« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мал шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың нәтижесі қазір жұрттың көз алдында. Мәселен, кәсіпкерлер «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша асылтұқымды мал өсіріп, халықты сапалы әрі отандық өніммен қамтып отыр. Солардың бірі – Сырдария ауданындағы «Нұр Серік» шаруа қожалығы. Қожалық басшысы – Сайлаукүл Келгенбаева.
Атакәсіпке ден қойған кейіпкеріміз 2002 жылы қожалық құрып, кәсіпкер атанды. Өз күшімен Зеңгібаба тұқымын көбейтті. Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында қабылданған «Сыбаға» бағдарламасына алғаш қатысқандардың бірі де Сайлаукүл еді. Осыдан жеті жыл бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан 6 млн теңге несиені 6 процентпен алды. Жергілікті шаруалардан сиыр алып, санын 60-қа жеткізді. Ет бағытында жұмыс жасап, өнімін ауыл, аудан және облыс орталықтарына сатты. Қожалыққа берілген 10 гектар жерге қора жайы орналасқан. Екі отбасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Шаруақор жанның тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінде мал басы 100-ге жетті. Бұдан өзге 20-ға жуық жылқы ұстайды. Мал бордақылау да оңай шаруа емес. Оның жем-шөбін уақытылы беру де тындырымды жұмыс. Шаруашылықта шамамен айына 30 бас мал бордақыланып, сойылады. Қазір қыс мезгілі болғандықтан етке сұраныс жоғары. Сол себепті мұнда тіршілік қызу жүріп жатыр. Тұтынушылар тарапынан да алғыс арқалаған кәсіпкер еттің бағасын тұрақты ұстап, көңілге қонымды бағада сатып келеді.
Сайлаукүл қазір кәсіптің қыр-сырын терең меңгерген. Тіпті, бұл бизнеске отбасы да қолғабыс етеді. Шаруашылықтың жұмысы алға басу үшін үнемі ізденіс үстінде жүретін ол шаруасын одан әрі дамытып, мал басын арттыру үшін «Сыбаға» бағдарламасына қайта қатысып жатыр. Бұл бағытта тиімді жұмыстар оң нәтижесін тапқан. Енді сырт елден асылтұқымды ірі қара малын әкелуді көздеп отыр.
– Қожалық уақыт өткен сайын кеңейіп келеді. Мұның бәрі де еңбектің арқасы. Қазір кәсіп бастау аса қиындық тудырмайды. Тіпті бизнес ашу үшін арнайы курстар бар. Оқытып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретеді. Ал, шаруашылығы бар жандар үшін ісін одан әрі дамыту бағытында мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға болады. Біздің қожалық «Сыбаға» бағдарламасына екі рет қатысты. Нәтижесінде мал басын көбейтіп, өрісіміз кеңейді,– дейді ол.
Әзірге малға қажетті жем-шөпті сатып алады. Кәсіпкер енді егін егіп, мал азығын өздері дайындауды қолға алмақ. Қожалықта мұнан өзге үй құстары мен қоян бар. Тек табиғи таза өнімді тұтынатын олар сүт өнімдерін де жергілікті халықтың сұранысына сай өткізеді.
Қазіргі кезде кейіпкеріміз секілді қаншама шаруашылық иелері мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие сынды мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Сол себепті шаруақор жан жастарды еңбек етіп, кәсіп бастауға шақырады.
Сара Адайбаева.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |