Өркендеуде дәрігерлік амбулатория ашылды

 Бүгін Өркендеу ауылдық округіне қарасты Жанкент ауылында дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. Амбулаторияның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, медицина қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.

Ауылдық емхананың ашылу салтанатында сөз алған аудан басшысы М.Ергешбаев ауыл тұрғындарын жаңа амбулаторияның ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ өңірімізде денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан оң өзгерістерге тоқталып өтті. Ауыл тұрғындарының атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолмырзаев Өткелбай сөз сөйлеп, өзінің риясыз алғысын жеткізді.


Емхананың ашылуы рәсімінен соң аудан басшысы жаңа нысанның ішкі құрылымымен танысып, соңғы үлгідегі медициналық құрылғымен жабдықталған амбулатория ұжымының жұмысына сәттілік тіледі. Өркендеу ауылдық округіне қарасты Жанкент ауылында пайдалануға берілген ауылдық емхананың сыйымдылығы 10 орындық, бір дәрігер және тоғыз медициналық қызметкер еңбек етеді. Бас мердігер мекеме – «Ахат + ГС» ЖШС. Ал, ғимарат 1 қабаттан, 1 блоктан (43 бөлімшеден) тұрады. Ғимарат ауласында трансформатор қондырғысы, ғимарат ішінде бу қазандығы, қоқыс контейнерлеріне арналған алаң жоспарланған.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Нұрлан Қанат

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қаңтар 2019 г. 1 019 0