ІТ IMAQORDA – уақыт талабы

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Оқушылар сарайының базасында ашылған ІТ IMAQORDA балалар технопаркінің жұмысымен танысты.

Өңірімізде жас ұр­пақ­тың жаңа технологияны меңгеруіне жан-жақты қолдау жасалып келеді. Соның бір айғағы – облыс бюджетінен 60 млн теңге қаржы бөлініп, балалар технопаркінің жасалуы. Жас жеткіншектердің ақпараттық-техника­лық бағытта шығарма­шы­лы­ғын дамыту мақсатында 12 жаңа кабинет ашылып, мұнда 150-дей өрен жаңа саланы игеруге талаптануда. Атап айтарлығы, бұл "Нұр Отан" партиясының балаларға арналған тегін ІТ сыныптар партиялық жобасы аясында ашылды. Білім мен ізденістің нәтижесінде ғылыми жаңалықтарды бағын­дыруға талпынған балалар шығармашылығына еріксіз бас иесің. Атап айта­лық, ізденімпаз оқушы Бей­барыс Раушанбек авиация саласы бойынша квадракопты дрон құрастыру арқылы республикалық өнертап­қыштар сайысында І орын иеленген.

– Бұл түрлі қызмет атқарды. Әзірге 2,5 келі жүкті тасымалдай алады. Әсіресе, почтальон қызметін атқаруға қолайлы. Сонымен қатар фото, видео түсіруге де пайдалануға болады,–дейді жас өнертапқыш.

Бұл бағытта жет­кін­шектердің шығар­машы­лы­ғымен танысқан аймақ басшысы өңірде жастардың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.

– Он жеті аймақтың ішінде білім саласына ең көп қаржы бөліп отырған Қызылорда облысы екенін атап айтуымыз керек. Себебі, Сыр өңірінің балалары шетінен талантты, өнерлі. Тек оларға жағдай жасауымыз қажет. Осы мақсатта аймағымызда 37 апатты мектептің орнына жаңа ғимараттар салынды. 

Соңғы екі жылда мектеп бітірген түлектердің 97 проценті жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуда. 500-ден аса түлек Мәскеу мен Санкт-Петербургтің маңдайалды оқу орындарында оқып жатыр.  900-дей көпбалалы, мүжәлсіз отбасының талантты ұл-қыздары облыс әкімінің грантымен жаңа мамандықтарды игеруде.  Мұнан бөлек, Сыр елінің 4,5 мың өрені «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуда. Олардың  барлығы ертең жаңа мамандықты игеріп, ел дамуына үлес қосады деген сенімдеміз. Бүгінде біз соңғы үш жылда білім саласына қамқорлық жасап келе жатқан ең үздік бес аймақтың қатарындамыз,– деді облыс әкімі.

Өңір басшысы айтқан тағы бір жақсы жаңалық – жаңа оқу жылынан бастап Сыр елінде дәстүрлі өнер академиясының ашылатындығы. Сонымен қатар алдағы уақытта сол жағалауда жаңа оқушылар сарайы ғимаратының да бой көтеретіндігінен хабардар етті.


Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қаңтар 2019 г. 658 0