НАУРЫЗҚОЖАНЫҢ «НАЙЗАСЫ»

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті» тарауында жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғаны жайлы айтылған.

Қамбар ата тұқымының қазақ үшін қадірі бөлек. Боз үйінің белдеуінде ат байланып тұрмаса, ішкен асы бойына сіңбейтін бағзы бабаларымыз «Адам жылқы мінездес» деген сөз қалдырыпты. Ұлттық ойындарымыздың көпшілігі де осы түлік түріне байланысты. Соның бірі – көкпар.  Көкпар – көшпенділердің байырғы заманнан бері келе жатқан ғұрыптық-жауынгерлік ойын өнері. Бабаларымыз ұлттық ойын түрлерін жетілдіру ар­қылы әскери-жауынгерлік да­йын­­дыққа мән берген. Көк­пар­дың түпкі шығу тарихы осыны меңзейді.

Қазақтың қай баласы болсын, «көкпар», «бәйге» десе, делебесі қозып, атойлап шы­ғатыны бесенеден белгілі. Атқа құмарлық қанында бар қазақ үшін мереке саналады. Соңғы кездері облыстың ұлттық ат спорты өз деңгейінде дамып келеді. Сыр бойының намысын қорғайтын құрама сапында  Жаңақорған ауданының жастары басым. Бұл өңірдің аттары мен спортшылары талай додада топ жарып жүр. Солардың бірі  – Сыр өңірінің  «Үздік шабандозы» номинациясының иегері Наурызқожа Әмзеев. Ол өткен жылы ұлттық құрамаға «Найзасымен» енді.

Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батыл­дығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалып­тас­тырады. Қысқасы, көк­пар­ды жігіттің төресі тартады. Бүгінде елімізде жастардың ұлттық спорт түріне деген қы­зығушылығы ба­сым.  Нау­рыз­­қо­жа да ба­ла күні­нен ат­қа мініп, ал­дың­ғы буын аға­­ларына ерді. Кейін өзі де ат­тың бабын тауып, жас­өспі­рімдер арасындағы көкпар ойынына қатысады. Баланың ептілігін байқаған облыстың ат спор­тының жаттықтырушысы Ис­ламхан Боранбаев оны  құра­­маға шақырды.  2013 жылы Қарағанды облысында жасөспірімдер арасында өт­кен ҚР чемпионатына қа­тысты. Келер жылы чемпионат Жаңақорған ауданында өтіп, онда аудан құрамасы күміс жүлдені иемденеді. Нау­рызқожа осы додада атың епті болса, нәтижелі болатынына көз жеткізді. 2014 жылы жергілікті тұрғыннан «Найзаны» сатып алады. Асауға бас білдіру, үйрету жас балаға оңай болған жоқ. Бірақ епті жігіт тұлпардың тілін тапты. Күнделікті жаттығу жасап, біраз жетілдіріп, көкпар тактикасын үйретті. Қазақстан чемпионаттарына қатысып, жүл­делі орын иемденді.

Бүгінде  «Найза» талай до­­дада топ жарып, тамаша ойын өрнегін көрсетіп келеді. Наурыз­қожаның айтуынша, бірде Талдықорған қаласында көкпар ойыны өте тартысты өтіпті. Сонда шабандоздың «Най­засына» Шығыс Қазақстан облы­­сының үш бірдей сәйгүлігі қарсы шыққан. Осы додада Наурызқожа қазандыққа үш мәрте салым салды. Бабы басым «Найза» осылайша аза­мат­тың бағын үстем етті.

Әңгіме барысында Наурыз­қожа көкпар атының негізгі ерекшелігі туралы айтты. Бұл белгілер «Найзаның» бойында бар. Оның дене тұрқы жуан, тұяғы берік. Сонымен бірге «Найза» өте ақылды жануар. Иесінің әрбір қимылын түсініп, соған қарай әрекет етеді.

2015 жылы Орал қаласында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауым­дастығы көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ спорт түрлерінен өткен жас­тар арасындағы ҚР чемпионаты өтті. Осы жарыста Найза «Үздік шабылдаушы ат» номинациясын жеңіп алады.

Көкпаршы жігіттің жат­тық­­тырушысы И.Боранбаев «Най­заның» жекпе-жекке әб­ден төселгенін, мықтылығын ерекше суреттеді. Ол Нау­рыз­қожадан басқа адамға бағын­байды, тек егесінің айтқан тапсырмасын орындайды екен.

Сара АДАЙБАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қаңтар 2019 г. 769 0