үлкен қауіп төндірген еді.
Еңбекші ауылының тұрғындары бұған дейін ауыл маңындағы ескі жолда бірнеше рет күкірт қышқылын тасымалдаушы көліктің аударылғанын айтады. Жол жарамсыз күйге жетіп, осындай ірі жол көлік оқиғалары жиілеп кеткеннен кейін ауылдықтар құзырлы органдарға шағымданған. Көп жыл күткен күрмеулі мəселе өткен жылы шешімін тапты.
Әшім Оразбекұлы, Шиелі ауданының әкімі:
– Тұрғындардың өтініштеріне сəйкес, «Қазатопром» басшылығына облыс əкімінің хат жазуымен, араласуымен күкірт қышқылын таситын көліктердің барлығы өзінің технологиялық жолдары бар, сол жолмен біздің рудниктерге күкірт қышқылы тасылады. 2017-2018 жылдары біз сол жолдың барлығын «Қазатомпромға» бергеннен кейін ол кісілер өздері қаржы бөліп, сол жолды жөндеп, қазір жол Еңбекшінің сыртымен айналып өтеді.
Күкірт қышқылы уран өндіру үшін қажет. Оны Шиелі ауданындағы кеніштерге автоцистерналармен жеткізеді. Ал ол арнайы қоймаларда сақталып, көліктерге тиеледі.   
Шиеліліктер үшін ең өзекті мəселенің бірі қауіпті химиялық заттарды сақтайтын қойманың аудан орталығында орналасуы болатын. Өткен жылы бұл мəселе түбегейлі шешімін тапты. Тұрғындардың талабымен 4 мың тоннадай күкірт қышқылын сақтайтын арнайы база елді мекеннен тыс жерге көшірілді.
Бұған дейін Көкшоқы елді мекенінде орналасқан кәсіпорын жергілікті тұрғындарға қолайсыздық тудырған болатын. Олардың өтініші бойынша, қазір база Шиелі кентінен 2,5 шақырым жерде орналасқан индустриялық аймақ ауданына көшірілген. Жаңа нысанның 6 мың тоннаға дейін күкірт қышқылы мен үш мың тонна силитр қабылдауға мүмкіндігі бар.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қаңтар 2019 г. 809 0