Бұл – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыс әкімдігімен бірлесіп әзірлеген әлеуметтік жобасы. Бағдарлама аймақ тұрғындарына үйді жалға алып, оны болашақта сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Қызылорда облыстық филиалы директоры Әділжан Сәулебаев мәлімдеді.
«Орда» тұрғын үй бағдарламасы үш жыл жүреді. Жоба аясында жыл сайын облыстық бюджеттен қайтарылады деген мақсатта 2 млрд теңгеден бөлініп отырады. Бұл қаражатқа жергілікті билік бағдарлама қатысушыларына деп жаңа тұрғын үй салуды немесе салынған пәтерлерді сатып алуды жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде Қызылорда облысында 250 пәтер бөлістіріледі. «Орда» бағдарламасына қатысушылар үшін 1 шаршы метрдің бағасы 120 000 теңгені құрайды.
Сатып алу мүмкіндігі қарастырылған жалға берілетін пәтерлерден жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үміткер бола алады. Бұл – көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, 1 және 2-топтағы мүгедектер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет мекемелерінің қызметкерлері. Сондай-ақ жасы 35-ке толмаған ерлі-зайыптылар да жас отбасы ретінде «Орда» бағдарламасына қатыса алады. Бұл жағдайда үміткерлердің некеде тұрғанына кем дегенде 2 жыл болуы керек және балалары болғаны талап етіледі.
- Бізге жас қазақстандықтарға, баспанасы жоқ, жанұя мүшелері көп үлкен отбасыларға қолдау білдіру зор маңызға ие. Олардың бәрі бірдей бастапқы жарна жинай алған жоқ, алайда ай сайын белгілі бір сома аударып отыруға дайын. Сондықтан біз Қызылорда әкімдігімен бірге «Орда» аймақтық бағдарламасын әзірлеп, іске қосып отырмыз. Оған қатысушылар 8 жыл бойы жалға берілетін пәтерлерде тегін тұрады. Алайда осы уақыт ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотқа үй бағасының 50%-ын жинап үлгеру керек, осыдан кейін пәтерді жеңілдетілген мөлшерлемемен сатып алады, - деп түсіндірді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Қызылорда облыстық филиалы директоры Ә.Сәулебаев.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотқа үй бағасының жартысын жинаған «Орда» бағдарламасына қатысушылар жетпейтін соманы жылдық мөлшерлемесі 3,8% болатын несие түрінде ала алады. Ең ұзақ заем мерзімі – 11 жыл.
Сатып алу мүмкіндігі қарастырылған пәтер жалдаушылар пулын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әзірлейді. Өтінішті 2019 жылдың 11 қаңтары мен 21 қаңтары аралығында «ЖССБ 24» интернет-банкингінде «Жеке кабинет» арқылы беруге болады. Пулға шотында кем дегенде 500 000 теңге жинағы бар және ең көп ұпай жинаған азаматтар өтеді. Ұпай саны депозит мерзімі мен оның қаншалықты жиі толықтырылғанына байланысты анықталады.
Мысалы, ауданы 58 ш.м болатын 2 бөлмелі пәтер 6 960 000 теңге тұрады.
Аталған пәтерде 8 жыл бойы тұрып келген банк салымшысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотына ай сайын 36 888 теңгеден аударып отыру керек.
Жинақ жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы мен банк сыйақысы қосылып, үй бағасының 50%-на жеткен кезде, қалған 3 480 000 теңге несие түрінде ресімделеді. Несие бойынша ай сайынғы төлем сомасы 32 200 теңгені құрайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі.