Қызылордада көктемгі тасқынға дайындық шаралары пысықталды

Қызылорда өңірінде қар қалыңдау жауып, қатты тұрған жел дарияның солтүстік бөлігінің бетін қатырып тастады. 
Қазақстанның оңтүстік өңір­ле­ріне су беретін Қырғызстан бұл мезгілде электр энергиясын алу үшін Тоқтағұл ГЭС-ті энерге­ти­ка­лық ре­жімге көшіреді. Қырғыз Ала­тау­ынан ақтарылған нөпір судың ақшу­лан маңдайын тартар жері Шардара су қоймасы. 5 млрд текше метрдей су сыятын алып қазан­дық толып кетпес үшін артық су Көк­са­рай су реттегішіне жиналады. Бер жағында көні кепкен кәрі Арал бар. Сырдарияның табанын қалың қорыс басқан, арнасы жалпа­йып, секундына бес жүз текше метр суды әзер қабылдайды. 
Жақында Қазалы ауданындағы бөгетті су бұзып, қауіпті аймаққа азаматтық қорғау құрылымдарынан 150-дей маман мен елуден астам техника жұмылдырылып, бір қауіптің алдын алып қалды. Әйтсе де күдік сейілген жоқ. Арал ауданында да­рия­да­ғы мұздың қалыңдығы 15-20 сантиметрге жетсе, облыс орта­лы­ғында қалыңдығы 10-15 сантиметрден асады. Яғни, алда бәрі қауіпсіз өтеді дегенге сену қиындау. Осы мәселе өңірлік бас­па­сөз конференциясында арнаулы ма­ман­дардың қатысуымен жан-жақты талданды. 
Бүгінде Шардара су қоймасына секун­­дына 900 текше метр су құ­йы­лып жатыр. Қазір мұндағы су көлемі 3,2 млрд текше метр­ден асады. Бұл өткен жылмен са­лыс­тыр­ғанда 1,5 млрд текше метрге артық. Алып қазандықты апатты жағдайға ұрын­дырмас үшін секундына 650 текше метр су босатылуда. Қаңтар ай­ында оның көлемі 900 текше метр­ге дейін ұлғаятындығы белгілі болып отыр. Ал осыншалық қарғын суды Сырдария қабылдап алуға қаншалықты қабілетті?! 
− Қызылорда облысы аумағына секундына 571 текше метр су келіп жатыр. Қазіргі таңда облыстың оң­түс­тігіндегі Жаңақорған ауданында дария беті таза. Шиелі ауданының Майлы­тоғай елді мекені тұсына дейін де дәл осындай жағдай көрініс беріп отыр. Ал Қызылорда қаласы тұсын­дағы 4 аумақта мұз қатқан. Сыр­дария, Жалағаш аудандарында мұз­дың қалыңдығы 5-10 сантиметр болса, Қармақшы, Қазалы, Арал ау­дандарында 10-15 сантиметрге дейін жетеді. Облыста ауа райы қа­зіргідей болып жатса, қаңтар ай­ы­ның алғашқы онкүндігіне дейін мұз­дың қатуы Шиелі кентіне дейін жетеді деген болжам бар, − деді Қор­ша­ған орта және су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жө­нін­дегі Арал – Сырдария бас­сейн­­дік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов. 
Сыр бойында 609,4 шақырымдық қор­­­ғаныс бөгеті бар. Биыл облыс­та осы бө­гет­­тердің қауіпті 31 учаскесінде қалпына келтіру жұмыс­та­ры жүргізілді. 
− Облыс аумағында қорғаныс бө­геттерінің қауіпті деп саналатын тұстары 56 су басу аймағына бө­лін­ген. Оған 111 жауапты мекеме бе­кі­тілген. Су тасқынына қарсы пай­да­ланылатын жанармай қоры және өзге де дүниелер сақталып отыр. Сондай-ақ 17850 бау қамыс және басқа да қажетті мате­­­­риал­дар қорымен жасақ­талған. Сонымен қатар Қы­зы­лорда қаласы мен аудандарда тас­қын су кезеңінде халықты кө­ші­руге арналған эвакуациялық жи­нақтау және қабылдау бекеттері да­йын­дық­қа келтірілген. Жоғарыдан ке­летін су көлемін қауіпті мөл­шер­ден асырмау мақсатында Су ресур­стары комитетімен келісілген. Сон­ың нәтижесінде Шардара мен Көк­сарай су қоймаларынан төменге босатылатын су көлемінің кестесі бекітілді. Бүгінгі таңда Сыр­дария өзені арнасында мұз қату процесі жүруіне байланысты облыстың азаматтық қорғау қыз­меттері күшейтілген режімге кел­тірілген, − деді Қызылорда об­лыс­тық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев. 
Қыс кезінде энергия қуатын алып, пайдаға шығуды ойлаған қырғыз ағайынға базына айту үшін алатын пайдасының орнын жауып беруің керек. Көксарай су реттегішін салғанға дейін солай болып келген. Ал су, шынын айтсақ, кенезесі кепкен Арал үшін ауадай қымбат. Қыс жайлы болып мол суды қабылдап алғандай болсақ, шаруалар мен ди­хан­дардың да мұртын балта шаппас еді. Қауіп бар екенін айттық. Мұз тұ­тас­қан дарияның осалдау жерден жарып шығатынын Қазалыдағы бөгет көр­сетіп берді. Енді осы қауіптен аз шы­ғынмен шығу үшін барлық жұмыстар атқарылып жатыр.  

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қаңтар 2019 г. 470 0