« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кең бөлменің терезесінен күн сәулесі төгіліп тұр. Ұзына бойы жайылған дастарқан басындағы буырқанған самаурынға кіші келін Гүлмира ие. Төрде Айткүл апам, төмен қарай жағалай отырған Қараман ұстаз екеуінен өрбіген ұлағатты ұрпақ.
«Балалы үй – базар» деген аталы сөздің астары терең ғой, шіркін. Көңілінің ауласында немерелер шапқылап, құлын-тайдай ойнақтап жүр. «Бүгін қазан Мұхамеджанның үйінде қайнады» деген әз ананың жүзі нұрланып отыр. Мұхамеджан – кенже ұлы. Үш ұл да алысқа ұзамай, қарашаңырақтың ауласына отау тіккен. Қоғалыкөлдегі ағайынды үш ұл қатар орныққан осы шаңырақ.
– Отбасы мүшелерінің әрбірі ауызбіршілікте болса, кез келген қиындықпен бірге күресе білсе, сол шаңыраққа бақыт ұялайды. Міне, үш ұлымның ешбірі алысқа ұзамай бәрі бір аулада тұрып жатыр. Қазан қай үйде қайнаса, бәріміз сол үйге барамыз. Бізде сенікі, менікі деген ұғым жоқ, – деді Айткүл Биқожақызы.
Шаңырақтан өсіп-өніп, көктегендердің дені ұстаздық саланы таңдаған. Ата-бабасы да бала оқытудан алшақ болмады. Қараман ұстаздың атасы Аман да кезінде мектеп ашып, шәкірт тәрбиелесе, бұл күнде үш келіні бірдей елді мекендегі №44 орта мектепте мұғалім. Ұрпақ тәрбиелеудегі ұлағатты жолды таңдаған олардың да енелерінен алған тәлімі бөлек, тәрбиесі таудай.
Үш ұлдың үлкені Бақытжан бастап, Бауыржан мен Мұхамеджан ағаның ізін басып, жеке кәсіпті ұршықша иіріп отыр. Мал шаруашылығын қолға алған. Жылқы бордақылайды.
– Әрине, қазақта келін мен қыздың өз орны бар. Әйткенмен, келін боп түскелі өз қызындай қарап, өнегесін үйретіп келе жатқан анамызға алғысым зор. Ғибратты ғұмырынан өмірлік мектептің сабақтарын алдық. Қатты сөйлеген емес. Бастысы, ауызбіршілік сақтап, бекемдігімізді көрсетіп келеміз. Балаларымызға берер тәрбиенің бастау бұлағын енемізден алдық. Балаларымыз да бір үйдің баласындай шапқылап, отбасымызбен қазан қайнаған үйге барамыз, – деді кіші келін Гүлмира.
Қазір біз айтып отырған бір ауладағы үш үй шағын ауылға айналған. Ауылға ат басын бұратын жиендермен ауылдағы немере-шөберенің басы қосыла қалса, ұланасыр той болады. Мұнысы, «адам ұрпағымен жасайдының» айқын көрінісі іспеттес.
Ауылға жолға шықтым. Автобустың уақытынан кешеуілдеп қалып, жолдағы дүкенге кірген бетім еді. Бауыржан ағамыз балаларға тәттілер алып жатыр екен. Бір қызығы, не алса да, үш данадан алады. Өйткені, бір үйге алынған нәрсе үш үйге де бірдей бару керек. Ұстаным осылай. Шіркін, берекенің бастауы бірлікте екен ғой.
Дәулет ҚЫРДАН.
Сырдария ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |