Кеше өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 26-сессиясына облыс әкімінің міндетін атқарушы Қуанышбек Ысқақов қатысты. Сессия төрағасы, депутат Шәкизада Әбдікәрімов күн тәртібінде облыстық сайлау комиссиясының жаңа құрамын сайлау туралы бір ғана мәселе қаралатынын мәлімдеді.
Мұнан соң аталған мәселеге қатысты уақытша комиссия төрағасы Ібайдулла Тілеп хабарлама жасады. Ол 2018 жылдың 30 қарашасында ресми басылымдарда облыстық сайлау комиссиясының жаңа құрамын қалыптастыруға қатысты облыстық мәслихаттың хабарламасы жарияланғанын еске салып өтті. Онда Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының құрамында 7 мүше болатыны, соған орай әрбір саяси партия 1 кандидатура ұсынуға құқылы екені хабарланған. Саяси партиялар, өзге қоғамдық бірлестіктер, олардың құрылымдық бөлімшелеріне өз кандидатураларын 2018 жылдың 20 желтоқсанына дейін ұсыну міндеттелді.
Осыдан кейін белгіленген мерзім аралығында бес саяси партия мен үш қоғамдық бірлестік өздерінің кандидатураларын ұсынды. Алайда 25 желтоқсанда «Сыр мейірімі» қоғамдық-әлеуметтік қоры өздерінің ұсынған кандидатурасын қараусыз кері қайтару туралы хат жолдаған. Мұнан кейін қалған жеті қандидатураға қатысты тиісті анықтамалар алынған.
І.Тілеп осы аталған мәселе уақытша комиссияның сессияға дейінгі отырысында жан-жақты талқыланып, түбегейлі зерттеліп-зерделенгенін мәлімдеді. Ол жеті орынға жеті адам ұсынылып отырғандықтан оларды ашық дауыспен сайлау туралы ұсыныс енгізді. Ұсыныс қабылданып, депутаттар кандидаттарды ашық дауыспен сайлады.
Сонымен Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы құрамына «Нұр Отан» партиясынан Әділбек Ерсұлтанов, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Абайбек Жүнісов, Қазақстан коммунистік халық партиясынан Аягөз Сырлыбаева, Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясынан Қожамжар Наурызбаев, «Бірлік» саяси партиясынан Бағдат Бердәулетов, «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» Қауымдастығынан Мұрат Балабаев және «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорынан Әнуәрбек Дәрмағанбетов сайланды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.