Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы Үрмаш Түктібаев атындағы ауылды егіздер ауылы деп атайды. Өйткені, елдімекенде егіздер жиі дүниеге келеді екен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш ауылда 1800-ден астам адам тұрады, отбасылар саны 300-ден асып жығылады. Соңғы ширек ғасырдан астам уақыттан бері мұнда оннан астам егіз жарық дүние есігін ашқан. Олардың арасында үлкені саналатын Жанарыс және Бекарыс Сапаевтар бүгінде отыз жасқа таяп қалды. Егіз жігіттер еліміз тәуелсіздік алған жылдарда өмірге келген. Бүгінде білім саласында жемісті қызмет атқарып келеді. Сол жылы дүниеге келген Алмат пен Самат та еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жандар. Бұл жігіттер музыкалық білім алып, қазіргі таңда өнер саласында еңбек етуде.
Осындай егіз жігіттер Аймақовтар отбасында да бар. Бұл отбасындағы Ержан Қостанай облысы Рудный қаласындағы педагогикалық институтта оқыса, Нұржан Астанада теміржол мамандығы бойынша тәлім алған. Олардың немере бауырлары Еділ мен Жайық Абзалдар Қазалы көлік-техникалық колледжінде мамандық алды. Еділ мен Жайық Абзалдар өздерінің егіз болуына байланысты әртүрлі қызықты оқиғаларды бастан өткергенін айтуда. «Біз өте ұқсаспыз. Достарымыз іс-әрекеттерімізді сырттай қадағалап жүретінін аңғарамыз. Ұқсастығымыздың пайдасын көп көрдік», - дейді олар.
Сондай-ақ, Киікбай Нағызәлиев пен Айымгүл Алдамбергеновтің отбасында 1997 жылы Ерқанат пен Нұрқанат туған. Бүгінде жиырма жастан асқан жігіттер ата-анасының үмітін ақтауға тырысып келеді. Бұл отбасында тағы бір егіз бар. Қазір 13 жасқа келген Бекзат пен Саят - өздерін жақсы қырынан танытып жүрген өрендер.
Биыл18-ге толған Нұрсұлтан мен Сара да осы ауылда дүниеге келген. 2006 жылы ауылда тағы екі егіз ата-аналарының көз қуанышына айналды. Атап айтқанда, Айдана мен Айбек Игенберген, Еркемай мен Еркетай Асандар дүние есігін ашты. Ал 2010 жылы Толғанай мен Толағай Аманжол, 2012 жылы Ақтілек пен Ақниет Жақайымдар ауылдың, ағайынның қуанышы болды. Қазіргі күні ауылдағы егіздердің ең кішісі Маржан мен Айжан да шаңырақты шаттыққа толтырып келеді.
Ауылдың акушер дәрігері Әлия Айбергеннің айтуынша, ауылда жылына 45-50 нәресте өмірге келеді. Егіздердің жиі тууын қалыпты жағдай ретінде бағалайтынын айтады. Барлық нәресте жарық дүниеге дені сау келген.
Елімізде егіздер жиі дүниеге келетін өзге де ауылдар бар. Олардың бірі - Қостанай облысы Сарыкөл ауылындағы Тәпіл ауылы. Онда 28 егіз дүние есігін ашқан екен.