«ҚОРҚҰТ АТА КІТАБЫ» ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТШІЛДІК САНА

Докторантура оқып жүрген кезім, эпосты зерттеудің әдіс-тәсілдері туралы шетелдік профессордың дәрісі жүріп жатқан болатын. Сол күні фин, неміс, ағылшын ғалымдарының зерттеу әдістері сөз болды. Тақырыптың қызық болғаны сондай, шыдай алмай профессордан:
– Осы әдіс-тәсілдер бойынша «Алпамыс батыр» дастанын зерт¬тесем бола ма? – деп сұрадым. Себебі, алты-жеті оқитын кезімізде батырлар жырын әпкем екеуміз жарыса оқығанбыз. Тіпті қатты әсер еткені сондай, атымыздан жаңылып, бір-бірімізді жырдағы кейіпкерлердің есімімен атайтынбыз. Бала кезде көңіліме керемет күй сыйлаған сол эпосты енді әлемдік аренаға шығарсам деген ой қылаң берді. Сол кезде профессор:
– «Алпамыс батыр» жырының қай нұсқасы? – деп қайыра сұрақ қойды. Содан өзім білетін:
– А.Нысанов нұсқасы, Рахат жыршы нұсқасы, Қарақалпақ бақ-шысынан жазып алынған Ә.Диваев нұсқасы және С.Мұқановтың жариялауымен қазаққа кеңінен танылған нұсқасы, – деп тізе бастадым. Ол сөзімді бөліп:
– «Алпамыс батыр» жырының қай нұсқасы? – деп, сұрағын қайталады.
– Кешіріңіз, оқыған нұсқаларымды айттым – дедім.
– Жоқ, Кеңес үкіметі тұсында өзгертілген нұсқасы ма, әлде ескі нұсқасы ма?
– ?
Бұл тосын сұрақ болды. Сондай-ақ тақырыпқа одан ары тереңірек үңілуіме себеп болды. Сонымен «Алпамыс батыр» даст¬нының бір нұсқасы «Қорқұт ата кітабында» бар екенін біліп, енді соны оқуға асықтым.
Ерте замандарда хатқа түскен «Қорқұт ата кітабының» бүгінде Дрезден және Ватикан қалаларында сақталған екі нұсқасы бар. Түркияда зерттеу жұмыстармен жүріп, ол екеуін де таптым. Қуанғаннан ежіктеп ескі мәтіндерді оқып, түпнұсқамен таныстым.
Қорқұт ата өмір сүрген Сыр бойында туып, оның ұлағат сөздерінен нәр алып өскесін ба, ол кітапты оқу тіпті керемет әсерге бөледі. Сонда байқағаным, біздің эпостық жырларымызда көтерілген ең басты тақырып – мемлекетшілдік пен бірлік екен ғой. Елдің бірлігі мен мемлекеттің тұ-тастығын сақтау жолында ба¬тырлар ерлік, қаһармандық істерге барады. «Қорқұт ата кітабында» он екі жыр бар екен. Бұл мақалада бі¬рінші және үшінші жырға тоқ¬талуды жөн көрдік. Бірінші жыр Дерсе хан мен ұлы Бұқаштың оқиғасына арналса, үшіншісінде Байбөрі мен ұлы Алып Бамсы баяндалады. Сонымен, алғашқы жыр хандар ханы Баяндырдың әр аймақтың бектерін тойға шақырған оқиғасымен басталады. Сол тойда Дерсе хан өзінің перзентсіздігінен қабырғасы қайысады. Жырдағы алғашқы шиеленіс те осы жерден басталады. Одан шығудың жолы оқырманның назарын еріксіз өзіне аударады. Яғни, Дерсе хан перзентті болу үшін әуелі еліндегі ашты тойдырып, жалаңашты киіндіріп, қарызға батқанды қарызынан құтқарады. Төбе-төбе ет үйдіріп, саба-саба қымыз дайындатып той жасап, елдің бәрін риза қылып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартады. Әсіресе, елдің үлкендерін сыйлап, құрметтеп, аузы дуалы ақсақалдың батасын алып, Ұлы Тәңірден дұға тілейді.
Ал, «Қорқұт ата кітабында» Дерсе хан қисапсыз мал-мүлкіне ие болатын мұрагер емес, ханға тіреу болып, мемлекетке адал қызмет ететін және еліне қамқор болатын перзенті болғанын қалайды. Сол ниеті мен қайырымды істері және дуалы ауыз қарияның батасы мен риза елдің риясыз тілегінен соң Дерсе хан ұлды болады. Ол он бес жасқа келгенде ме-млекет істеріне араласып, ерлік көрсетеді. Оған түркі жұрты¬ның абызы Қорқұт ата «Бұқаш» деп ат қойып, батасын береді. Осы тақылеттес идея «Қорқұт ата кітабындағы» Байбөрі мен Алып Бамсы туралы үшінші жыр-да мейлінше көрініс табады. Біздің «Алпамыс батырдың» бір нұсқасы деп отырғанымыз да осы. Жырдың ұзын ырғасы бы¬лай. Эпос әр аймақ бектерінің Баяндыр хан алдына жиналған оқиғасымен басталады. Сонда хан кеңесіне Қарагөне мен ұлы Қара Будақ, Қазан мен ұлы Орұз, Қазылыққожа мен ұлы Бек Иүгнек қатысыпты. Бектердің ұлда¬рымен бірге келіп тұрғанын көріп Байбөрінің көңілі бұзылады. Тіпті ұлының жоқтығы жанына батып жылай бастайды. Оның жылау себебін сұрағанда «шіркін, ұлым болса, ол да Баяндыр ханның алдында тұрса, қыз¬мет етсе. Мен оны көріп сүйінсем, қуансам, мақтансам» дейді. Сонда Байбөрінің арманы етектеп жиған мал-дүниесіне ие болып қалатын, көптің қатарындағы бір ұл емес, ханның жанынан табылып, мемлекетке адал қызмет ет嬬тін, еліне қорған болатын ұл еді. Асылында, бір перзентке зар болу – түркі халықтарының көне эпостарында жиі кездесетін мотивтердің бірі. Оны тура мағынасында емес, жалпы қоғамның мемлекетшіл, қайраткер, алып батырды күтуі деп түсінген дұрыс. Яғни, болашақ батыр дүниеге келерде оған қажеттілік туып, күт¬пеген оқиғалар болады. Оны әлем мифологиясында «ғажайып жағдайда туу» мотиві деп те атайды.
Сонымен, дастанның жал¬ғасында хан кеңесіне жиналған бектер көкке қарап, қолдарын жайып, «Алла Тағала саған ұл берсін» деп дұға қылады. Осы жерде «о заманда бектердің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс еді, дұғалары сөзсіз қабыл болатын еді» деп келеді жырда. Демек, сол кездегі бектердің қоғамдағы орны, беделі, дәрежесі жоғары болған ғой. Осыдан соң Байбөрі ұлды болып, оның атын Алып Бамсы деп қояды. Байбөрі енді кірешілерге тапсырыс беріп, ұлы үшін әлемнің ең бағалы сыйлықтарын әкелуді міндеттейді. Сол замандарда ер жеткен әрбір жігіт үлкен ерлік жасап, өзінің батыр екенін дәлелдейтін болған. Содан соң той жасалып, халық тарапынан оған лақап ат беріледі де, кейін сол екінші атымен аталады екен. Сол дәстүр бойынша Алып Бамсы алғашқы ерлігін жасайды. Байбөрі қуанып той қылып, оған күллі түркі жұртының абызы Қорқұт ата келеді. Ол «елінің ту ұстар тұлғасы болсын» деп, Алып Бамсыға «Байрақ» деп ат қойып, батасын береді. Осыдан кейін ол «Бамсы Байрақ» аталып кетеді. Жырдың жалғасында Бамсы Байрақ өзіне атастырып қойған Бану Шешекпен шаңырақ көтереді. Отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлап жүріп аңғалдықтан қапыда жау қолына түсіп қалады. Жанындағы қырық жігітпен бір¬ге Бамсы Байрақ та тұтқын¬да¬лып, көп жылдар жат елде азап шегеді. Олар байлауда жатқанда елде де келеңсіздіктер орын ала¬ды. Сөйтіп, он алты жыл дегенде Бамсы Байрақ тұтқыннан қа¬шып, еліне сау-саламат оралады.
Кейін жау қолындағы жолдастарын да құтқарады. Барлығы аман-есен елмен қауышқаннан кейін, соңында Бамсы Байрақтың жанындағы қырық жігітке Баяндыр хан мен Қазан бек қыздарын беріп, ұлан-асыр той жасайды. Дастанның соңында хан мен бектер және батырлар ынтымақ-бірлікте болып, елге бейбіт те молшылық заман орнағаны айтылады.
Екі жырдың да өн бойында батырлар, бектер және хан үшеуі ынтымақ-бірлікте болып қана бар қиындықты бірге жеңе ала¬тыны көрініс табады. Әрқайсысы жеке дара тұлға емес, бірі басшы, қалғаны қосшы болған тұтас мемлекеттің сұлбасын елестетеді. Батырлар жыры көбіне халықтың жадында сақталып, ауыздан ауызға таралып келді. Ал оның хатқа түсіп, жазба кү¬йінде сақталған ең көне нұсқасы ретінде «Қорқұт ата кітабындағы» он екі жырды айтуға болады. Жыр-дастандар ертеден ұр¬пақ тәрбиесінің негізгі құралы бол¬ға¬нын ескерсек, сонда аталарымыз ұрпағын бірінші кезекте мемлекетшіл болуға тәрбиелегені ғой. Осындай тәлімді бойына сі¬ңір¬ген ұрпақ елін, жерін қорғау үшін ерлік жасап, батырлық та-ны¬тады. Халықтың әлеуметтік жағ¬дайын жақсартып, маңайына ізгілік нұрын шашады. Бабадан жеткен асыл мұрадан түйгеніміз осы.

Бекарыс НҰРИМАН, 
Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы 
«Атамекен» бөлімінің басшысы
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қаңтар 2019 г. 881 0