« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жыл басы – өткенді қорытындылап, ертеңге бағдар белгілейтін қауырт кезең болғандықтан, барлық сала үшін жауапты уақыт. Оның үстіне біз өмір сүріп жатқан ашық қоғамда атқарылған жұмыс нәтижесі халықтың көз алдында. Тарихқа айналған 2018 жылдың тіршіліктің барлық саласында қалдырған ізін айқындайтын, істелген жұмыстардың салмағын таразылайтын кездесулер жер-жерде өтуде. Алда – кездесудің ең ауқымдысы, яғни аймақ басшысы есебі.
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтіп, онда өткен жылдың негізгі қорытындылары мен алдағы міндеттер талқыланды. Аймақ басшысы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыс бойынша департаменті басшысы Г.Өтегенованы таныстырды. Жаңа басшы – өз саласында ұзақ жылдар бойы басшының орынбасары қызметін атқарған білікті маман.
Аймақтың өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақовтың хабарламасына Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер, Үкімет пен облыс әкімдігі арасындағы меморандум мен 2016-2020 жылдарға арналған облыстың даму бағдарламасының индикаторлары, 2018 жылға арналған облыс әкімінің бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары негіз болды. Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарындағы 98 іс-шараның 56-ның қоса орындаушысы – облыс әкімдігі.
Облыстағы бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін жалақысы төмен 25000-нан астам азаматтың айлығын көбейтуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Ал 97 кәсіпорын төмен жалақы алатын жұмысшылардың еңбекақысын көтерді. Білім беру жүйесіндегі жаңартылған мазмұн облыстың 46 мектебіне енгізілді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер мен балабақшаларға бейнекамера қойылуда. Ауруды емдеудің жаңа тәсілдерін енгізген медициналық қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайту жоспарланған.
Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 7 нысан салынып, іске қосылды. Биыл 20 нысанның құрылысы салынбақ. «7-20-25» бағдарламасы арқылы ипотекалық несиелер рәсімделген.
Қ.Ысқақов өңір үшін стратегиялық маңызды құжаттар – Үкімет пен облыс әкімдігі арасындағы меморандум, облыстың даму бағдарламасы мен облыс әкімінің іс-қимыл жоспарының орындалуына да егжей-тегжейлі талдау жасады. Жалпы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденциялар сақталған. Тек мұнай өндіру мен өңдеуші сектордың қарқыны төмендеуі байқалды. Бұл көрсеткішке облыс әкімдігінің қатысы жоқ. Құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, экономикаға инвестиция тартуда өсім бар. Жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың алғашқы нәтижесі тіркелген кәсіпкерлік нысандарының өсуінен анық аңғарылады. Хабарламашы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарудағы жетістіктерді атап айтып, аудандар бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерге, бюджеттің игерілуіне тоқталды.
– Жоғарыда аталған 2 көрсеткіштің орындалмай қалғанына Елбасы мен Үкімет тарапынан ескерту болған жоқ. Өйткені бұл біздің ықтиярымыздан тыс, орталық органдардың жұмысына байланысты. Аманшылық болса, алдағы Қауіпсіздік кеңесінде Қызылорда облысының өзекті проблемалары қаралады. Мұнай және газ, өңдеу өнеркәсібіндегі субъективті шешімдерге байланысты өз ұстанымдарымызды білдіреміз. Мәселен, мұнай өндіруші басқа аймақтар 50-80 процент аралығындағы өнімдерін экспортқа шығарады. Ал Қызылорда облысында өндірілген мұнайдың 8 проценті ғана сыртқа жіберілген. Бұл жерде жаңа кен орындарын ашу, ұңғымаларды бұрғылау сияқты жұмыстарға бөлінетін қаржыны жоғалтып отырмыз, – деді аймақ басшысы.
Өткен жылы 97500 жұмыссыз және өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған азамат анықталған. Оның 78500-іне кәсіп ашуға, жаңа мамандық алуға, жұмысқа тұруға, ең негізгісі – зейнетақы қоры мен салық органдарына төлемдерін төлеуге мүмкіндік жасалды. Кәсіпкерлікті қолдау үшжылдығы аясында жалғасын таппақ. Алдағы облыстық мәслихат сессиясында бюджет нақтыланып, даму жобаларына бөлінген қаржы ұлғаяды. Аймақ басшысы жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурстардың сапалы әрі уақытылы өтуін қадағалауды жауапты тұлғаларға жүктеді.
Аудан әкімдерінің тек бюджет қаржысына сүйенетінін, инвестиция тартудағы сылбырлықтарын сынға алды.
Одан әрі облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов аймақтағы агроөнеркәсіптік кешеннің беталысы туралы айтты. 2016 жылы қабылданған Агрокарта, 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, осы саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Күріш және басқа дақылдардың шығымы, мал тұқымын асылдандыру, бордақылау алаңдарын салу, экспортқа шығаратын өнімдердің өсімі, азық-түлік бағасы туралы кең талдау жасады.
– Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 32 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл – агроөнеркәсіп саласы үшін зор мүмкіндік. Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуын, көршілес Өзбекстандағы экономикалық климаттың түзелуін негізге ала отырып, Агрокартаны тағы бір пысықтап қарау керек. Көлік-логистикалық орталықтар, уақытша сақтау қоймаларын салу арқылы бәсекелестікке төтеп беруге болады, – деді Қ.Көшербаев.
Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған бағдарламалардың орындалуында кемшіліктерге жол берген, яғни белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізбеген жауапты лауазым иелеріне шара көруді тапсырды.
– Қаржы бар, бағдарлама түзілген. Жетіспейтіні – ұйымдастырушылық, – деді аймақ басшысы. Алдағы көктемде егін шаруашылығын әртараптандыру жоспарын орындау, көзделіп отырған мал өнімдерін өңдеу нысандарының, құс фабрикасының құрылысын қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.
Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Е.Ким аймақтың индустриялық-инновациялық дамуына талдау жасаған баяндамасын таныстырды. Мұнай мен уран өндірісінің жыл сайын төмендеуіне қарамастан, өңірдің басқа салаларындағы даму қарқыны жоғары. Хабарламашы шыны зауытына қатысты мәселелер толығымен шешілгенін, жобаның қайта қаралып жатқанын, кальцийлендірілген сода зауыты құрылысының сәуір айында басталуы жоспарланғанын айтты.
– Кальцийлендірілген сода зауыты құрылысы жобасының қуаттылығы артты. Қазір құжаттар пысықталуда, – деді облыс басшысы.
Хабарламашы томат пастасы өндірісі, «Баласауысқандық» ванадий кен орнының экспорттық әлеуеті туралы баяндады. Межелі түрде іске асқан жобалардың өнім шығару көрсеткіші артып келеді. Инвестиция көлемі 25,5 процентке өскен. Биыл екі кәсіпорын – шыны зауыты мен балық өңдеу цехы іске қосылмақ.
Өңірдегі цифрландыру бағдарламасы 40 жоба арқылы жүзеге асуда. Білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қауіпсіздік, көлік салаларына цифрлық технологиялардың енуі қызмет сапасын арттырып, тұтынушылардың уақытын үнемдеуді қамтамасыз етеді. Биыл осындай жобалардың санын арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының аяқалысы туралы айтты.
Өз кезегінде облыс басшысы индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс істемейтінін сын тезіне салды. Жергілікті кәсіпкерлер ынталы болмаса, басқа өңірлерден іскер азаматтарды шақыру, экспортқа бағытталған жаңа жобаларды индустрияландыру бағдарламасына енгізу туралы тапсырма берді.
Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтің хабарламасына әлеуметтік және ішкі саясат саласы бойынша жыл қорытындылары арқау болды.
Білім саласының мемлекеттік бағдарламасындағы меже 3-6 жастағы балалар түгелдей балабақшамен қамтылды. Апатты және үш ауысымды мектептерді болдырмау үшін білім ошақтарының құрылысы үздіксіз салынуда. Ағылшын тілінде оқыту, кең жолақты интернетке қосылу, компьютерлердің жаңаруы осы сала жұмысының оң нәтижелеріне ықпал етпек. Мектеп бітірушілердің 97 проценті жоғары және арнаулы оқу орындарына түскен. Мемлекеттік тапсырыспен оқыған колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші де жоғары.
Хабарламашы ана өлімі көрсеткішінің тұрақсыздығына, медициналық нысандардың қолданысқа берілуіне, материалдық базаның жаңартылуына, мәдениет саласындағы елеулі жаңалықтарға, қоғамдықсаяси ахуалға талдау жасады. «Рухани жаңғыру» орталығы атқарған жұмыстар мен қолға алынған жобалардың орындалуына тоқталды.
Әлеуметтік саланың алдағы міндеттерін саралай келіп, әсіресе биылғы жастар жылы атқарылатын шараларға, спортпен шұғылданушылар санын арттыру, түрлі деңгейдегі чемпионаттар мен Токио олимпиадасына баратын спортшылардың дайындығын ұйымдастыруға мән берілетінін айтты.
– Жуырда Қарағанды қаласындағы мемлекеттік балабақша тәрбиешісінен туберкулез ауруы анықталғаны үлкен резонанс туғызғанын білесіздер. Бұл жағдайдың бізде қайталануына жол бермеу керек. Тиісті тексеру шараларын жүргізіп, алдын алу қажет. Балаларымыздың табанына кірген тікен біздің маңдайымызға кірсін. Бұл жерде гуманизмге орын болмауы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Жастар орталығы құрылысын сәуір айында аяқтау, ол орталықта жастардың тәулік бойы жұмыс істеуіне жағдай жасау, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу, денсаулық сақтау саласының қолданыстағы жол картасын өзектендіру, мәдениет саласы басшылығына адамзаттың ортақ игілігіне айналған Қорқыт ата мұраларын насихаттаудың жол картасын әзірлеу туралы тапсырма берді.
– Токио олимпиадасына дайындықты бастап, ұлттық құрама кандидаттарының жеке бағдарламасын түзу керек, – деді облыс басшысы.
Мәжілісте экономиканың нақты секторындағы құрылыс, жол, коммуналдық шаруашылық жұмыстарының қорытындылары туралы тиісті басқарма басшылары баяндады.
Одан әрі жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарының қорытындыларымен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Б.Намаев таныстырды. Басқарма басшысы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артқанын, әсіресе жұмыс істеп тұрған нысандардың көбейгенін айтты. Оларда жұмыс істейтін азаматтардың саны 90 мыңнан асты.
Латын әліпбиіне көшу жұмыстары басталған соң Елтаңбадағы еліміздің атауын латын қарпімен жазу туралы өзгеріс енгізілгені мәлім. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов өзгерістердің өткен жылдың 1 қарашасынан бастап қолданысқа енгенін атап өтті. Елтаңбаны ауыстыруға байланысты қажетті қаражатты жоспарлау туралы барлық басқармаларға хат жолданған. Жалпы облыс мекемелеріндегі 2000-нан астам Елтаңба ауыстырылуы керек. Бұл жұмыстарға 2022 жылға дейін мұрсат берілгенмен, біздің аймақта осы жылдың ішінде аяқтау жоспарланған.
Мәжілісте облыстық статистика департаментінің басшысы М.Баекеева алдағы халық санағын өткізуге, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы М.Қалдарбеков 2020 жылдан бастап жалпыға бірдей декларацияны енгізуге дайындық туралы хабарламалар жасады.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер талқыланған соң, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берілді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |