Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Жалпы, мамандар тапшылығын азайту 2016 жылдан бастап қолға алынған. Сол жылдан бастап облыс әкімінің гранты негізінде 42 резидент еліміздің 5 жоғары оқу орындарында даярлануда. Ағымдағы жылдан бастап олар оқуларын бітіріп келмекші.
– 2019 жылы – 16 дәрігер, 2020 жылы – 15 дәрігер, 2021 жылы – 10 дәрігер, 2022 жылы – 1 дәрігер резидентураны бітіріп өңірімізге келеді деп күтілуде. Одан бөлек, ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 30 жалпы тәжірибелік дәрігерлерді даярлауға облыс әкімінің арнайы гранты бөлініп, аймақтық саланы дәрігерлермен қамтуға мүмкіндік жасалып отыр. Сонымен қатар, еліміздегі жетекші, іргелес орналасқан жоғары медициналық оқу орындарымен: Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетімен, Қазақ Ұлттық медицина мен Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университтерімен екіжақты Меморандумға қол қойылып, мамандарды даярлау, олардың біліктіліктерін көтеру мақсатында жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова.
Өткен жылы дәрігер мамандардың біліктілігін арттыру үшін жергілікті бюджеттен 128 041,0 мың теңге қаражат бөлініп, 767 маман білімін жетілдірсе, 720 дәрігер – шеберлік сыныптарында біліктіліктерін арттырды. Мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, оның ішінде олардың шеберліктерін жақын және алыс шетелде шыңдауға зор көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен Корея мемлекетінде 7 маман біліктіліктерін арттырса, Қазан қаласында (Татарстан Республикасы, Ресей) 157 маман білімдерін көтерді.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметі