ЖАЛАҒАШ: Жетістікке тоқмейілсуге болмайды

Алашқа ана атанған Сыр өңірінің құт қонған өлкесінің бірі – Жалағаш ауданы. Бұл өңір облыстағы Сыр маржанының үштен бір бөлігіне жуығын өндіретін ынтымағы артқан, ырысы тасыған аудан ретінде де жұртшылыққа белгілі.
Бейсенбіде аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Есепті кездесуге  ҚР Президенті Әкімшілігінің инспекторы Нұрлан Тілешов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев қатысты.
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, ең әуе­лі әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті да­мыту мен жаңа жұмыс орындарын құруға, ау­дан экономикасын әртараптандыруға бағытталған.
Аудан бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды. Мәдениет ауылындағы 90 орын­дық балабақша ғимараты, 150 орындық клуб, спорттық кешен, Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі ғимараты, Мырзабай ахун елді мекенінде ауыл әкімі аппараты ғимаратының құрылысы дер кезінде бітіп, халық игілігіне пайдалануға берілді.  Сон­дай-ақ, Еңбек елді мекенінде шағын маркет пен мейрамхана ашылып, халық қуанышын еселей түсті.
Жалағашта ауыл шаруашылығы саласы өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосып келеді. Диқандар рекордтық өнім алуды дәстүрге айналдыруда. Бір ғана мысал, былтыр 15 млрд 254 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Ауа райының қолайсыздығына, судың тап­шылығына қарамастан, диқандар ерен ең­бектің үлгісін көрсетіп, 22382 гектар кү­ріш­тің әр гектарынан 56,6 центнер өнім алды.
Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға байла­ныс­ты ауданда біршама жұмыстар ат­қа­рылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның кәсіпкерлік саласында 1 млрд 207 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, бюджетке 155 млн теңге салық түсті. Ауданда 2300 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.
Денсаулық, білім, мәдениет саласында да ілгері басу бар. Білім беру сапасы жылдан-жылға жоғары көрсеткішке ие болуда. ҰБТ қорытындысымен өткен жылы облыс бойынша аудандар арасында бірінші орынды иеленді. Ауданның көрсеткіші 87,5 балды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 5,9 балға өскен.
Жалағаш жері – қашанда толайым тір­лік­тер атқарылатын, елдегі шараларды на­зар­дан тыс қалдырмайтын өлке. Саналы ғұ­мырын елдің өркендеуіне, туған жері­міздің көркеюіне арнаған тұлғаларды дәріп­теу мақсатында мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің – 120, Ілияс Қабыловтың – 115, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың 90 жылдық мерейтойлары жоғары деңгейде өткізілді. Сонымен қатар, ауданда «Жаңғыру жолындағы Жалағаш жастары» атты жастар форумы, «Ана – қоғамның ұйытқысы» атты ІІІ аудандық әйелдер форумы, облыстық ауыл жастарының слеті, Еңбек ауылдық округіндегі «Батыр Аналар» ансамблінің 30 жылдық мерейтойына арналған ауқымды шаралар жүзеге асқан. Мұның барлығы нәти­желі тірлік пен берекелі бірліктің ар­қасы. Тағы бір қуанышты жаңалық, биыл Жа­лағаш кентіне газ тарту мен орталық аурухананың құрылыс жобалары дайындалу үстінде.
Аудан әкімі жетістікке тоқмейілсуге болмайтынын жеткізді. Кездесу соңында ардагерлер Телжан Дәулетбаев, Роза Ералы, Қабылбек Нұрқабылов пен жастар атынан сөз алған Нарбота Серәлі, аудандық мәслихат депутаты Кенжеғара Сүлейменов өз ұсыныстары мен игі тілектерін білдірді.
Ержан ҚОЖАСОВ.
Жалағаш ауданы.
Суреттерді түсірген
Махамбет АХМЕТОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қаңтар 2019 г. 533 0