« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Соңғы жылдары Қызылорда қаласының ауқымы ұлғайып, әсем ғимараттар қатары көбейді. Даңғыл жолдар шаһарды жаңаша кейіпке ендірді. Бұл ретте коммуналдық сала мамандарының ұшан-теңіз еңбегінің арқасында ауыз толтырып айтарлық шаруа атқарылды. Бұл саладағы орайы келген істер мен алдағы жоспарлар жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Сол жағалаудағы қызу тірлік
Жиында алдымен сөз алған облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы М.Әлсеріков бюджеттен бөлінген қаржының толық игерілгенін сөз етті. Айтуынша, басқарма арқылы жыл бойына 42 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілген. Оның басым көпшілігі 2017 жылдан жалғасқандар қатарында. Облыс бойынша 473,2 шақырым инженерлік инфрақұрылым желілері тартылды. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы аясында да ауқымды жұмыс бар.
– Несиелік тұрғын үй бойынша Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 240 пәтерді құрайтын 4 үйдің құрылысына 2,1 млрд теңге бөлінген. Бұл үйлерді жыл басында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді М.Әлсеріков.
Тұрғын үйді жаңғырту
ауданға да жетті
Тұрғын үйлерді қайта жаңғырту өңірдегі ілкімді істердің қатарында. Әйткенмен, облыс халқы бағдарламаны тиімді пайдаланғанмен, аудан жұртшылығы көнерген баспананы жаңғыртуға ықылас танытпаған еді. Бұл мәселе де оң шешімін тауып келеді. Тұрғындар ұсынысы бойынша енді аудан әкімдіктері облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсыныстарын жеткізіпті. Мәселенің анық-қанығын жеткізген басқарма басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов аудан халқы да бағдарламаның тиімділігін түсінгенін айтты. Сонымен қатар, газдандыру төңірегінде де сүйінші жаңалықтар бар.
– «Шыны зауытынан АГТС-1БГРП-1 және БГРП-2-ГРП-Наурыз, Махамбетов ауылына дейінгі жоғары қысымды 1,2 МПа газ құбырының құрылысы және Махамбет, Наурыз елді мекендерін кварталішілік газдандыру» жобалары бойынша 49,6 млн теңге қаралып, осы күні мердігер мекеме жобаны әзірлеп, мемлекеттік сараптама қарауына ұсынды. Оған қоса Сырдария өзенінің сол жағалауын газдандыру құрылысын аяқтау үшін облыстық бюджеттен 650 млн теңге бөлінді, – деді Е.Жоламанов.
Екі мердігер
лицензиядан қағылды
Сәулет, құрылыс саласын бақылауда да өрелі іс бар. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы М.Молдабаевтың айтуынша, өткен жылы «Береке» және «Проммедконтракт» серіктестіктері лицензиядан қағылған. Ал «Ардақ Құрылыс компаниясы» ЖШС лицензиясының қолданылуы уақытша тоқтатылды. Басқарма тарапынан 364 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 101 нұсқама берілген.
– Заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты 127 әкімшілік іс қозғалды. Жалпы сомасы 19 млн 435 мың теңге айыппұл салынған. Оның 13 млн 460 мың теңгесі өндіріліп, қалған 1 млн 808 мың теңгені мәжбүрлеп өндіру үшін сотқа жөнелттік. Бұл күнде қалған 4 млн теңгеден астамы өндірілу сатысында тұр, – деді М.Молдабаев.
Жолаушы тасымалы
жанданды
Өткен жылдың жағымды жаңалықтарының бірі – «Мәскеу – Қызылорда – Мәскеу» әуе рейсінің ашылуы. «Аэрофлот» компаниясымен аптасына 4 рет қатынайтын бұл рейс талай жанды қуантты. Мұнан бөлек, облыс аумағында жолаушылар тасымалы мен жол мәселесі де шешімін тапқан. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Е.Әбдіхалықовтың айтуынша, аймақтағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық өлшемі 63,5 процентке жеткен.
– Облыс аумағындағы 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 211 автобус маршруты ұйымдастырылған. Онан бөлек, облыс орталығынан Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш және Ақтөбе қалаларына облысаралық автобус маршруты да қолға алынды. Ал «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалы бойынша техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде, – деді басқарма басшысы.
Әскерге барғысы келгенге
кедергі жоқ
Жалпыға бірдей әскери міндетті атқару шеңберіндегі іс-шараларға облыс бойынша 93 365,4 мың теңге бөлінген. Өткен жылдың көктемгі шақырылымында 798 азамат жөнелтілсе, күзгі шақырылымында 866 азамат әскерге аттанды. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы А.Шәменов әскерге барғысы келгенге кедергі жоқ екенін айтты.
– Естеріңізде шығар, 2016 жылға дейін талапқа сай аудандық әскерге шақыру пункттері Сырдария мен Жаңақорған ауданында ғана болды. Ал қазір бұл қатарға Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен қалған бес аудан да қосылды, – деді А.Шәменов.
Дәулет ҚЫРДАН.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |