Үлгілі ауылдан үздіктер шығады

 Қиялда шек бар ма? Асқар Жылқаев кішкене күнінен алдына үздіктер қатарынан табылсам деген мақсат қойды. Оған қол жеткізу үшін талмай талпынды, жетістіктерге жету жолында аянып қалмады. Көп ұзамай қиялына қанат бітіріп, соның нәтижесін көрді. Ең бастысы, ол шын дарынның ауылдан шығатынын тағы бір дәлелдеді.

Белсенді жас Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ алғырлығымен алға шыққан екен. Адам жанының арашашысы болу­­ды қалайтын Асқар Қы­­зылорда медицина кол­леджін үздік тәмамдады. Қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жаратылыстану фа­культетінде оқи­ды. Жан-жақты жі­гіт бір ғана іспен шек­теліп, қол қусырып отыр­ғанды жөн көрмейді. Кә­сіпкерлікке икемі бар. Соның арқасында жеке кәсіптің де тізгінін ұстап, іскерлігін шыңдауда. Ас­қар бұған дейін қалада кө­­лік жуу бекетін ашып, бағын сынаған екен. Содан соң кәсіпкерлік әлемінде жастардың бағдаршамына айналған «Zhas Project» жобасына қатысып, жеңімпаз атаныпты. Қазір «Alma» көшірме орталығының жетекшісі. Талапты жастың бағындырған биігі аз емес. Оқу орнында қатарластарына үлгі. Бұлай дейтініміз, өткен жыл қорытындысы бойынша Асқар республикалық «Үздік студент – 2018» жобасында топ жарды. Ал, бұл жай байқау болмаса керек. Оған қатысуға еліміз бойынша 5 мыңнан астам студент ниет білдірген.

– Жастар мобильді болуға тиіс. Мен осы қағиданы ұстанамын. Шығармашылыққа жақынмын, содан болар түрлі сайыстардан қалыс қал­ған емеспін. Осыған дейін «Тәуелсіздік символы – теңге: кеше және бүгін» ғылыми конференциясында І орын иелендім. «Халықаралық химия жылы» аясындағы шараларда, «Сәйгүлік» интеллектуалды сайысында, облыстық ғылыми-теориялық конференцияларда жүлделі болдым. Ал, «Бөбек» Жалпыұлттық қозғалысы» заңды тұл­ғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің ұйымдастырумен өткен рес­­публикалық «Үздік сту­­­дент» жобасында ба­ғын­дырған белес ерек­ше әсер сыйлады. Креа­тивті, талантты, ғылым, өнер, спорт саласында ұйымдастырушылық қа­білеті жоғары деп танылған қатар­лас­тарым­ның арасынан суырылып шығу үлкен мотивация берді. Алар асуымның алда екеніне сенім кү­шейді. Алла тағала әр­қайсысымызға ерекше бір қасиет берген. Маған жан-жақтылық бұйырған деп білемін. Алдағы уақытта соны пайдаға жаратсам деймін, – дейді кейіпкеріміз.

Болатын бала алысқа қарайды. Әңгіме барысында Асқардың болашаққа жүйелеген жоспары көптігін аңғардық. Ал, оның өзіне деген талапшылдығы әр ісін алға сүйрейтіні айтпаса да түсінікті.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қаңтар 2019 г. 634 0