« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жеңіл өнеркәсіп туралы айтқанда, Кеңес Одағы кезіндегі Қызылорданың аяқ киім, тоқылмайтын маталар фабрикаларын еске алып, ностальгияға берілетініміз бар. Одан келіп экономикадағы аса маңызды саланы дамытқан АҚШ, Италия, Қытай, Түркия сияқты елдердің, тіпті іргедегі Қырғызстан мен Өзбекстанның табыстарына қызығамыз. Өткенге өкініп, өзгеге қызыққаннан ештеңе өнбейтіні белгілі.
Жаңа жылдың алдында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбаты барысында Елбасы жеңіл өнеркәсіпті, әсіресе әйелдер киімін, аяқ киім тігу өндірісін өркендету туралы тапсырма берді. Бұл көп жұмыс қолын қажет ететін сала болғандықтан, жұмыссыздықпен күресте де тиімділігі зор.
Біздің өңірде жеңіл өнеркәсіпті қолға алып, нәтижелі еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерге облыс әкімдігінің бастамасымен, кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен тәжірибе алмасу мақсатында тур ұйымдастырылған еді. Жобаның алғашқы туры Стамбул қаласынан басталды. Өйткені жеңіл өнеркәсіп тоқсаныншы жылдардан бері Түркия экономикасының негізгі тірегіне айналды. Киім-кешек, мата, трикотаж, тоқыма, кілем, үйге қажетті бұйымдар экспорты жөнінен әлемдегі озық позицияға орныққан.
Бұған дейін кәсіпкерлер палатасының алаңында қолөнершілер, тігін цехтарының иелері, дизайнерлер жиналып, облыста жеңіл өнеркәсіппен айналысушылардың басын біріктіретін ассоциация құруды талқылаған еді. «Dalatex» компаниясының басшысы Ділмұхамед Абызовтың айтуынша, тек облыста емес бүкіл елімізде жеңіл өнеркәсіптің еңсесі көтерілмей тұр. Көбінесе арнаулы киімдер тігу ісі жолға қойылған. Әріге бармай-ақ, бір отбасы жылына мыңдаған теңгені киімге жұмсайды деп алғанның өзінде қыруар қаржы шығады. Мәселе – сол қаражаттың қайда шығып жатқанында. Елімізге киім-кешектің 80 проценті Түркия, Қытай, Қырғызстан, Италия және Өзбекстаннан тасымалданады. Отандық жеңіл өнеркәсіптің қадамына тұсау салып отырған осы – шетелдік тауарларға, импортқа тәуелділік.
– Өзіміздің аймақты айтатын болсақ, тек жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасына 1,5 миллиард теңгедей қаржы жұмсалады екен. Оның ауқымды бөлігі Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия асады. Мәселен, жергілікті жеңіл өнеркәсіпшілер бір алаңда бас қосып, мектеп формасын тігуге толық мүмкіндігіміз бар. Оған не кедергі? Тұтынушылардың отандық өнімді сатып алуға деген ынтасы, жанашырлық жетіспейді. Мемлекеттік сатып алу заңының негізгі принципі де осы отандық өнімді қолдауға бағытталған емес пе? Жақында аталған заңға тауар өндірушінің атын нақты көрсету туралы өзгеріс енгізілді, – дейді кәсіпкер.
Ашық нарыққа еркін енген соң, сапа да жоғарылайды. Д.Абызовтың айтуынша, қызылордалық жеңіл өнеркәсіпшілердің күші сұраныстың барлығын өтеуге жетпеуі мүмкін. Ең құрығында 15-20 процентін игеру, бәсекелестік алаңына кіру жоспары бар. Жұмысты мектеп формасынан бастап, кейін ауруханалардың жабдықтарын, формаларды тігуді қолға алуға ынталы.
Түркияның жеңіл өнеркәсіпті дамытудағы тәжірибесі қандай? Мысалы, аяқкиімді алайық, оның дизайнын бір маман жасайды, табанын бір кәсіпкер тігеді, былғарыны бір кәсіпкер дайындайды, енді бір цехта осылардың барлығы қосылып, тігіліп, желімделіп жатады. Жейде де солай. Тігетін цех бөлек, жағасын ыстық пресспен жапсыратын қалып цехы бөлек. Бізде де жоғарыда айтқан мектеп формасын бір тігін цехы шалбарын, екіншісі пиджак тігетіндей етіп ұйымдастыруға не кедергі?
– Әріптестеріммен бірге «Ercon textile» атты костюм-шалбар, пальто, т.б тауарлар тігетін компанияда болдық. Фабрика ең соңғы үлгідегі европалық құрылғылармен жабдықталған. Күніне 1000 костюм тігеді. Сондай-ақ, аптасына 2500 жұп аяқкиім тігетін «Arta shoes» фабрикасымен таныстық, – дейді ол.
Бізде Кеңес заманынан қалған өнімді завод, фабрикалар ғана өндіреді деген түсінік бар. Түркияда киім-кешек өндірісі айналасы 3 бөлмелі пәтердің көлеміндей шағын аумақта дамып жатыр. Әрі кетсе, 60 шаршы метрлік дүкен, ар жағындағы цехта киім тігілуде.
Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатованың айтуынша, тур барысында қызылордалық кәсіпкерлер Түркиядағы халық тұтынатын, көпшілік қолданатын киім, шұлық, аяқ киім шығаратын фабрикаларына барып, жұмыстарымен танысты. Отандық өндірісті қолдаудың тетіктері тегеурінді түрде іске қосылса, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға әбден болады. Бізде он шақты мұнай компаниясы бар. Олардың қысқы, күздік арнаулы киімдерін тігуге сыртқа тапсырыс беріледі. Ассоциация осы кәсіптің айналасында жүрген азаматтардың басын біріктірсе, көп мәселе шешіледі деп ойлаймын.
«Қолөнер» ұлттық нақыш орталығының басшысы Аида Керімқұлованың күнделікті киюге арналған заманауи ұлттық киім тігу ісін өркендетуде өзіндік жобалары бар болғандықтан, Түркия тәжірибесінен үйренгені мол. Қазір «Арай сити молл» сауда үйі мен «Сұлтан плаза» қонақ үйінен ашылған нүктелерде орталық шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар сатылуда.
– Біздің асыл қазынамыз – ұлттық бұйымдарымыздың жасалу жолын, сырын атадан балаға мирас етіп қалдырсақ, кәсіпті отбасылық бизнеске ұластырсақ деген ойымыз бар. Осыдан біршама уақыт бұрын коңсымыз өзбек халқының чеканка жасау дәстүрін меңгерген отбасының кәсібімен таныстым. Жұмыс барысын отбасының үлкендері бақылап тұр. Жастарына үйретуде, яғни бұл отбасының чеканка жасаудағы өзіндік құпиясын ешкім білмейді. Осылайша ұрпағына үйретіп, өмірлік нанын табатын кәсібіне айналдырған, – дейді ол.
Әрине, жеңіл өнеркәсіптің бүгінгі күйі ұйымдастырушылық пен жанашырлықсыз оңалмайды. Үлкен жол алғашқы қадамнан басталатынын ескерсек, кәсіпкерлердің бірігу идеясы – баянды тірліктің бастамасы секілді. Кім біледі «Made in Kyzylorda» бренді қалыптасатын күн де алыс емес шығар?!
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |