ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ

туралы шартқа қол қойылды

«Үштік» мемлекеттері экономиканың энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік секілді негізгі салаларында келісілген саясат жүргізетін болады. Іс жүзінде біз 170 миллионнан астам халқы бар ТМД кеңістігінде өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті зор, табиғи ресурстары орасан мол, ірі әрі бірыңғай нарық құрамыз.

Владимир ПУТИН,

Ресей Федерациясының Президенті.

 

Шартқа қол қою – осымен бітті деген сөз емес, ол біздің дұрыс қадам жасағанымызды бүкіл әлемге дәлелдеуге тиіс болатын салиқалы үдерістің бастауы.

 Александр ЛУКАШЕНКО,

Беларусь Республикасының Президенті.

 

Еуразиялық экономикалық одақты біз жаһандық байланыстармен етене жымдасқан, Еуропа мен дамып келе жатқан Азия ареалдары арасындағы берік көпір түріндегі ашық экономикалық қоғамдастық ретінде көреміз.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.
 

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚАстанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин және Беларусь Президенті Александр Лукашенко қатысты. Мемлекет басшылары Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі бағыттарын, сондай-ақ еуразиялық интеграциялық үдерісті кеңейту мәселелерін талқылады.

Қазақстан Президенті бұл кездесудің Қазақстан, Беларусь және Ресейдің болашағы үшін тарихи маңызға ие екенін айтты.

– Біз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартты әзірлеу жөніндегі орасан жұмысты аяқтадық. Оған қол қою арқылы еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастықтың жаңа сапалы кезеңі басталады. Шарт барлық мемлекеттеріміздің мүдделерін ескерген, салиқалы, сауатты әзірленген, бірқатар келіспеушіліктерге қатысты қол жеткен консенсус барлық тарапты қанағаттандырды. Құжатта халықаралық ұйымдарға тән барлық базалық аспектілер көрініс тапқан, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ одаққа мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу қағидаттары бекітілген. Ұйымның барлық деңгейіндегі шешім қабылдауда консенсус қағидатының болуы маңызды. Осы орайда әрбір тараптың даусының шешуші мәні бар, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Одақтың органдарындағы кадр саясаты тараптардың тең қамтылуы қағидатын ескере отырып және осы маңызды жұмысқа мейлінше білікті мамандарды тарту үшін конкурстық негізде жүргізілетінін атап өтті.

Қазақстан Президенті шарт үш мемлекеттің азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталғанына назар аударды.

– Еуразиялық экономикалық одақты құру біздің экономикамызды жан-жақты жаңғыртуды жалғастыру, елдерімізді әлемдегі жетекші орындарға шығару үшін қуатты серпін беретініне сенімдімін. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер пысықталды, енді негізгі Шартқа қол қоюға дайынбыз. Құрылып жатқан одаққа Арменияның қосылуы туралы тармақ бар. Өз кезегінде Қырғызстан Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі мақұлдаған Кедендік одаққа қосылу туралы жобаны қолдады, – деді Мемлекет басшысы.

Беларусь Президенті А.Лукашенко өз сөзінде елдерімізге экономикалық интеграция жолы оңайға түспегенін атап өтті.

 

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ

– Әрбір қадам оңай болған жоқ, бірақ біздің басты мақсатымыз айқын – халықтарымыз татулық пен достықта өмір сүріп, мемлекеттерді дамыту мен нығайту өзара тиімді ынтымақтастықтың негізінде жүзеге асырылып жатқанына олардың сенімді болуын қамтамасыз ету. Біздің дұрыс жолды таңдағанымызды өмірдің өзі көрсетті. Бұрынғы кеңестік кеңістіктің қайтарымсыз кері интеграциясына жол бермес үшін біз ТМД-ны құрудан бастадық, сосын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты, Кеден одағын құрдық, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нобайын сыздық. Бүгін біз мәреге жеттік, ол бізді Еуразиялық экономикалық одаққа әкелді, – деді Беларусь Президенті.

 

Бұл ретте А.Лукашенко қол қойылып отырған шарттың ережелерін оған қатысушылардың барлығының ортақ пайдасына қарай жетілдіру мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Өз кезегінде Ресей Президенті В.Путин Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мемлекеттік егемендікті толық сақтай отырып, елдерімізді интеграцияның мүлде жаңа деңгейіне алып шығатынын айтты. Сондай-ақ, Ресей көшбасшысы Еуразиялық одақ идеясының бастауында Нұрсұлтан Назарбаев тұрғандықтан шартқа Қазақстанның елордасында қол қойылуының символдық мәні бар екеніне тоқталып өтті.

– Бүгінде біз бірлесіп, экономикалық дамудың қуатты, тартымды орталығын, 170 миллионнан астам халықты біріктіретін ірі өңірлік нарықты құрудамыз. «Үштік» елдерінде дамыған өнеркәсіп, индустриялық база, қуатты кадрлық, интеллектуалдық, мәдени әлеует бар. Географиялық жағдайымыз бізге тек өңірлік қана емес, жаһандық та маңызы бар көлік-логистикалық бағдарлар қалыптастыруға, Еуропа мен Азияның ауқымды сауда жолдарын өзімізге «бағындыруға» мүмкіндік береді. Осының барлығы – біздің бірлестігіміздің бәсекеге қабілеттілігінің, оның жедел өзгеріп жатқан әрі күрделі әлемдегі қарқынды дамуының кепілі, – деді Ресей Президенті.

Осыдан кейін өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан, Ресей және Беларусьтің мемлекет басшыларымен бірге Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян және Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссия алқа­сының төрағасы Виктор Христенко қатысты.

Мемлекет басшылары Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шартты әзірлеу барысын, сондай-ақ Қырғызстанның Кедендік одаққа қосылуы жөніндегі Жол картасын қарады.

Қазақстан Президенті еуразиялық экономикалық ықпалдастық үдерісінде кезекті белестің бағындырылғанын айтты.

– Бүгінде біздің бұдан арғы іс-қимы­лымыздың стратегиясын кемінде 15-20 жылға айқындап, алыс көкжиекке қарау маңызды болып отыр. Одағымыздың 21 ға­сырдың бірінші жартысындағы басты мис­сиясы екі жайтқа байланыс­ты екенін тү­сіну керек. Біріншіден, әлемнің маңызды эко­номикалық макроөңірлерінің біріне айналу, бұл бізге Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның арасындағы «экономикалық көпір» ретінде бәсекелестікте табиғи артықшылық береді. Екіншіден, елдеріміздің әрқайсысының әлемдегі дамыған мемлекеттер қатарына қосылуын қамтамасыз етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ халықтар мен мемлекеттер үшін ауыртпалыққа емес, игілікке айналуы тиістігін атап көрсетті.

– Осындай ұстанымда болу арқылы ғана еуразиялық таңдаудың тартымдылығын қамтамасыз етіп, Еуразиялық экономикалық одақтың тағдырлы мақсаттарына қатысты кез келген күмәнді біржола сейілте аламыз. Біз Еуразиялық экономикалық комиссия Мәскеуде болады деп келістік. Минскіде Еуразиялық сот орналасады. Ол жерде біздің одақтың құқықтық аспектілері шоғырланады. Одақтың қаржы нарықтарын реттеу жөніндегі ұлтүстілік органы 2025 жылдан бастап Алматыда болады, – деді Қазақстан Президенті.

Бұл ретте Мемлекет басшысы одақтық қаржылық регулятордың құрылуын күтпей-ақ Алматыны Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы орталығы ретінде таныта беруге шақырды.

Сондай-ақ, ол Еуразиялық экономикалық одақ құру экономикамызды жан-жақты жаңғыртуға қуатты серпін беретініне сенім білдірді.

Армения Президенті С.Саргсян Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою тәрізді тарихи оқиғаға және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысуға шақырылғаны үшін алғысын білдірді.

– Кеден одағының мемлекеттер басшыларын ЕАЭО-ның, көп жағдайда оған кіретін елдердің бұдан әрі дамуын айқындайтын бірлестіктің құрылуының маңызды белесіне қадам басуымен шын жүректен құттықтаймын. Сөз жоқ, бұл – бәрінің көңіліне қонымды құжатты келісу үшін мүмкін болғанды жүзеге асырған, түрлі кедергілер мен келіспеушіліктерді еңсере отырып, ымыралы ұсыныстар бойынша тіл табыса білген көптеген сарапшылар мен лауазымды тұлғалардың еңбегінің нәтижесі. Бірақ соның барлығы мемлекеттер басшыларының саяси жігерінсіз мүмкін болмас еді, – деді С.Саргсян.

Армения Президенті Беларусь, Қазақстан және Ресейдің салалық мекемелерімен, Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесе жүргізілген жүйелі жұмыс Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Арменияның қосылуы жөніндегі шарт жобасын көзделген мерзімде дайындап шығуға мүмкіндік бергенін айтты.

Қырғызстан Президенті А.Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаев көтерген Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы шын мәнінде жүзеге асқанын атап өтті.

– Мен ЕАЭО барлық мүшелерінің экономикалық дамуы үшін бәріне пайдалы алаң қалыптастыратын пәрменді ұйымға айналады деп сенемін. Кеден одағымен және одан кейінгі ЕАЭО-мен интеграция Қырғызстан үшін саналы шешім және экономикалық саясаттың маңызды бағыты болып саналады. Кеден одағына мүше елдер біздің тек негізгі экономикалық серіктестеріміз ғана емес, бұлар – ең алдымен араларында ешқандай тілдік кедергі жоқ, рухы және ортақ тарихы жөнінен жақын халықтар, – деді А.Атамбаев.

Сондай-ақ, ол Қырғызстан экономикасын өтпелі кезеңде қолдау тетігін әзірлеуге көрсеткен көмегі үшін Қазақстан мен Ресейге алғысын білдірді.


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚКеліссөздер барысында индустрияландыру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті тақырыптары қаралды.

Мемлекет басшылары қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың өзекті аспектілері мен елдердің осы бірлестік аясындағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттары жөнінде мәселе қозғады.

Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың маңызды салаларын дамытуға игі ықпалын тигізіп отырған Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап көрсетті.

Өз кезегінде В.Путин екіжақты қарым-қатынастардың табысты дамып отырғанына тоқталып, жоғары технологиялы салалардағы өзара іс-қимылдың мейлінше белсендірек болу қажеттігін атап өтті.

***

Кездесу қорытындысы бойынша екі мемлекет басшысының қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойылды:

- Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 2010 жылғы 9 желтоқсандағы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама;

- Қазақстан Республикасы аумағында атом-электр станциясын салудағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

- «Қазатомпром» ҰАК» АҚ мен «Росатом» МК баламалы энергетика және сирек және сирек кездесетін жер металдары өндірісі саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы бірлескен мәлімдемесі;

- Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының кешенді бағдарламасы;

-Қорасан-1, Ақдала, Оңтүстік Іңкай (4 учаске) кен орындарында жер қойнауын пайдалану мәселелерін реттеу жөніндегі Жол картасы.


ЕЛІМІЗДІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ

Кеше облыстық "Нұр Отан” партиясының филиалында Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктері мен тиімділігі талқыға түскен жиын болып өтті. Оған партия ардагерлері, өзге де партия жетекшілері, бастауыш партия ұйымдары мен қоғамдық ұйым өкілдері, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ғалымдары қатысты. Басқосудың алғашқы сөзін "Нұр Отан” партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков алып, ел тарихындағы маңызды оқиға жайын баян етті.

Шара барысында одаққа кіру кезіндегі салық жүйесі, оның ел экономикасын дамытудағы мәні секілді ауқымды мәселелер ортаға салынды. Сондай-ақ, экономика саласы мамандарының баяндамалары тыңдалды.

– Бұл шартқа қол қою – еліміз үшін тарихи оқиға. Интеграция сатылы түрде жүзеге асуда. Яғни, бір күнде келген дүние емес. 1994 жылы көтерілген осы ықпалдасу идеясы әуелі 2011 жылы құрылған ЕурАзЭҚ түрінде көрініс берсе, 2010 жылы оның шеңберінде Кеден одағы құрылды. Ал, 2012 жылы Біртұтас экономикалық кеңістік өз жұмысына кірісті. Сондықтан әбден пісіп, сыналған Еуразиялық одақ аясында қызмет ету өте дұрыс шаруа, – деген экономика ғылымдарының кандидаты Абай Шайнұров мұнан әрі одақтың тиімділігіне тоқталды. "Елімізде ең алдымен еркін қозғалыс пайда болады. Яғни, Ресей мен Беларусь еліне барған қазақстандықтар сол елдің азаматымен тең құқылы дәрежеде кәсібін жүргізе алады. Сондай-ақ, бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені оқып, білім алуда екі елдің мықты базасын пайдаланады. Сонымен бірге, 170 млн. адамды қамтитын нарық қалыптасады. Ең бастысы, инвестициялық климат та жақсаратын болады” -деді.

Мұнан өзге облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов, ҚКПХ облыстық комитетінің бірінші хатшысы Талғат Телеубаев, қалалық салық басқармасы бастығының орынбасары Қазтай Әбдіреев сөз алып, өз пікірлерін білдірді. Осылайша, басқосуға қатысушылар ЕЭО-ның аясындағы бірқатар мәселелерді барынша саралап, ауқымды жобаны қолдайтындықтарын жеткізді.

 

М.ОТАРАЛЫ.


жаңа мүмкіндіктер одағы

ХАЛЫҚТАРДЫҢ ОРТАҚ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЖАСАЙДЫ


Бүгінгі әлемде ерекше қарқынмен дамыған жаһандану үдерісі дүниежүзілік рынокта жанкешті бәсекелестікті тудырып отыр. Осындай әлемдік үдерісте өз рыногыңды қорғау айрықша мәселе болып табылады. Үстіміздгі жылғы 29 мамырда Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқақол қоюы осы тұрғыдан алғанда шын мәнінде тарихи оқиға болды.

Одақ құруға дейінгі жасалған қадамдар, әлбетте, оңай болған жоқ. Көптеген келіспеушіліктер орын алды. Ақыр соңында шартқа қол қойылуға дейін бірқатар келіспеушіліктерге қатысты мемлекет басшылары мәмілеге келді. Ол барлық тарапты қанағаттандырды.

Қазақстан Президенті шарт үш мемлекеттің азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталғанына назар аударды. "Еуразиялық экономикалық одақты құру біздің экономикамызды жан-жақты жаңғыртуды жалғастыру, елдерімізді әлемдегі жетекші орындарға шығару үшін қуатты серпін беретініне сенімдімін” деп атап көрсетті. Ал Ресей көшбасшысы еуразиялық одақ идеясының бастауында Нұрсұлтан Назарбаев тұрғандықтан шартқа Қазақстанның Елордасында қол қойылуының символдық мәні бар екендігін ерекше атады.

Еуразиялық одақ халыққа не береді? Ол ең алдымен 170 млн. халықты біріктіретін ірі өңірлік нарықтың құрылуы болып табылады. Одаққа енген үш елдің дамыған өнеркәсіп, индустриялық базасы бар. Оған қуатты интеллектуалдық әлеуетті қосыңыз. Ол сарапшылардың атап көрсетіп жүргеніндей, Еуропа мен Азияның ауқымды сауда жолдарын "бағындыруға” мүмкіндік береді. Тіпті Ресей президенті Владимир Путин еуразиялық кеңістікті қамтитын бірлестікке енуге көптеген мемлекет басшыларының қызығушылық танытып отырғанын да жасырмады. Қазірдің өзінде, басқа елдерді былай қойғанда, Армения мен Қырғызстан одаққа енуге барынша ынталы.

Одақ арқылы әлемнің маңызды экономикалық макро өңірлеріне айналуға толық мүмкіндік бар. Ол Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның арасындағы экономикалық көпір ретінде аталған үш елге жаһандық бәсекелестікте табиғи артықшылық береді. 2015 жылдың 1 қаңтарынан іске кірісетін жаңа одақ оған енген мемлекеттердің халқы үшін игілікке қызмет жасайтын болады.

 

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ,

Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы.


ӨРІСІМІЗ КЕҢЕЙЕДІ

 

Үш мемлекеттің басшысы Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи құжатқа қол қойды. Бұл алысты болжаған саясаткерлердің жеңісі. Халқымызды осы тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!

Қазіргі заман экономикалық интеграцияның заманы. Қазақтар "Жалғыздың үні шықпас” десе, орыстардың "Один в поле не воин” деген сөзі бар. Олай болса, бүгінгі уақытта экономикалық одаққа бірігуден мемлекеттер тек қана ұтысқа ие болады. Мұндай экономикалық одақтар Оңтүстік Америка, Солтүстік Америка, Азия құрлықтарында да бар. Ал 28 мемлекетті біріктірген Еуроодақтың орасан зор мүмкіндіктерінен бәріміз де хабардармыз. Сондықтан да Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен бірігіп, экономикалық одақ құруынан еш қорқудың қажеті жоқ. Енді бизнесті дамыту мақсатында қажетті бұйымдарымызды Минскіден не Мәскеуден алатын болсақ, сол жақтағы бағамен ала беретін боламыз. Былайша айтқанда, өрісіміз кеңейіп отыр. Алыс-беріс жасауда мүмкіндіктеріміз артады.

Шиелідегі құбыр зауыты 2003 жылы іске қосылып, содан бері жоғары сапалы полимерлік құбырлар шығарып келеді. Зауыт әзірге өз өнімдерін жергілікті жердегі атом өндірістеріне, сондай-ақ "Ақбұлақ” бағдарламасы аясындағы жобаларға жіберуде. Болашақта Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығару жоспарларымыз да жоқ емес. Өйткені, Еуразиялық экономикалық одақ аясында кәсіпкерлерге зор мүмкіндіктер ашылады.

 

Асан РАҚЫШЕВ,

"КНК "Кемикал” ЖШС

құбыр зауытының директоры.

Шиелі ауданы.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / БИЛІК 31 мамыр 2014 г. 2 548 0