ТЫҢ ЖОБАЛАРҒА ЖАҢА СЕРПІНМЕН

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты аймақта арнайы орталық құрылып, қазақтың тарихи атауын қайтарған Қазақ атқаруы комитетінің сызбасы негізінде салынған ғимарат пайдалануға берілді. Ғимараттың ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова қатысты. Бағдарлама аясында алты негізгі бағыт және алты арнайы жоба жүзеге асырылуда.

Қызылорда облысында аталған алты арнайы жобалар бойынша 185-тен аса ауқымдық шаралар өткізілді. Солардың бірқатарына арнайы тоқтала кеткенді жөн санаймыз. 

«Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі» жоба аясында  эксперттік қауымдастықтың, тілші-ғалымдардың қатысуымен өңірімізде
457 түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылды2018 жылдың 14 қараша күні республика бойынша жалпыхалықтық диктант жазылған болатын. Бір мезетте аудиожазбаны тыңдау арқылы жазылған диктантқа Қызылорда облысынан 125 096 адам қатысты.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы мен аударма бюросы алқа мүшелерінің өңірдің зиялы қауым өкілдерімен, мемлекеттік қызметкерлер және кәсіпкерлермен, БАҚ өкілдерімен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында арнайы жоба аясында қазақ тіліне аударылған алғашқы 18 кітап таныстырылды.

 «Туған жер» арнайы жобасы аясында туған жерді көркейту, туған өлкені дамыту ісіне өңіріміздегі кәсіпкерлерді, демеуші азаматтар мен жастарды тарту, қолдау жұмыстары белсенді ұйымдастырылып, жүргізілді.

Нәтижесінде жыл басынан бері меценаттар есебінен өңірімізде білім, мәдениет ұйымдарының ғимараттарын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, балаларға ойын алаңдарын салып, аллеялар мен скверлер ашуға меценаттар есебінен 13,2 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Барлығы облыс бойынша 21 нысан салынып, 20 нысан қайта жөндеуден өтті.

Өңірімізде 6 спорт кешені мен спорт алаңдары ашылды. Ақмая, Төңкеріс, Еңбекші, Аманөткел ауылдарыдағы жасөспірімдерді салауатты өмір салтын жүргізуге жетелейтін бұл нысандар бәсеке қабілетті ұлт тәрбиелеуді мақсат етеді.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша Өңірлік маңызы бар киелі жерлерді туристік орталыққа айналдыру мақсатында олардың инфрақұрылымын жетілдіру бойынша жалпы ұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген Сығанақ қалашығы қоршалып,  қалашыққа дейінгі жол жөнделіп, Сығанақ қалашығының кезеңі бейнеленген стела бой көтерді. Қорғау тақтасы жаңартылып, ақпараттық стенд және QR-код орнатылды.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруға байланысты балалар туризмін дамыту мақсатында 20-ға жуық тарихи-танымдық экскурсиялар жүргізіліп, 400-ден аса мектеп оқушылары қамтылды. Сонымен қатар, «Қызылорда  облысының тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3 D форматтағы интерактивті картасын әзірлеу» жобасы жүзеге асырылып, жалпы ұлттық және өңірлік қасиетті ныснадра енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3 D форматтағы интерактивті картасы дайындалып, 150 ескерткішке QR-код тақтайшалары орнатылды.

«Өлкетану» базалық бағыты бойынша мектеп туризмін дамыту мақсатында оқушы балалар мен жасөспірімдерді өңіріміздің және басқада өнірлердің киелі орындары мен археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ежелгі қалашықтарға, музейлерге сапарлары ұйымдастырылды. 2018 жылы қазіргі уақытқа дейін ұйымдастырылған экскурсиялық сапарларға 1500-ден астам оқушы қамтылды.

«Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында Сыр бойы өнері мен мәдениетін алыс-жақын шетелдерге таныстыру, насихаттау бағытында филармонияның өнер ұжымы Ресей Федерациясының Орынбор қаласы және «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Ұлыбританияның  Лондон қаласында өткен Наурыз мерекесінде өнер көрсетті.

Сондай-ақ, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры ұжымы әлем бойынша театр өнеріндегі ең ірі шара Шотландияның Эдинбург қаласында (Шотландия) өткен «Фриндж» халықаралық фестиваліне қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» спектаклімен қатысты.

2018 жылдың 26 қараша - 1 желтоқсан күндері Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луисте өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің 13-үкіметаралық отырысында нәтижесінде Қорқыт ата мұралары мақұлданып, «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасына өңірімізден ұсынылған қатысушылармен өңірдегі студент жастардың, оқушылардың «Тұлғатану» тақырыбында кездесулері ұйымдастырылды. Жобаға қатысушылар мен жоба жеңімпаздарын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында республикалық және жергілікті БАҚ арқылы кең ауқымды ақпараттық-насихаттық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, газеттерде бағдарлама аясында арнайы айдарлар ашылды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа мазмұнмен байытып, тың жобаларды жүзеге асыруды міндеттеп отыр. Осы орайда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы бірқатар жаңа жобалар қолға алмақ. Атап айтар болсақ,  үш тілде «Қорқыттың даналық сөздері»,  «Сыр бойының сакральды ескерткіштері: мифтер, хикаяттар, аңыздар» жинағы, «Алаш қайраткерлерінің Ақмешіт-Қызылорда кезеңі», «Қорқыт ата кітабы» бірнеше нұсқалар бойынша қайта аударылып, жарыққа шығады. Аталған еңбектердің барлығы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобалары аясында орындалады.

Орталық ғалымдары Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстанға арнайы сапармен барып, мемлекеттік мұрағаттарда сақталған қазақ тарихына қатысты құжаттарды жинап қайтуды жоспарлауда. Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға байланысты тапсырмаларын орындауда бұл жобаның да маңызы зор деп білеміз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы жұмыстарымыз ұлттық бірегейлікті сақтауға, бәсекелік қабілетті арттыруға, ашық сананы қалыптастыруға, білімнің салтанат құруына, прагматизмге, эволюциялық дамуға негізделуі тиіс. Осы орайда қоғамды прагматизмді дәріптейтін жобаларды қолға алу аса қажет. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы өткен жылы аймақтың ардагерлер кеңесі, саяси партиялар жетекшілері мен үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесіп, прагматизмге байланысты өткір мәселелерді ортаға салған болатын. Пікір алмасу нәтижесінде «Тал бесіктен жер бесікке дейін...» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жоба аясында ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттай отырып, бүгінгі уақыт талабына сәйкес келетін дәстүрлерді жаңғыртуды қолға алмақпыз. Сондай-ақ, қазіргі той өткізу дәстүріне де прагматикалық көзқараспен қарағанымыз жөн.

Бағдарламаның негізгі принциптерінің бірі – сананың ашықтығы, бәсекелік қабілет. Біз жастардың қоғамды өзгертудегі мүмкіндіктерін пайдалана отырып, әлеуметтік мәселелердің шешуге, белсенді азаматтардың қатарын арттыруға, танымал тұлғалардың жетістік жолын кеңінен танытуға байланысты әртүрлі тақырыпта Ted Talks форматында кездесулер өткіземіз. Жастар жылы аясындағы мұндай кездесулер көпшілікке тың серпін береді деген сенімдеміз.

Нұрлыбек Мыңжас,

облыстық «Рухани жаңғыру» 

орталығының директоры

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қаңтар 2019 г. 791 0