Қызылордадағы тарихи матч

"Syr boıy" – 90 

1988 жылы 20 шілдеде Қызылордада футболдан тарихи матч өткізілді. Кеңес Одағының жоғары тобында ойнайтын Харьковтің «Металлисі» Қызылордаға келіп, КСРО кубогінің 16/1 сатысында 15 мың жанкүйердің қатысуымен матч өткізді. Бұл қарымта ойын еді. Алдында Харьковте болған бірінші кездесуде украиндықтар 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Біз журналистер қарымта ойынның куәсі болдық. Матч қарсаңында «Қызылорда» қонақүйінде (ол кезде жалғыз қонақ үй) болып «Металлисттің» аға жаттықтырушысы Е.Лемешкодан сұхбат алып, ол футбол болатын күні «Ленин жолы» газетінде жарияланған болатын. Төменде ойын барысынан жазылған есеп ықшамдалып, оқырмандар назарына ұсынылып отыр.

«...20 июльде Қызылордаға үлкен футбол келді. Ол шын мәнінде спорт, достық мерекесіне айналды. Қызылордалықтар тұңғыш рет ресми ойында жоғары топтың белді командасы, СССР кубогінің жеңімпазы  Харьковтің «Металлист» командасының қатысуымен болған ойынды тамашалап, одан жақсы әсер алды. Жергілікті жанкүйерлер класс жағынан екі саты жоғары тұрған командамен СССР кубогі жолындағы жарыстың 8/1 финалына шығуға харьковтік футболшылардың мүмкіндігі мол екенін жасырған жоқ. 

...Ойын жанкүйерлердің күткеніндей, алма кезек шабуылмен, үлкен жылдамдықта басталды. Жаттықтырушының нұсқауын басшылыққа алған Харьков футболшылары алаң иелерінің қақпасына алғашқы минуттардан-ақ қауіп төндірді. Доп бірде қақпа жақтауына, маңдайшасына тиіп кері қайтты. Енді бірде Н.Құлымбетов, М.Есмұратов, Ә.Қалымбетовтердің салқынқандылығы арқасында доп ойын алаңындағы қауіпті аймақтан кері қайтарылып, кейбір сәттерде қақпашы А.Малесов шеберлік танытты.

Екінші тайм алғашқыға ұқсас болды. Алаңның орталығында қожалық еткен Украина футболшылары шабуылды үстін-үстіне өрістете түсті. Айта кетуіміз керек, осы жолы А.Малесов жалғыз қателік жіберді. Қонақтар қорғаушысы С.Колюченконың қиғаштай соққан добы тордан бір-ақ шықты. Голдан кейін алаңға шыққан қызылордалық Қ.Ибрагимов, А.Холматов ойынға жаңа серпін әкелді. С.Когай соңғы минуттарда доп соғу мүмкіндігінен айырылып қалды. Дегенмен, айта кетуіміз керек, «Мелио­ратор» ойынның өн бойында «Металлистпен» тең дәрежеде ойын өрнегін көрсетті».

***

Ия, бұл сол 1988 жылы жазылған мақала еді. Футболдан Қызылорданың «Мелиораторы» сол кезеңде Қазақстанда аты дүркіреп тұрған команда болатын. Ал жоғарыда есімдері аталған футболшылар аға жаттықтырушы Ю.Хакимовтің басшылығымен Кеңес Одағы біріншілігінің екінші аралық тобындағы азулы команданың құрамында өнер көрсетті. Үнемі шабуыл өтінде жүретін Нартай Құлымбетов 90-шы жылдары қайтыс болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазіргі «Қайсардың» «полковнигі» атанған Әбіл Қалымбетов те өмірден озды.

 

Суретте: «Металлист» және «Мелиоратор» 

командаларының аға жаттықтырушылары 

Евгений Лемешко мен Юрий Хакимов.

Суреттерді түсірген Болат Омарәлиев.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қаңтар 2019 г. 938 0