СЫР ЖАСТАРЫ ИГІ БАСТАМАҒА ҮН ҚОСТЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімін қызылордалық жастар тікелей көрсетілім арқылы тамашалады. Облыс әкімдігінде өткен жиынға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Жас Отан» жастар қанаты, жастар ресурстық орталықтары және бірқатар жастар ұйымы жетекшілері мен өкілдері қатысты. 

Мемлекет басшысының 2019 жылды Жастар жылы ретінде жария­лауы болашаққа деген сенім мен үмітті, сонымен қатар жауапкершілікті еселеп арт­тырғаны сөзсіз. Игі бастаманы сыр­бойылықтар да бірауыздан қуаттап отыр. Тікелей көрсетілім барысында бірқатар ұйым жетекшілері ой-пікірлерін ортаға салды.

Облыстық «Жас Отан» жас­тар қанатының төрағасы Талғат Тілестің айтуынша, атаулы жыл аясында «Жастар жылындағы жетістік» атты ауқымды акция басталды. Акция шарты бойынша әрбір жас әлеуметтік желіге «#JJJ2019» белгісімен өздері бағындырған белес, жеңісі туралы жазба жариялауы тиіс.

– Биыл жастар санатындағы дәрігер ең алғашқы не ең қиын операциясын жасауы, жазушы алғашқы кітабын аяқтауы мүмкін. Ғалым ғылыми жаңалық ашып, егінші рекордтық өнім жинауы мүмкін. Спортшы еліміздің атын әлемге танытуы мүмкін. Акцияның мақсаты – жастарды маңызды жетістіктерге ұмтылдыру. Жеңімпаздар жыл соңында анықталады, – дейді Т.Тілес.

Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясымен бірге жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жұмысшы топ құру, жастар мәселесін талқылау үшін форум, вайнерлер байқауын, жас тарихшылар конференциясын ұйымдастыру жоспарланған.

«Қызылорда – Ақиқат айнасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Уәлихан Тұрарбекұлы 2019 жыл жастар бастамалары зор нәтиже беретін мүмкіндіктер жылы болатынына сенімді.

– Бүгінгі шарадан, мін­берге шығып сөйлеген заман­дас­тарымыздың сөзінен біз дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңа заманғы технологиялардың көме­гімен насихаттауға болатынын білдік. Бұл қоғам қажеттілігі мен сұранысына сәйкес орынды дүние екені сөзсіз, – дейді ол.

Жастар жылының ашылуына байланысты өткен жиынды осы күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен «Болашақ» универсиетінің сту­денттері де онлайн режимде тамашалады.

Назерке Саниязова.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қаңтар 2019 г. 518 0