Сырдарияның теңізге құярлығында осындай бір момын ауыл бар. 150 түтіннен асар-аспас, мыңға жетпейтін халық қоныс тепкен. Жай жатпағаны белгілі, тірлігін тиянақтап, өзінше қарекет етуде. Бұл ауыл 1974 жылы өз алдына кеңшар болып құрылғанша Карл Маркс совхозының (қазіргі Бекарыстан би) бөлімшесі болған. Ол кездегі Карл Маркс Қазалыдағы маңдайалды шаруашылық, күріш егумен айналысқан айтулы ел.
Жаңақұрылыстың табиғаты бай, бір жағы ну тоғайлы қамыс көлдері, екінші жағы жазықты, көктем шыға алуан түске боялып, мал-жанға өрісі мол жайлауға айналады. Ауылдың іргесіндегі Ақбасты көлінің өзі тұтастай халықты асыраған. Тұнық суда қаяз, сазан, ақбалық, шабақ, тістілерімен бірге ондатор өріп жүрсе, көл қамысын қалың қабан жайлайды. Қырғауылы мен қояны өріп жүр. Шабындығы мол «Алтынтапқан», «Жайынды» көлі, «Сарыайғыр» мен «Қосүйтам» алқаптары, Үшайдын, Науша, Қызкеткен, Төбеқайыр мал өрісіне қолайлы жер. Қала тіршілігінен тым алыс жатқан жаңақұрылыстықтардың басты кәсібі де осы төрт түлікпен байланысты.
Ауылдың дәмі – дәрі, ауасы – емЖаңақұрылыста «жұлдызым көкте, бақытым елде, несібем жерде» дейтін жұрт тұрады. 1974 жылы ауыл ірі қара бағытындағы шаруашылық болып қайта құрылған соң, онсыз да атакәсіпті игеріп отырған шаруа ел түлеп сала берді. Бүгінде тұрғындардың жеке қожалығында 1700-дей мүйізді ірі қара, 2300 бас уақ мал, жылқы мен түйесі 600-ге жуықтаған. Ал шаруа қожалықтары есебінде мың бастай мүйізді ірі қара мен жылқы бар. Ауылдық округ бойынша түрлі шаруашылық жұмыстарында 14 жеке кәсіпкер, 9 шаруа қожалығы, 1 селолық тұтыну кооперативі жұмыстарын жасауда. Тәуелсіздіктің 27 жылында Жаңақұрылыс халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы өскені байқалады. Халыққа қызмет жасайтын орта мектеп, 50 орындық «Балбөбек» балабақшасы, дәрігерлік пункт, 12 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана, клуб, күнделікті ауыз сумен қамтамасыз етіп, әрбір үйге таза су тартқан Арал-Сарбұлақ су мекемесінің жұмысынан бөлек, басқа да жайлы істері жетерлік. Жақсы іс демекші, кешегі жаңа жыл қарсаңында жаңа фельдшерлік-акушерлік бекет ашылды. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың өзі келіп, тұрғындардың қуанышымен ортақтасты. Бекетте әйелдерді қарау, екпе, науқастарды қабылдау, дәрі егу, ДОТС және тіркеу бөлмелері қарастырылған. 1 фельдшер, 1 акушерка және 2 мейірбике ауыл тұрғындарына жаңа ғимаратта қызмет көрсетуді бастап кетті. Ауыл ақсақалдары Елбасы саясатының нәтижесінде осындай жаңа ғимараттардың бой көтергеніне ризашылықтарын білдіріп жатты. Атақоныстың бұдан да өзге табыстары қандай?
«Кәмерсант» емес, кәсіпкер көпІлгеріде ауылда кәсіпкер деген ұғым болмады. Шыны керек, саудамен айналысқан жоқ емес, нарық заманында Түркістаннан киім-кешек, Қазалыдан азық-түлігін тасып, ауылға керегін қамтамасыз етіп, айлық пен зейнетақыда жинап алатын жеке адамдар болмады емес, болды. Айналып келгенде, жергілікті халық оларды кәсіпкер деп емес, саудагер не «кәмерсант» деп айта салатын. Ал бүгінде кәсіп ашып, оның көкжиегін кеңейтіп отырған ауыл азаматтары баршылық. Шағын және орта бизнесті дамытуды үкіметтен пайызы төмен несие алып тіршілік еткендерден бөлек, қолда бар дүниесін жаратып, жұмысын жандандырып жүргендер көп. Аманкелді Есімов, Үрсұлу Жанжұмаева, Асылбек Тұрғанбаев, Кішкене Молдадосов сынды аға буыннан бөлек, жастар да жетеді.
Өткен жылы «Қараарық» каналы бойынан «Әулиетөбе» шаруа қожалығы 50 гектар және «Бірлік» шаруа қожалығы 2 гектар жерге жоңышқа екті. Дайындалған құнарлы мал азығы аудан көлеміне сатылды. «Әулиетөбенің» басшысы Аманкелді Есімов бұдан бұрын да өз еңбекқорлығымен көзге түскен, ауданға белгілі жігіт ағасы-тұғын. Одан бөлек Есімовтің ауыл іргесіндегі «Соркөл» көліне балық өсіретін тоған шаруашылығын ұйымдастыруы да тегін емес. Жіберілген шабақтың бір-екі жыл өте ауыл халқына арзан бағада өнім болып ұсынылатынын есептемегенде, қос аудан көлеміне дәмді балық (сазан, мөңке) тарайтынына сенім де мол.
Сонымен бірге несие алуға ниет білдірген азаматтардың қаржыға қол жеткізуіне ауылдық әкімдік тарапынан кеңестер ұдайы беріледі. Бір ғана мысал, облыстық өңірлік инвестициялық орталық арқылы Ербол Жаңабаев мүйізді ірі қара малын өсіруге – 4 млн, Досбол Әбділғаниев жылқы малын өсіруге 2,6 млн теңге алған. «Бизнес-Бастау» бағдарламасы арқылы оқып, өз жобасын қорғаған Нұржан Қуанышов жылқы малын өсіруге 2 млн теңге алса, Жарылқаған Мұратов 5 млн теңге қаржы алып, кәсіптерінін дөңгелентуге кірісті.
Кәсіпкерлердің ішінде жасы «Қожағұл ата» шаруа қожалығының төрағасы Елнұр Елшекенов. Ол «Ықылас» шаруа қожалығынан қазақтың ақбас сиыры тұқымынан 21 бас қашар және Батыс Қазақстан облысынан 1 бас бұқа алып, асылтұқымды мал шаруашылығын құрып, жұмыс жасауда. Елнұр сонымен бірге мүйізді ірі қара малын бордақылау мақсатында 60 басқа арналған бордақылау алаңын да салған.
«Бизнес-Бастау» бағдарламасы арқылы 3 азамат кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсынан өткен, сертификаттарын алып, несие алуға құжаттарын дайындап, «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы арқылы 2 азамат кәсіпкерлік негізінде сертификат алып, өз кәсібін ашқан. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 3 шаруа қожалығы және 2 кәсіпкер мал басын асылдандыру жұмыстарын нәтижелі жүргізіп, мемлекет тарапынан берілген субсидияларды алуға қол жеткізген.
Жаңақұрылыстың жолы жаңара ма? Көлік түгілі өзіңнің өзегің талатын ескі жолмен ауданға қарай шапқылап, тіршілігін бітіретін Жаңақұрылыс жұртына бұл тақырып жырланғалы 30 жылдан асты. Байқасақ, осы жыл ішінде талай көлік пен адамның сау сүйегін сықырлатқан жабайы жолдан құтылар мезет те жақындапты.
Өткен жылда Арал ауданында жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Шалғайдағы Тоқабай, Қарақұм, Қызылжар мен Райымға қарай жол салынып, Арал қаласының ішінара өз көшелеріне асфальт төселіп жатты. Солардың ішінде Жаңақұрылыс пен көршілес Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би елді мекені аралығындағы 33 шақырым жолдың 23 шақырымын орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 282 млн 372 мың теңге бөлініпті. Осынау қаржыға бүгінде жол құрылысының жұмысы басталып, техникалар желісі тартылған. Бұйырса, түзу әрі тақтайдай жолмен қалаға тартып кететін күн де алыс емес.
Айтпақшы, ауыл тұрғындарының көлік қатынасына 3 жеке кәсіпкер қызмет көрсететінін айтпасқа болмас. Қазалы ауданынан тұрмыстық қажеттіліктерін алатын халыққа күнделікті автобус жүрсе, аудан орталығы Арал қаласына аптасына екі рет көлік қатынасы жолға қойылған.
Алтын ұяКелешекте елдің тұтқасы – сапалы білім, саналы тәрбие алған кейінгі буында екені айдан анық. Туған елден түлеп ұшар қарлығаштарын дайындауда елдегі №74 орта мектеп ұстаздары оқ бойы озып тұр. Айтпақшы, ауыл халқы мен 200-дей оқушы көптен күткен еңселі оқу ордасына 2015 жылы кірген болатын. Екіқабатты, заманауи оқу құралдарымен жабдықталған, еңселі білім ұясы елді қуанышқа бөлегенін білетінбіз. Жаңа қоныс құт-берекесін ала келіп, содан бері аудан бойынша ҰБТ-да алдыңғы қатарға шығып, жылма-жыл үміт күтіп, додаға қосқан оқушылары білім жетістігімен қуантып келеді. Былтырғы оқу жылында да бітірушілер ҰБТ-дан жоғары көрсеткішпен алға шықса, озат оқушы Әсет Оразбаев «Алтын белгі» иегері атанған болатын. Осыдан 3 жыл бұрын тіпті осы мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі Темірбек Сүйеубаевтың ауданаралық ұстаздар арасында биология пәнінен өткен олимпиадада бас жүлдені ұтып алып, жеңіл көлік иесі атанғанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Еркін Нұржанов, Ғалым Шалбаев, Ақілгек Байбосынова, Гүлсара Әймішова, Жұмагүл Исаева сынды мерейлі мұғалімдер ізін басқан Мейіржан Базарбаев, Әріп және Жансая Елшекеновтер, Райымбек Ақмырзаев сынды жас мамандар түрлі іс-шарада топ жарып жүр. Бұдан өзге білім ордасының таусылмас жетістігі айта берсең көп-ақ.
Жарқын істері жалғаса беретін ауылдағы осы бір шаңырақтың ендігі тілегі біреу. Мұндағы ұстаздардан бөлек ауыл ақсақалдары да мектеп атына 1953-1962 және 1968-1974 жылдары мектеп директоры болған, туған жерден табан аудармай, одан кейінгі жылдары ауылдық кеңестің төрағасы болған Елшекен Қуанышбаевтың есімі берілсе дейді.
– Тарихты қашанда адамдар жасайды. Тарихтың тірек тұтар тұлғасы да, иесі де адам, сондықтан да сол қиын кезеңде елдің жұмысы алға басуына тер төккен, өз үлесін қосып, қиын кезеңнен шығара білген сол кездегі совхоз директоры Құлмырза Тілеуов, ауылдық кеңестің төрағасы Елшекен Қуанышбаевтың еңбектері Жаңақұрылыс үшін ұшан-теңіз. Ауыл мектебіне Елшекендей абзал ақсақалдың атын беру өте лайықты іс деп санаймын, – дейді ауыл ақсақалы Әжайып Сарманов.
Ажарсыз клубтан да, аяқ судың азабынан да құтыламызӨткен жылы Жаңақұрылыс жеріндегі «Қараарық» және «Нұралы» жарма каналдарына облыс, аудан әкімдігінің қолдауымен жер актісі мен техникалық құжаттары жасалып, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаменті жанындағы Табиғат коммуналдық мекемесінің теңгеріміне өткізілді. Жаңақұрылыс халқының ең өзекті мәселесі де осы, тыныс-тіршілігі «Қараарық» каналына байланысты болып тұр. Егін егіп, тары салатын мұндағы жұртқа канал арнасы қайта жөнделсе, жаңақұрылыстықтарға диқаншылық жат тірлік емес.
Екінші қүрделі мәселе – ауылдық клуб. Клуб қызметкерлері бұрын 1 адаммен шектелсе, бүгінде 4 штатқа көбейіп, ауыл жастарымен бірлесе жұмыс жасап келеді. Бір қызығы, белсенді және талантты жастардың басын қосар мәдени ошақтың жағдайы онша емес. Әсіресе, қыста өтетін түрлі шараларда клубтың ішкі температурасы сырттағы суықты жолда қалдыратындай. Қыста көп жағдайда жабық тұрады. 30 жылдан бері тиіп-қашып жөндеу жүргізілген бұл мекемеге ешкімнің де өкпесі жоқ шығар. Қосымша айтар мына бір қисынсыз көрініс тағы бар. Ауылдың қақ ортасындағы «Тағзым» ескерткіші (Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіші) қойылған саябақтың сырты қоршауға алынып, тал-шыбықтар қайта отырғызылса деген жақсы бастама бар. Әйтпесе, көрінгеннің ешкі-лағы жайылымға айналдырған саябақтың жылдан-жылға сиқы қашуда. Тілшілік тіршілікпен жүріп, осы қисынсыздықты жазбауға тізгінді тарта алмадық. Әлі де болса ажарсыз клубтан да, аяқ судың азабынан да құтыламыз деген үміт жоқ емес.
Әкім не дейді?
Жергілікті жердің тумасы, осы жердің ой-шұңқырына дейін білетін Биғали Әбдраймов Жаңақұрылыстың әкімі. Өз ауылына шын жаны ашитын азамат екені сөзінен де, ісінен де көрініп тұр.
Биғали басқарып отырған ауылдық округтен көп игі жұмыстардың ізін анық байқадық. Соңғы 3-4 жылдың өзінде жақсы бастамалар өз жолын тапқан. Елдің аудан орталығынан алыста жатқаны ескеріліп, ауылдық амбулаторияға ауыр науқастарды тасымалдауға көлік алынды. Ауылды жарықтандыруға ықпал жасап, 2,1 шақырымға жарық шамдары орнатылды. Бұл қысты күндері мектепке баратын оқушылар үшін жақсы болды, оқушылардың қуанышында шек жоқ. Жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру ауылдық ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелерінің ұйғарымымен ойласа отырып, жүзеге асырылатын болды.
– Елбасы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде шаруа қожалықтарын кеңінен ашуға жұмыс жасауды міндеттеді. Бұл ретте облыс басшылығының жарқын бастамаларын жақсы білесіздер. Міне, осы бағытта «Қараарық» каналының бойынан бірнеше шаруа қожалықтарын ашу және егіс алқаптарын кеңейтіп, шабындық жерлерді ұлғайтып, «Соркөл», «Тәбекен» көлдеріне су жіберіп, тұрақты түрде балық өсіруді әрі қарай жалғастырсақ деген ойдамыз. Құс фермасын ашып жергілікті халықты кәсіп түрлерімен айналыстырып, кәсіпкерлікті ұлғайтсам деген мақсат та жоқ емес. Ауыл халқына ұялы байланыс құрып беру де күн тәртібінде тұр, – дейді ауыл әкімі.
Былтыр ауыл боп жиылып, Алланың үйі – мешіт қабырғасын асарлатып тұрғызуды бастап кетті. Өз хал-қарекетінше ақшалай да, малдай да үлес қосқан тұрғындардан бөлек, Жаңақұрылыстан шығып, сыртта түрлі қызметте жүрген азаматтар да абыройлы асардан тыс қалмады. Тұтастай қабырғасы тіктеліп, күн жылына күмбезін көтереміз деп отырған иманды елдің игі іске бірліктің арқасында барып отырғаны айдан анық. Сонымен бірге ауыл мектебінен түлеп ұшқан жастар легі туған жер төсінде түрлі кездесу ұйымдастырып, бірі аялдама салып берсе, енді бірі тал отырғызып, ауылдың кіреберісіне өрнектеп, әсем арка орнатты.
Тәуелсіздік арқасында дария жағасында жатқан Жаңақұрылыста жоғарыда айтқандай, жағымды жұмыстар атқарылғаны рас. Халыққа қызмет жасайтын азаматтар мен ақыл қосар ақсақалы аман болса, ел абыройы бұрынғыдан да асқақтай бермек. Біз баяндап өткен ізгілікті істің бәрі ауыл халқының ауызбіршілігі емес пе?!
Ержан ҚОЖАСОВ
Қызылорда-Жаңақұрылыс-Қызылорда.