БАСТЫСЫ – ТЕХНОЛОГИЯ ЕМЕС, БІЛІКТІ МАМАН

Белгілі репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарованың «Экомед» клиникасының филиалы жыл аяғында Қызылордада ашылғанын хабарлаған едік.
Ата-ана болуды армандаған талай отбасы бүгінгі күнге дейін үлкен үмітпен Алматы, Астанаға қарай ағы­лып, осы клиникаға емделіп келіп жүргені белгілі. Сыр бойына арнайы келген Салтанат Байқошқарова алыстағы клиникада емделуге кейбір отбасының қар­жысы жетпейтіндіктен әр өңірден филиал ашуға бел байлағанын айтқан болатын. Бұған дейін Алматы мен Астана қалаларын қоспағанда Тараз, Шымкент, Ақтау, Атырауда филиалдары жұмыс істеп жатса, енді біздің өңірде де өз жұмысын бастап кетті.
Бұл жаңалық талайға үміт отын жақты десек, артық айтқандық болмас.
Оқырманға толық ақпарат беру мақ­са­тында жаңа клиникаға арнайылап бардық.
Клиника дәрігерлерімен пікірлесу барысында орталық қызметіне өңірі­мізде сұраныс көп екенін білдік. Бір перзентке зар болып, талай табалды­рықты тоздырғандарға бір септігін ти­­гі­зуді мақсат еткен клиника заманауи әдістермен тексеру және емдеу тәсілдерін жүргізеді. Сонда заманауи тәсіл дегеніміз не деген сұрақ туатыны белгілі.
– Мұндағы мамандар үлкен орта­лықта жұмыс істеп, тәжірибеден өтіп келген. Біз орталықпен әрдайым тығыз байланыстамыз. Кез келген мәселе бойынша ақылдасып, кеңес алып отырамыз. Мұнда емделуге келген отбасыға, ең алдымен, тексеру жүргізіп, нақты себебін анықтап барып, емдеу жүргіземіз, – дейді клиниканың уролог-андролог дә­рігері Марс Назаров.
Айта кетелік, қандай да бір клиника ашылғанда көпшіліктің ең әуелі жаңа технологиясына назар аударатыны қалыпты жағдай. Бұл орайда клиника дәрігерлері ең бастысы – технология емес, білікті кадр екенін атап айтты.
– Әрине, озық технология қажет. Алайда, ең орында технология емес, білікті кадр. Мәселен, бір ғимаратты барынша озық технологиямен толтырып қоялық, бірақ маман сол құрал-жабдықтың барлығын адам денсаулығын жақсартуға тиімді пайдалана алмаса, керегі болмайды. Сол себепті де білімді, білікті маман бірінші орында. Біздің мақсатымыз – келушілерді тексеру, нақты диагноз қою, содан кейін емдеу, – дейді клиника дәрігерлері.
Өңір жұртшылығы үшін филиал ашылуының тиімділігіне тоқталар болсақ, ең әуелі уақыт пен қаржы үнемділігі. Мәселен, Астана және Алматы қалаларында орналасқан орталыққа барып емделу үшін кемінде 1-1,5 ай уақыт кетеді. «ЭКО» бағдарламасына кемінде 800 мың теңгедей кетеді, оған жол, пәтер шығынын қосыңыз. Өңірлерде фи­ли­алдардың ашылуы ха­лық үшін қан­шалықты жеңілдік болға­нын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
Бүгінде бедеулік жиі кездесетін мәсе­­­леге айналды. Мұның себебін дәрігер­­лерден сұрадық.
– Қоршаған ортаның да әсері бар. Салауатты өмір салтын кез келген жан ұстана бермейді. Жастардың жейтін тағамы өзгерді. Бүгінде олардың сүйікті асына айналған фаст-фудтар гармондық өзгерістерге ұшыратады. Сонымен қатар жас қыздар арасында түсік жасатудың да жиілеуі кейін сәбилі бола алмауға үлкен әсерін тигізуде, – дейді репродуктолог дәрігер Мөлдір Серікқызы. Тағы бір атап айтарлығы, клиникаға келушілердің барлығы «ЭКО» көмегіне жүгінуге емес, нақты ем алуға келеді. Дәрігерлер де, ең алдымен, әрбір отбасының сәбилі болуына көмек жасайтындарын жеткізді.
Өңірімізде клиниканың ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, жұмыс нәтижесіз емес. Ем алушылар ішінде қуанышқа бөленіп жатқандар да бар екен.

Гүлмира ДІЛДАБЕКОВА
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қаңтар 2019 г. 366 0