Қызылорданың «Қайсары» бірден 17 футболшымен келісімшарт жасады

Қызылорданың «Қайсар» футбол клубының құрамы жаңа екі ойыншымен толықты. Елімізге белгілі Марат Хайруллин мен Иван Садовничий алдағы маусымда қызылордалық клубтың жейдесін киетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марат Хайруллин 1984 жылдың 26 сәуірінде дүниеге келген. Ол - Қазандық «Рубин» футбол клубының түлегі.

Жасыл алаңда жартылай қорғаушы міндетін атқаратын ол  2002 жылы «Рубин 2» командасында футболшы өмірін бастаса,  2007 жылы «Ақтөбе» командасына келді. Ал 2010 жылы Ресейдің «Волга» клубына ауысқанымен, сол жылы «Ақтөбе» сапына оралды. Онда бес жыл бойы ойнап, 2016 жылы Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы құрамын толықтырды. Ал 2017 жылдан бері «Атырау» командасы намысын қорғап келді. Еліміздің ұлттық құрама сапында 13 ойын өткізген.

Ал Иван Садовничий 1987 жылы 11 мамырда Беларусьтің Гродно қаласында дүниеге келген. Футболшы мансабын  2005 жылы Гродноның «Неман» клубында бастаған. Одан кейін 2007-2010 жылдарда «Динамо-Белкард», «Белкард» командаларында ойнаған. Ал 2011 жылы  «Витебск» командасына ауысты. 2013 жылы қайтадан «Неман» командасына келді. 2014-2016 жылдарда Қостанайдың «Тобыл», Қарағандының «Шахтер» командаларында ойнады. Былтыр Талдықорғанның «Жетісу» командасы жейдесін киді.

«Қайсар» басшылығының хабарлауынша, өткен жылы командада ойнаған қақпашылар - Александр Григоренко, Марсель Исламкұлов, Нұрымжан Салайдин, қорғаушылар - Иван Граф, Абдель Азиз Ламанж, Ілияс Әмірсейітов, Валентин Чуреев, Александр Марочкин, жартылай қорғаушылар - Максат Байжанов, Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев, Марк Гурман, шабуылшылар - Братислав Пуношевац және Игорь Зеньковичпен келісімшартты ұзартқан. Сондай-ақ, олардың қатарына Қызылорда футболының түлегі, шабуылшы Өркен Махан да қосылды. Ол былтыр бірінші лигада ойнайтын Қызылорданың «Байқоңыр» командасында қарсыластар қақпасына тоғыз гол салды.

Бұдан бұрын «Қайсар» командасы жаңа маусымға дайындығын бастағанын хабарланды.

Сондай-ақ, «Қайсар» командасының бас бапкері Стойчо Младенов биыл да қызметін жалғастыратын болды. Қызылорданың «Қайсар» командасы 2019 жылы жүлделі орынның біріне ілігу мақсатын көздеп отыр.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қаңтар 2019 г. 437 0