СЫРДА ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ БАР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен 2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы Қазақстанда тұрып жатқан 4 миллионға жуық жастың сенімін еселеткендей. Бойына жігер сыйлағандай. «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Біз қазір жасап жатқанның бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін, өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр», – деді Президент Астанада өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» форумында.

Мұндай жан-жақты қолдау елімізде тәуелсіздік алған күннен бері еш үзілген емес. Жастардың білім алуына, кәсіби, ғылыми және шығармашылық өсуіне жағдай жасау – қоғамды жаңғыртуға және алға ілгерілетуге салынған сенімді инвестиция екенін ескерсек, бұл алғышарттар елдігімізді еңселі, болашағымызды баянды етуге септігін тигізетіні сөзсіз.

Елбасының ел жастарына ерекше қамқорлығын сырбойылық замандастарымыз да сезініп, шарапатын көріп келеді. Облыс халқының 24%-і жастар болса, олардың 42%-і қалада, 58%-і ауылда тұрып жатыр. Олардың сапалы білім алып, сұранысқа ие мамандық игеруіне, жұмысқа орналасуына аймақ бас­шы­лығы тарапынан әркез қолдау бар. Бұл ретте жастар саясатын қаржыландыру бойынша былтыр рес­публикада Қызылорда облысы көш бастағанын айтсақ та жеткілікті.

Одан бөлек, қазіргі таңда облыс орталығы мен аудандардағы жастар ресурстық орталықтарының мамандары нәтижелі қызмет атқарып келеді. 2021 жылға дейінгі «Жол картасы» әзірленіп, онда жұмысқа орналасу, тұрғын үй, білім беру, бос уақытты тиімді пайдалану және тағы басқа мәселелердің ше­шілу мүмкіндіктері нақтыланды. Мем­ле­кеттік-жекеменшік әріптестік ая­сында Сырдарияның сол жаға­лауында биыл бой көтеретін жастарға қызмет көрсету орталығы жан-жақты қолдау өрісін кеңейте түседі деген сенім бар.

2014 жылдан бері біздің түлектер Ресей Үкіметінің гранты негізінде көрші елдің беделді техникалық жоғары оқу орындарында оқи бас­тады. Осы аралықта Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында білім алу мүмкіндігін 450-ден астам жерлесіміз иеленді. Өткен жылы Ресейде оқыған алғашқы түлектердің 31-і елге оралса, 45 студент оқуын магистратурада жалғастырып жатыр. Бірқатар жас «СКЗ-У», «Қызылорда жарығы», «Ансар Сервис», «Теплотехник» ЖШС-лары мен мамандандырылған мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасты.

Еламан Меңдіқұл – аймақ басшысының қам­қор­лы­ғымен осындай мүм­кін­дікке ие болған көптеген жастың бірі. Ол «Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлттық зерт­теу технологиялық уни­вер­ситетін бітіріп, туған жерге оралды. Бүгінде «Қы­­зылорда жарығы» серік­­тестігінде ­еңбек ету­де. «Жастар жылына» қатысты бастамалар елімізде күш алып ке­леді. Ал біздің аймақта облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен жастарды қолдау шаралары бірнеше жылдан бері іс жүзінде көрініс тауып үлгерді. Өзім секілді көрші елде білім алып, Қызылордаға қайтып келген алғашқы түлектер – осы бастаманың оң нәтижесі», – дейді ол.

Ел жастары үшін ұтқыр ойлар мен ұтымды пікірлер алаңына айналған «Жас Отан» жастар қанаты тарапынан облыста атқарылып жатқан оңды істер жетерлік. Солардың бірі – «Сәтті қадам» партиялық жобасы. Жоба аясында оқушылардың мамандық таңдауына қолдау көрсету мақсатында 2018 оқу жылында 9-11 сынып аралығындағы 1700 оқушы жергілікті кәсіп­орын­дардың, зауыттардың, цехтардың жұмысымен танысты.

«English for jastar» партиялық жобасы ауыл жастары үшін тіл меңгерудің керемет мүмкіндігі болып отыр. Аймақта игі бастама табысты жүзеге асырылды. Барлық ауданда 11 ерікті ағылшын тілін оқушыларға тегін үйретті. Ол үшін тиісті жағдай түгел жасалып, жан-жақты қолдау көрсетілді. Қазіргі таңда 350 бала ағылшын тілін ақысыз түрде үйренді.

Бұл – атқарылған  шаралардың  бір парасы ғана. «Республика бойынша «Жастар жылындағы жетістік» атты ауқымды акция басталды. Шарада әрбір жас биыл бағындырған белестерін, жеңістерін әлеуметтік желіге «#JJJ2019» белгісімен жариялап отыруы қажет. Жыл соңында акция қорытындыланып, жеңімпаз жастар туралы арнайы жинақ шығарылады», – дейді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес.

Елімізде әлеуметтік саясатты жүргізу мақсатында қолға алынған ауқымды жобалардың бірі – жастарға, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған ел тұр­ғындарын қолдауға бағытталған «Zhas Project» жобасы. Жоба идея­сы мол, кәсіпкерлікке икемі бар жастарға қанат бітіргені рас. Оған былтыр облыс бойынша 671 жас жобасын ұсынып, оның ішінде 266 жоба қолдау тапты.

Маргинал жастармен жұмыс жүргізу, оларды еңбекпен қамту мәселесі де ұдайы басты назарда. Статистикаға сүйенсек, аймақта NEET санатындағы жастар санының жылдық көрсеткіші төмендеген. Оған еңбек ресурстары балансының жыл сайын жаңаруы, облыс бойынша NEET санатындағы жас­тармен жұмыс жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарының, облыс бойынша мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі жол картасының жүзеге асырылуы ықпал етті.

Облыстық жастар саясаты мәсе­лелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов ендігі кезекте жастардың ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге мән берілетінін айтады. «Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамда өз орнын табуы керек. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, болашақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына жастарға қатысты ғана емес, өзге де салалық мемлекеттік бағдарламалар бағытталып отыр», – дейді ол.

 Көптеген игі бастама, тың жоба, ілкімді істер Жастар жылының еншісіне тигелі тұр. Осы орайда ел ертеңі саналатын жастар қауымына артылатын үміт, жүктелетін жауапкершілік жүгі салмақты. Өйткені ақыл – жастан. Бұл жыл арамызда жүрген небір дарынды 

талантты, қабілетті жастардың қарымын байқатып, қадамын нықтай түсуіне сеп болады деп сенеміз.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қаңтар 2019 г. 519 0