Ауылға жаңа технология жетеді

 Мені қуантқаны, ауылдағы еңбеккер жастарға баса назар аударыл­ғаны. Жас­тар жылы маңдайы күнге, табаны құмға күйген талай қатарлас­тарымыздың құлшынысын оятпақ. Ауыл жастарының мемлекет қолдауы арқасында фермер, жеке кәсіпкер атану мүмкіндігі ұлғая түсетін болды.
Өзім Жалағаш ауданындағы «Еңбек» серіктестігінде бас агроном қызметін атқарамын. Сондықтан мені қызықтыратын та­қырып та ауыл шаруашылығы. Ел Пре­зиденті бұл ретте біз секілді егін шаруа­шылығын қолға алған елді мекендер үшін автоматтандыру жүйесін қолға алу керегін жеткізді. «Цифрлық Қазақстан» жобасы ая­сындағы мұндай қадамдар – заман талабы. Өндірістің барлығы автоматтандырылып, тетіктер арқылы басқаратын кезең де келіп жетті. Бұл уақытты ұтымды пайдалану мен аз жұмыс күшін қажет етуімен ерекше.
Елбасы бағыт берді, бізге қалғаны тың идеяларды жүзеге асыру. Жастар тарапынан берілген ұсыныс-пікірлер мен тың идеяларға қолдау жасалатынына сенімдімін. Ел болашағы – біздің, жастардың қолында. Мойнымыздағы жауапкершілік жүгі ауыр. Біз соны сезініп, ел мүддесі жолында еселі еңбек етуіміз керек.

Алтынбек ИСАБАЕВ,
делегация мүшесі.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қаңтар 2019 г. 563 0