Таңертең аялдамада тұрып, екі кісінің әңгімесін құлағым шалып қалды. Біріншісі: «Кеше қар қатты жауып жатқан сияқты еді, еріп кетіпті ғой», – десе, келесісі: «Тазалаған ғой. Әйтпесе, ол түнгі аязбен қатып, сол күйінде қалар еді» деп жатты. Орынды. Себебі, қаланың осылайша тап-тұйнақ тұруы – біз түнде тәтті ұйқыда жатқанда көз шырымын алмай, тырбанған тазалықшылардың еңбегі болатын. Күнделікті жұмысқа барар жолда да бұл жандар үстіне қызыл кеудешесін киіп, құралын сайлап, қызу тірлікке кіріседі. Араларында анамызбен қатар кісілер де бар. Көптен бері көзге көріне бермейтін осы еңбек иелерінің жұмысымен етене танысу көкейде жүрген. Жуырда «Қызылорда тазалығы» серіктестігіне барып, шаһардың шырайын келтіріп отырған мамандармен тілдестік.
Ғалия Бисенованың қиындығы көп салада жүргеніне 10 жылға жуықтапты. Ол «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген қағиданы ұстанады. Таңмен таласа келіп, түн қараңғысымен қайтқанды былай қойғанда, жұмыс кестесінде сенбі, жексенбі, мейрам деген жоқ. Бір сәт тыным таппайды.
– Қай саланың болмасын өзіндік талабы бар. Менің ойымша, мұндай дүниенің барлығын еңбекпен ғана еңсеруге болады. Ең бастысы, жұмыс істеуге қажеттінің барлығы қолымызда. Мекеме басшылығы арнайы киім, құралдармен қамтып отыр. Жұмыс расында қиын. Мезгіл талғамайды. Қыстыгүні қар күрейміз, жаздың аптап ыстығында, күрең күз бен көктемде де айналысар іс көп. Өзімізге бөлінген аумақтарда тазалық жұмысын жүргіземіз. Адамдар көбіне арнайы жәшіктерге баруға ерініп, белгіленбеген жерлерге темекінің тұқылын, сусынның қалдығын тастап кетіп жатады. Бірақ, бұл мәдениетке жат қылық. Мұны кейбірі түсінгісі келмейді, ал енді бірі ескертуден кейін қайталамайтынын айтып жатады, – деді Ғ.Бисенова.
Шынында, айтылған сөздің, кейіпкер келтірген мысалдың жаны бар. Есіңізде болса, бірнеше жыл бұрын шаһар шашылып жатқан қоқыстан арылмайтын еді, көшелерде қоқыс жәшіктері де аз болатын. Ал, қазір жағдай мүлдем басқаша. Оның үстіне қала тазалығын ойлап, өздеріне тапсырылған істі тиянақты орындап жүрген жұмысшылардың еңбегі алғысқа лайық. Тек оны еш кетіру көңіл қынжытады. «Қоқысқа қарызыңыз бар» деген түбіртекті қолына алса да, немқұрайлық танытатындардың азаймауы да таңғалтпай қоймайды. Қолда бар мәліметке көз жүгіртсек, бүгінде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметінің қарыз көрсеткіші 8000 000 теңгені құраған.
– Тазалық мәселесі тұрғындардың барлығына қатысты. Бұл цифрлар қызылордалықтардың тазалық жөніндегі мәдениетін әлі де көтеру қажеттігін көрсетіп отыр. Мәселен, ата-ана ойын баласын «Қоқысты төгіп кел!» деп жұмсайды. Ал, сол бала шынында қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағаламайды. Қалаға жанашыр, көше, ауланы көркейтуге талапшыл тұрғындар жоқ демейміз. Өкінішке қарай ондай жандар көп емес. Қазір мекемеде Ғалия апа секілді 630-ға жуық қызметкер бар. Барлығы отбасының қамы үшін жүр. Біз осы кісілердің игілікке еткен еңбегі мен төккен тері тасада қалмаса, лайықты бағаланса дейміз. Айналаны анамыздай аялауға шақырамыз, – деді серіктестік директорының өндірістік істер жөніндегі орынбасары Нұрлан Өтепов.
Сондай-ақ, Нұрлан Кеңесұлы бізді мекеменің техникалық мүмкіндіктерімен де таныстыруды жөн санады. Байқағанымыздай, мұнда қажетті техниканың барлығы бар. Арнайы тазарту көліктерімен, соның ішінде қыста қар тазалауға арналған щетка тракторлар мен КамАЗ-дар, грейдерлермен жабдықталған. Қазіргі уақытқа дейін қала көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолын мұздақтан тазалауға 150 жұмысшы жұмылдырылып, 2500 тоннадан астам арнайы қоспа себіліп, осы техникалардың көмегімен 1162 тонна қар шығарылған екен. Ал, қоқыс тазалайтын көліктердің көпшілігі көрші Ресейден әкелінген. «ДМК-70» деген құрылғы уақытты да, жұмыс күшін де үнемдеуге көмектесетін көрінеді.
Міне, қала ажарын ашуға бағытталған жұмыстардың бірқатары осы. Мәселенің маңыздысы халықтың тұрмыстық мәдениетінде екенін қаперден шығармайық. Сіз де жауаптыcыз. Тіршілік етіп жатқан жерді таза ұстап, абаттандыру – осы жауапты мекемелердің ғана емес, баршамыздың міндетіміз екенін және бір таразылап көрсеңіз.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.