« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Біздің ауыл Сырдың бойынан он-он бес шақырым жерде орналасқан. Бұрынғы атауы Карл Маркс еді, тәуелсіздік алғаннан кейін Бекарыстан би аты берілді. Бекарыстан Асанның атақты биі Нұрбайдың немересі, заманында өзі де ағайын арасындағы дау-шарды әділ шешкен. Жанқожа, Ақтан батырмен үзеңгілес өмір кешіп, қарауындағы Әлім баласына қамқор болған батыр баба атының ауылға берілуі көпті қуантқаны есімде. Түтін саны бес жүзге жетеқабыл ауыл тұрғындарының кәсібі – күріш егіп, тары салатын. Балаларға бір мезгіл ермек болсын дей ме, қауын-қарбызды мол егетін. Берекелі еді.
Ауыл ортасын бойлай өтетін ені тар, бірақ түбі терең канал бар. Сол кезде жаздай құтырынып, өрекпіп ағып жататын бұл жарықтық қыста да сабасына түсе қоймайды. Ауыл адамдары «Қара арық» деп атайтын кішігірім арықтың бүгінде арыны басылғанмен, жарлауыт жағасы сыңсыған тал-дарақ. Оған ешкім қол тигізбейді. Жүгірген бала мен мал оқыстан түсіп кетпеуіне кедергі дегендегісі. Онысы дұрыс та шығар, әйтеуір қыздың жасауындай боп өзенге сән беріп тұрады.
Ауылдың ата кәсібі – малдан бөлек, диқаншылық екенін айтып өттік. «Қара арық» сол егіншіге ең қажеттісі. Бұл арықты Қали ақсақал бастаған ауыл адамдары кетпенмен қазғаны да рас. Өзен жағаласа, өзегі талмайтынын мұндағы жұрт жақсы біледі. Ал «Қара арықтың» суы бүкіл ауылдың бақшасына жетіп жатыр. Ауылдан асып, көрші Жаңақұрылыс халқы да осы арықтың суына тарысын суаратын.
Елдегі бау баптап, егін еккеннің еңбегі қашанда бағалы. Бекарыстан бидің қай тұрғыны болсын, есік алдына жоқ дегенде атыздап жуа мен сәбіздің тұқымын сеуіп, қияр мен қызанағын қарықтап отырғызады. Ал гектарлап қауын мен қарбыз тұқымын жерге молынан төгетіндер тіпті көп. Жеткерген, Төребай мен Байғали атты ауыл адамдары егіншілікті отбасымен игерген. Содан болар, ауыл төңірегінде тал отырғызып, бақша салған азаматтардың есімімен аталатын жерлер өте көп. Жаңаберген талы, Шал көпір, Жалғас, Дали, Жаңбыршы, Зәңгір бақшасы, Бақтың әремі, Дәндібай тал, Диін бағы... осылай жалғаса береді. Бұлардың барлығы кезінде зейнетке шығып, болдым-толдым демей, балалары мен немерелеріне бас болып, осылай қара жердің несібесін емген ақсақалдардың есімі.
Ішіндегі ең көріктісі Жаңаберген талы мен Диін бағы. Ауыл мұғалімі Жаңаберген Ұйқасов бағбандықты да шебер игерген. Қазір бақилық болған ағайдың ауылға шағын орман сыйлап кеткен еңбегін айтпай кетуге де болмас. Ал Диін бағы ше? Сексеннің бел ортасына жақындаған Диін ақсақал өзі күтіп-баптаған алма бақтың күйін әлі күйттеп келеді.
1989 жылы «ауылға алма бақ керек» деген игі бастамаға себеп болған сол кездегі директор Нұрмахан Айтжанов, Ерғали Шәметов, Қали Мәкенов сынды ел ағаларының қолдауымен осы жеміс талын өсіруді қолға алғанға ұқсайды. Жер жағдайын білетін, тал-шыбықтың тылсымын ұғатын Диін ақсақалға осы құрылған арнайы алма баққа бөлінген жер учаскесі тапсырылып, міндет етіп жүктеледі.
– Сол кездегі әкеме тапсырылған, бүгінде тұтастай алма баққа айналған орын қалың жыңғыл мен шеңгел аралас жабайы жер болатын. Арасында елдің ұсақ малынан бастап, ірі қарасына дейін осы қалыңда жататын. Бала болсам да, әкейге көмектесе жүріп, қоршауға алып, алма, алмұрт, жиде талын отырғызуды бастап кеттік. Жыңғыл мен барқынды түбімен аударып, көп бейнетпен жерді аршып, жұмыс істедік. Бүгінде ауылдық әкімдікке қарасты осы бақты күтіп-баптау әкемнен кейін маған жүктеліп, алма мен алмұрт сорттарын жаңалау жоспарда тұр. Сонымен бірге биыл өрік пен жүзім шыбығын отырғызамыз, – дейді Диін ақсақалдың ұлы Оңталап.
30 жыл болған Диін бағында Оралдан арнайы алдырған алма сорттары бірден жергілікті топыраққа сіңіскен. Бүгінде бақта 135 түп алма, 20 түп алмұрт пен бұхар жидесі бар. Суыққа төзімді, күздік «Сібір» алмасы, «Ранетка» атты майда түрі және шығыс алмасының сорты да осында. Бақты қоршай отырғызған ақ терек, жазда жағалай өсіп, сәнін айрықша келтіреді.
Жылда, күз мезгілінде ауыл басшылары ауыл тұрғындарына арзан бағада өткізіп, бекарыстанбиліктер осы жемістен түрлі тосап пен компот дайындайды. Қасиетті қара жердің төсінен нәпақасын тапқан бағбан қарттың балдай алмасы барлық ауыл адамына жетіп тұр. Шынымен бұрын мал бағып қана көсегесі көгерген ауыл қазағының ендігі жерде бау-бақшасы да жайқалып өсіп, мол өнім беретін көкөністері өзге диқан халықтан еш кем емесін Бекарыстан биге барған адам білер.
Табиғат-Ананың төсінде маңдайынан тері сорғалап еңбек етіп жүрген жандарды көру де бір ғанибет. Осындайда алаңсыз балалық шақ өткен туған ауылың бұрынғыдан да ыстық көрініп, бұрынғыдан да сағына түсесің...
Ержан ҚОЖАСОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |