Жаңақорған ауданында шаңырақ көтерген Нұркен мен Айнұр Жаназаровтар өздерінің үйлену тойында кортежге қаржы жұмсамай, қайырымдылық жасап, игі істерімен өзгелерге үлгі болды деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Жас отау иесі аудандық мешітке келіп, əлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлік өнімін үлестіріп берген. "Өмірімізде бір рет жасайтын үлкен тойымызды дүркіретіп жасауға болар еді. Достарымның тойға деп жинап берген 250 мың теңге қаржысына аудандағы аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуді жөн көрдім. Достарым да ол ойымызды қолдай кетті.
Бұл мақтаныш үшін жасалған іс емес. Жаңа өмірге басқан қадамымызды "жақсылықпен бастасақ" деген ниетіміз. Сонымен қатар, өзімізден кейінгі жастарға артық шығынсыз, жалға алынған қымбат көліктермен серуендемей-ақ, ерекше той жасауға болатынын түсіндіргіміз келді", - дейді Нұркен Жаназаров.
Айта кетейік, шаңырақ көтерген екі жастың некесін қиған ауданның бас имамы Сайдулла қажы Омаров мұндай игі іске дән риза болған.