« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақстанның бүгінгі экономикалық саясатында маңызды мәселенің бірі – мемлекет пен жекенің байланысына ықпал ететін және ол процестерді тиімді түрде жеделдететін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту болып отыр. Өйткені ол әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға жеке кәсіпкерлік нысандарды тартудың тиімді механизмі. Мұндай әріптестік жобаларын іске асыру тек жергілікті бюджеттің ауыртпалығын төмендетіп, жеке инвестицияларды тартып қана қоймайды, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарта түсетіні уақыт өткен сайын байқалып келеді.
Бір ғана мысал, Қызылорда облысында 2013 жылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейтін балабақшалар саны 2 есеге артып, 71%-ті құрады. Облыс бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған 400-дей жеке меншік балабақша жұмыс істейді. 2015 жылы 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтамасыз етіп, елімізде алғашқы болып «Балапан» бағдарламасын жүзеге асырдық. Осылайша, бюджет қаражатын басқа да әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бағыттау мүмкіндігі арта түсті. Осы орайда ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев 2018 жылы Үкіметтің кезекті отырысында Қызылорда облысы алғашқылардың бірі болып мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобаларды жүзеге асыруды бастағанын және аймақтың тәжірибесі өте табысты болғанын атап өткенін еске салып кетелік.
Айтары жоқ, бүгінгі күні Қызылорда облысы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бойынша еліміздегі бес үздік аймақтың бірі. Жүзеге асырылатын жобалар экономиканың барлық салаларын қамтиды. Атап айтқанда, олардың қатарында денсаулық, дене шынықтыру және спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, цифрландыру, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық тәртіп және экология салалары бар. Қазіргі таңда облыста 84 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары іске асырылуда, оның ішінде 32 жоба бойынша келісім шарттарға қол қойылған.
Негізгі бағыттардың бірі – денсаулық сақтау саласы. Аталған салада 29 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұл бастама аясында саланың инфрақұрылымын қайта жаңғырту мәселесі шешілу үстінде, дәлірек айтқанда, типтік үлгідегі ғимараттар мен нысандардың құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде көптеген ауылдық елді мекендерде жаңа типтегі дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, медициналық мекемелер жаңа, заманауи медициналық құралдармен жабдықталады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары спорт, білім, цифрландыру салаларын дамытуға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғыртуға да бағытталған. Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімінің төрағалық етуімен аймақта мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселелеріне арналған жиын өткен болатын. Сол басқосуда аймақ басшысы МЖӘ жобаларын іске асырудағы белсенді аудандардың бірі Шиелі екенін атап өтті. Қазіргі таңда ауданда 4 спорттық кешен ашылып жұмыс жасауда, алдағы уақытта қосымша 2 спорттық кешен іске қосылатын болады. Өткен жыл басынан бері әлеуметтік қызметтер көрсететін шағын үй жұмыс жасайды. Сондай-ақ 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде.
Жұмыстардың нәтижелі жүруіне облыс әкімінің 2016 жылғы 4 шілдедегі №517 қаулысымен құрылған «Қызылорда облысының өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» ЖШС өзіндік үлесін қосуда. Орталықтың негізгі міндеттері – МЖӘ жобаларының консультациялық-ілеспе қызметтері, жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін экономикалық сараптау. Орталық директоры Бауыржан Өтежанның айтуынша, жобаларды қарау кезінде мемлекет үшін де, жеке әріптес пен қоғам үшін де әлеуетті артықшылықтарға назар аударылады. Мәселен, мемлекет үшін бұл артықшылықтар – бюджет қаражатын үнемдеу, қосымша ресурстарды (қаржылық, материалдық және басқарушылық) алу, көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың сапасы мен көлемін арттыру, жұмыс орындарын сақтау және құру, жобаларды іске асыру кезінде уақытты үнемдеу, қоғамдық міндеттерді шешуді жеделдету. Ал жеке әріптестер үшін бұл нарықтық тауашаны кеңейту, жобаларды іске асыру кезінде бюджет қаражатын тарту, салынған инвестицияны қайтару кепілдіктері.
Казіргі уақытта МЖӘ өңірлік орталығы облыс экономикасының түрлі салаларында жалпы құны 11 млрд 128 млн теңгені құрайтын 32 жоба әзірледі.
Ал қоғам үшін бұл жобалар – сапалы тауарлар мен қызметтер.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |