КӘСІПКЕРЛІК: екінші жыл еншісінен не күтеміз?

Жақында «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын тапсырды.

Бұл облысымыздағы тіршіліктің қантамырына айналған кәсіпкерліктің қарқынды беталысына берілген бірегей баға болды деп білеміз.

Мемлекет басшысының көрсеткен зор қолдауының арқасында және облыс әкімінің тікелей бастамасымен 2018-2021 жылдар «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып белгіленуі де осы саланы дамытуға жан-жақты жағдай жасалып отырғанын көрсетеді.

Осы бағытта облыс көлемінде кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы әзірленді.

Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау үшін облыстың тауар өндірушілерінің каталогы құрылды, дайын бизнес-жобалар бар және өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарында бизнесті бастау туралы практикалық ұсыныстар жарияланып, шалғай елді мекендердегі кәсіпкерлер үшін қашықтан кеңес беру іске қосылды.

Жаңа мүмкіндіктердің арқасында Қызылорда қаласының бизнес климаты жақсара түсіп, шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында оң өзгерістер қалыптасты.

Міне, биыл кәсіпкерлікті қолдаудың екінші жылы келді. Осы аралықта облыстың кәсіпкерлік саласында  нендей өзгеріс, жаңалықтар болды? Әңгіме аужайы осы.

Бұл оқырманды осы жөнінен хабардар ету үшін облыстық Кәсіпкерлер палатасының мәліметтерін пайдаландық және палата директоры Ғалымбек Жақсылықовты әңгімеге ара­ластырдық.

«СТ-KZ»  Швейцарияға дейін барады

Соңғы екі жылда Қызылор­дада экспортқа арналған сертификат алушылардың қатары 40 процентке өскен.

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалым­бек Жақсылықов айтты.

– 2009 жылы елімізде отан­дық тауарөндірушілерді қол­дау мақсатында, өнімнің Қа­зақстаннан шығатындығын көр­сететін, тауардың шығу тегін айқындайтын «CT-KZ» сертификаты қолданысқа енгізілген болатын.

«2014 жылдан бас­тап тауар­дың шығу тегін анық­тайтын сертификатты рәсімдеу және беру шараларын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңір­лік палаталары жүргізіп келеді. Біздің өңірімізден тауарларды экспорттауға арналған сертификат негізінен күрішке, балыққа, ас тұзы мен мазутқа, мұнай мен ванадий кеніне берілуде.

Бір кәсіпкеріміз тіпті 2017 жылдан бастап сафлор майын өндіріп, Қытайға экспорттауда. Көңіл қуантарлығы, соңғы екі жылда экспортқа шығарылатын тауарларға рәсімделген сер­тифи­каттардың көлемі 40 процентке өсіп отыр. Бұл өңірімізде экспорт көлемінің артқандығын көрсетеді.

Мұнан әрі Палата басшысы мына мазмұндағы жаңалық­тарын жеткізді.

Өткен жылдың өзінде Қы­зылорда облысынан экспорт үшін 1065 сертификат, 104 «СТ-КZ» сертификаты берілген. Бүгінде қызылордалық өнімдер ТМД елдерімен бірге, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Латвия, Швейцария елдеріне экспортталады екен.

Палата басшысы өз ақпара­тын «CT-KZ» сертификатының облыста күрішке, тазартылған суға, сүтке, ас тұзына, темір-бетон өнімдеріне, тігін бұйымдары мен жиһаздарға, құрылыс материалдарына, полимер трубаларына, химикаттар мен мұнай құрылғыларына беріліп жатқандығымен де толықтырып өтті.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында халық тұтынатын өнім өндірушілермен бірге, өндірістік мақсаттағы тауарөндірушілер, яғни аймақ нарығы ерлер киімін тігетін, қап шығаратын, құрылысқа арналған әктас, машина-құрылыс саласы мен химиялық өндіріс өнімдерін шығарушылар қатарымен толығуда. 

Директордың айтуынша, «Бастау» жобасы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты болып табылады.

Жобаның негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарды кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына  оқытуға, сондай-ақ олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған. Жобаға халықты жұмыспен қамту орталықтарында тір­кел­ген-тіркелмегеніне қарамастан, жұмыссыздар, кәсіпкерлік әлеуеті бар және ауылдық елді мекендер мен аудан ор­талықтарында тұратын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтар қатыса алады.

Ғалымбек Жақсылықов «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту тестілеуден, бизнес-менторлық қағидаты бойынша топтарда практикалық оқу және дербес консультация беруден, бизнес-жобаны қорғауға (презентацияға) дайындықтан, 12 айға дейінгі мерзімде бизнес-жобаны іске асыруды сүйемелдеуден тұратындығын да түсіндіре кетті.

Өткен жылы облыс бойынша 1600 азамат аталған жоба аясында оқып шыққан. 

«Жоспар бойынша оқы­тыл­ған азаматтардың ішінде кемінде 20 проценті немесе 320 азаматтың жобасы қаржы­ландырылуы қажет болатын. Біз бұл жоспарды артығымен орындап, жыл соңына дейін облыстағы 355 жұмыссыз азамат кәсіпкер атанды. Олардың жобасын қаржыландыруға әр түрлі көздерден 697,5 млн теңге тартылды. Атап айтқанда, жалпы құны 674,4 млн теңгені құрайтын 280 жоба қаржы институттары арқылы несиелендірілсе, қалған 75 жобаның иесі 23,1 млн теңгені инновациялық жобаларға арналған грантта жеңіп алды», – деді Палата басшысы.

Әңгіме барысында біз 2018 жылы қаржыландырылып үлгер­меген жобаларды сүйемелдеу шаралары осы жылы да жалғасын табатындығын білдік.  

 Алма, күріш және

субсидия мен

гербицид

Қызылордада Қазақстан фермерлер одағының  конференциясы өткен еді.

Оған Қазақстан фермерлер одағы басқарма төрағасының орынбасары Жақып Өмірзақов, ҚР Ауыл шарушылығы ми­нистр­лігінің өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған Кә­сіп­керлер палатасы Агроөнер­кә­сіптік кешен бөлімінің басшысы Жас­ұлан Серіков Палата және өңірдегі ауыл шаруашылығы са­­ласындағы кә­сіпкерлер аты­­нан өзекті мәселелерді ор­таға салды. Ол Ауыл шаруа­­шылығы министрлігі қол­да­­нысқа енгізген мамандандыру схемасының жергілікті кәсіп­керлердің құқығын шектеп отырғандығы жайлы айтты.

«Ауыл шаруашылығы ми­­­нистрінің 2014 жылғы бұй­рығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы өнімінің нақты түрлерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін оң­тай­лы пайдалану бойынша өңір­лерді мамандандырудың ұсы­нылатын схемасының» биыл­ғы жылдан бастап біздің облы­­сымыздағы кәсіпкерлерге зияны тигелі отыр. Себебі «2019 жылдың қаңтар айынан бастап субсидияларды беруде осы мамандандыру схемасы бас­шылыққа алынсын» деп көрсетілген.

Бір ғана мысал келтірейін, бүгінде Шиелі, Жаңақорған ау­дандарының тұрғындары алма өсірумен айналысуда. Алайда мамандандыру схемасында біздің облыс аудандарының еш­қай­сысы да алма бағын өсіру бойынша басым бағыттар қатарында көрсетілмеген. Яғни, бұл бағытта іс бастап жүр­ген азаматтар субсидияға қол жеткізе алмайды деген сөз. Мәселен, Түркістанның кә­сіп­керлері алма еккені үшін субсидия алатын болса, ауыл аралас жат­қан  аудандардың азаматтары бұл қолдаудан қағажу қа­лып отыр. Біз министрліктен кәсіпкерлерге тең жағдай жасап, бұл тармақты алып тастауын сұрадық», – деді Жасұлан Серіков.

 Сонымен бірге ол мына бір мәселені де қозғады. Қазір аталған мамандандыру схемасын «ҚазАгро» АҚ ҰБХ-ның еншілес ұйымдары басшылыққа алып жұмыс жасайтындығын жеткізді. Осы мамандандыру схемасында сүт бағы­тындағы сиырлар біздің облысымыз үшін басым бағыттар қатарында жоқ екен. Егер облыстан бір азамат сүт бағытындағы сиырларды өсіру үшін іс бастап несие алғысы келсе, «ҚазАгро» несиелендіре алмайды.

Сондай-ақ, Жасұлан Серіков егін шаруашылығымен байланысты тағы бір мәселе көтерді.  2019 жылдан бастап жаңа ережеге сәйкес барлық егін алқаптары белгілі бір гербицид немесе тыңайтқыштар себетін кезде агро-химиялық талдау жасауға міндеттелген. Бұған дейін егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер жерге қанша тыңайтқыш себетінін өзі анықтайтын. Ал жаңа ереже бойынша кәсіпкер бірінші ақылы түрде агро-химиялық талдау жасатып алуы керек, сол талдау нәтижесі қанша гербицид немесе тыңайтқыш себуді көрсетеді, соны жасауға мәжбүр болмақ. Егер одан артық себілетін болса, онда субсидия төленбейтін болады. Яғни, өз жерінің жағдайын жақсы білетін шаруа енді өзге меке­менің агро-химиялық тал­дауының нәтижесіне тәуелді болып қалғалы отыр. 

Палатаның бөлім бастығы бұл туралы мәселенің ми­нистрлік тарапынан оң шешім табатынына барлық шаруа­лардың сенім артып отырғанын айрықша атап өтті. 

Талқылауда көтерілген ең маңызды мәселе – күрішті тасымалдау кезіндегі қиындық. Қызылорда облысы күріш экспорты арқылы ел экономикасына айтарлықтай үлес қосып отырған өңір. Дегенмен, күріш егумен айналысатын шаруаларға жыл сайын қолбайлау болатын бір мәселе бар, ол – өнімді экспорттау кезеңінде «Қазақстан темір жолы» АҚ тарапынан вагондардың жетіспеушілігі.

Бұл туралы Палата қызметкері «Біз мына жайт­ты ескеруіміз қажет, күріш­шілер өнімдерін алатын серік­тестерімен алдын ала келісім жасап, міндеттенеді. Өнімді мерзімінде жеткізе алмаса айыппұл төлейді. Кәсіпкерлер тұтынушы-серіктестерін жо­ғалтып алмау үшін вагондар болмаған кезде бірнеше есе шығынмен, өнімдерін көлікпен жіберуге мәжбүр болады. Бұл мәселе шаруалар тарапынан тұрақты көтерілгенмен, әзірге шешімін тапқан жоқ» – деді.    

Жиында көтерілген мәсе­лелердің барлығы хатталып, ақпан айында өткізілетін Қазақстан фермерлер одағының республикалық отырысында Қызылорда облысының атынан айтылатын болып уағда етілді.

«Бизнес-кеңесшіні» оқығандарға –

1 миллиард теңге

Облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бизнес-мектеп» құрылымы – іспен айналыссам деген азаматтар үшін сұранысқа ие жобалардың бірі.

Бұл туралы Палата басшысы Ғалымбек Жақсылықов: «Біздің мамандар оқытып қана қоймай, жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп келеді. 2017 жылы «Бизнес-кеңесші» оқу курсын оқыған 1555 азаматтың ішінде жалпы сомасы 271,8 млн теңгені құрайтын 76 адамның жобасы шағын қаржы ұйымдары арқылы қаржыландырылса, өткен жылы біз сапаға басымдық бердік. Атап айтқанда, 1347 адамды кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыттық. Бүгінгі күнге дейін олардың ішінде 412-сі өз жобаларына әртүрлі қаржы көздерінен 1 млрд теңге алып, кәсібін бастап кетті, – дейді.

Мұнан өзге, өткен жылы «Бизнес өсу» жобасы аясында – 136, «Тәлімгерлік оқыту» бойынша 65 адам білімін жетілдірген.

Сондай-ақ, алғаш рет «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында Қазақстан-Британ техникалық университетінің тәлімгерлері Қызылордаға ке­ліп, облыс бойынша 35 азаматты оқытқан. Ал, «Аға сеньорлар» жобасы аясында өңірімізге Түркия елінен 7 сарапшы келіп, жергілікті кәсіпкерлерге өз тәжірибелерін үйреткен. Олар Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында болып, мектепке дейінгі білім беру, кондитер және нау­байхана, емдеу-сауықтыру шипажайының асхана сервисін жетілдіру, балық өңдеу саласы бойынша кәсіпкерлерді бизнесін жүргізудің қыр-сырына қанықтырып, тегін қызмет көрсеткен.

Оқырманға түсінікті болуы үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясындағы «Бизнес-мектеп» құрылымына енетін жобалар туралы қысқаша ақпарат берейік:

«Бизнес-кеңесші» – бастамашыл азаматтар мен кәсіп­керлерге кәсіпкерлікті жүргізуге негізделген қысқа мерзімді оқыту курсы.

«Бизнес-өсім» – жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлерге биз­не­сінің тиімділігін арттыру мен дамытуға арналған оқыту курсы.

«Тәлімгерлік қағидасы» – монақалалар, шағын қалалар мен аудан орталықтарында тәлімгерлік қағидасын негізге ала отырып, кәсіпкерлер үшін жобалық оқыту.

Міне, бұл облысымызда кәсіпкерлік саласына көрсетіліп отырған атап айтарлық қамқорлық. Ал, ісін жолға қойған кәсіпкер халқымыздың әл-ауқатын арттыруға айрықша үлес қоса алатыны анық. 

 

***

Біз айтып отырған әңгі­ме өзегі  «не өзгеріс, не жаңа­лықтар болды?» деген әуелгі сұрағымыздың әлеуетті жауабын қамти алмағанымен, Кә­сіпкерлер палатасы төңіре­гін­де атқарылып жатқан игі іс­тердің беталысын бір мегзеп өтті.

Бүгінгі қоғамның қан­та­мырына айналған кәсіпкерлік са­ласындағы тынымсыз жүр­гі­зіліп отырған жұмыс­тардың бәрін аз сөзбен түгендеудің өзі мүмкін емес.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қаңтар 2019 г. 432 0