« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Қасқырды қасқыр мінезді аңшы ғана соғып алады» деген бар. Абай ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер, қолөнерші Оңдашбай Өтеміспен тілдесу барысында іштей қатты тебірендім. Әсерленгенім соншалықты, қарапайым ауыл жігітімен емес, тағдырдың ауыр тезіне жасымаған нағыз дала батырымен тілдескендей күй кештім.
Көз алдымнан Оңдашбайдың қақаған қаңтарда жоқ іздеп жүріп адасқаны, сары аязы сақылдаған иен түзде жападан-жалғыз ажалмен арпалысқаны, үсік шалған саусақтарынан айырылғандағы өзекті өртеген өкініші, сананы сансыратқан ауыр жағдайға жасымаған өмірге құштарлығы, өзі құрған қақпанға түскен анау-мынау ит маңайына жолай алмайтын шибөріні қара тұмсықтан соғып сұлатқаны, І топтағы мүгедекпін деп жасымай, қолөнерді меңгеріп, танымал кәсіпкер атанғаны, дайындаған бұйымдарының тұтынушы тарапынан жоғары баға иеленіп жүргені дөңгеленіп өтіп жатты.
Оңдашбай – тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысқан малшының ұлы. Өзі де кешеге дейін атакәсіпті жалғастырып келді. Әкесі Төлебай нағыз шаруа адамы болды. Көкеміз аса қарулы жан еді. Жаз жайлауда, қыс қыстауда қоныстанатын малшының қарбалас тіршілігі таусылған ба?! Төкең бел шеше кіріскенде қандай ауыр жұмыс та дөңгеленіп жүре беруші еді. Қарапайым ғұмыр кешкен жанның ісіне мығым, сөзіне берік дағдысы балалары мен немерелерінің бойынан табылуы тағылымды тәрбиенің жемісі дер едік.
Шебердің өзі қолөнерге бейімдік атасы Есжаннан, ісмерлік нағашы жұртынан келген деп біледі. Мұны естігенде «кез келген қасиет ананың сүті, атаның қанымен дариды» деген қазекеңнің даналығын еріксіз мойындайсың. Сол бір зардабы ауыр соққан оқиғадан соң Оңдашбай көп ойланды. Ақыры тәуекелге бел буды. Шеберлік – нағыз шыдамдылықтың айнасы. Айтуға оңай. Он екі мүшесі сау адамның өзі жүйкесі жүндей түтіліп кететін ұсақ-түйек шаруа оңай емес. Ал оны саудаға шығарып, алушының көңілінен табылу тағы қиын. Алайда ол осының бәріне көндікті, табандылығы алға жетеледі. Дайындаған бұйымдары көпшіліктің талғамынан табылғанын көргенде өзіне сенімі арта түсті. Енді жұмыс ауқымын ұлғайтуға кірісті. Қыс мезгілінде аң терілерінен түлкі тымақ, құлақшын, ішік тікті. Қысы қытымыр Қазалы жұрты Оңдашбайдың қолынан шыққан қонышы аң терісімен қапталған саптама етігіне қызығушылық танытты. Мамыражай көктем мен қоңыр күз аралығында балық аулау құралдарын тоқыды. Құрдастары «теңізден аулақ өскен қыр баласы дария жағасында туған бізге ау тоқуды үйретті» деп әзіл-шыны аралас қалжыңдайды. Қазалының аптап ыстығын білетіндер масахананың қадірін терең ұғынатыны сөзсіз. Оңдашбай жасаған түрлі көлемдегі масаханаларға сұраныс та жиі түседі. Оған қоса шеберлікпен әзірленген ат әбзелдері, оған керекті бұйымдар да іздеусіз қалмайды. Көрпе, мәсі тігіп, одан өзге де бұйымдарды дайындауды меңгерген шебер жеке кәсіпкерлікпен айналыссам деген ойын ауыл әкімі Байназар Ерқосаевқа білдірген еді. Ауыл ағасы сөзге келген жоқ. Құлшына қостады. Тіпті шеберхана ашуға қол ұшын созды.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының игілігін көрген кәсіпкердің бірі де осы – Оңдашбай Өтеміс. Тумысынан жігерлі, тағдыр тезіне мойымаған жігіт ағасы кәсібін дөңгелентудің арқасында отбасын асырап отыр. Ол дайындаған бұйымдар ауыл тұрғындарымен қоса көршілес елді мекендер мен Қазалы қаласының жұртшылығына ұсынылуда. Жеміссіз де емес. Шебердің қолынан шыққан туындылар аудандық, облыстық көрмелерде топ жарып жүр. Аудандық «Талантыңмен таңқалдыр» байқауында бас бәйге иеленсе, жуырда облыстық байқауда да марапатқа ие болды.
Оңдашбайдың айтарын шұрайлы тілмен өрнектегеніне қарап «шығармашылықтан алыс емес шығарсың» деп топшылаған едім. Қате болмапты. Шебер жігіттің өлеңдері де оқырмандар тарапынан жақсы бағаланып жүргенін естідім.
«Шүкір, еңбектенгеннің нәтижесінде 1 миллион теңге грант иелендім. Келешекте шеберханамды кеңейтсем деген ойым бар», – дейді жылы жымиып. Қайсар жанға біздікі шынайы тілектестік.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы, Абай ауылы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |