Арал ауданының Сазды ауылдық округінде медициналық бекет салынып, жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Ел игілігіне берілген медициналық пунктің ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындардың ортақ қуанышен бөлісіп, ақ халатты абзал жандардың ісіне сәттілік тіледі.
Бұрын дәрігерлік көмек түрлері ескі ғимаратта көрсетіліп келсе, енді ауыл тұрғындары қажетті ем-домдарын жаңа медициналық бекеттен қабылдайтын болады.
Жаңа нысанның ашылуында ауыл ақсақалдары да сөз алып, ризашылықтарын жеткізді.
Елбасы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауында елімізде, әсіресе, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуын басты міндет етіп келеді.
Өткен жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Ақирек, Тастақ елді мекендерінде медициналық бекет, Жаңақұрылыс ауылдық округінде фельдшерлік–акушерлік пункт, Бекбауыл ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.