ЖЕМІСТІ БАСТАМАЛАР ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Жерлесіміз, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, былғары қолғап шебері Қамшыбек Қоңқабаев бокстан ұлттық құраманың капитаны болып тағайындалды. Сырдағы спорттың серпінді дамуы осыдан-ақ айқын көрінеді. Оған қоса, мүгедектерге арналған спорт клубы құрылса, ұлттық спорт түрлері клубы наурыз айынан бастап, чемпионатқа дайындықты бастайды. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте сала мамандары мәлімдеді.

– Өткен жылды табысты қорытындылап отырмыз. 2017 жылы спортшыларымыз 700 медаль иеленсе, өткен жылы бұл сан 1500-ге жетті. Басты жаңалықтың тағы бірі – облыста мүгедектерге арналған клубының ашылуы, – деді облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Олжас Акимов.

Бұқаралық спортты дамыту бағытындағы бастамалар жеміссіз емес. Велошеру өткізу дәстүрге айналған. Елбасы тапсырмасына сәйкес елде спортпен тұрақты айналысатындардың көрсеткішін 30 процентке жеткізу мақсатында соңғы 3-4 жылдың көлемінде 9 спорт нысаны пайдалануға берілді. Әсіресе, шалғай елді мекендер басты назарда. Орталық стадиондағы реконструкция жұмыстарының 60 проценті бітті. Ұлттық спорт түрлерін дамыту шаралары жалғасын таппақ. Клуб директоры Ғабит Махатаевтың айтуынша, бұл бағытта бюджеттен 75 млн теңге қаралған. Ал мүгедектерге арналған клубта спорттың 8 түрін дамыту үшін 65 млн теңге бөлінді.

Жиын соңында Қамшыбек Қоңқабаев құрама капитаны ретінде ел сенімін ақтауға тырысатынын жеткізді. Мүгедектерге арналған спорт клубының директоры Эрик Қасқабаев та алдағы уақытта бұл бастама өз нәтижесін беретінін айтты.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қаңтар 2019 г. 425 0