« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
БАҚ өкілдерімен әңгімеде 2018 жылдың негізгі нәтижелері түйінделіп, алдағы міндеттер айқындалды
Мемлекет басшысы жыл қорытындысы бойынша еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен дәстүрлі кездесуінде биыл елімізде болған маңызды оқиғаларды түйіндеп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Елбасынан сұхбат алған журналистер қатарында «Egemen Qazaqstan» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Президент телерадиокешені» КЕАҚ бас директоры Ерлан Бекхожин, «Қазақстан» телеарнасының тілшісі Саламат Омаш, «Хабар» агенттігі» АҚ тілшісі Айгүл Әділова, «Еуразия» бірінші арнасы» телеарнасының журналисі Юлия Ласеева, блогер Жанна Ильичева Мемлекет басшысына сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
Экономика өсімі
5 пайыздан жоғары
Мемлекет басшысы журналистермен кездесудегі кіріспе сөзінде өткен жылдың өте мазмұнды, өте қарқынды болғандығына тоқталды. Елбасы 2018 жылғы ең айтулы оқиғалардың басында айшықты Астананың 20 жылдық мерейтойы тұрғанын атап өтті. Осыдан 20 жыл бұрын Сарыарқаның төсіндегі жазық далада жаңадан қала салу шешімі қалай қабылданғанын, шаһардың содан бергі даму жолын жан-жақты баяндап берді. Президент Астана үлгісімен еліміздің өзге қалалары да түрленіп, инфрақұрылымдары жаңарып, бүгінде адам танымастай өзгергенін атап айтты.
Барлығы Астанаға қарап бой түзейді. Ендігі уақытта дәл осы тенденция аудандарға, шағын қалаларға тарауда. Жақсы бір істің үлгісі дегеніміз осы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Астананың 20 жылдық мерейтойына орай барлық өңірлер елордада нысандар салғанын атап өтті. Оның ішінде, Атырау облысының Есілдің үстінен салған бекіре балығы пішіндес жаяу жүргіншілер көпірінің халықтың көзайымына айналғандығына ерекше тоқталды.
Мемлекет басшысының айтуынша, өткен жылы еліміздің сыртқы саясаттағы батыл қадамдары да жемісін берді. Жыл басталысымен АҚШ-қа сапарлаған Елбасы 12 ай бойына әлемдік және өңірлік маңызға ие халықаралық шараларға белсене қатысып, тың бастамалар көтерді.
Ал ел ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Каспий саммиті өте табысты өткендігіне күллі әлем куә. Оның бер жағында әлемдік сауда соғыстарына қарамастан, экономиканың өсімі төрт пайыздан асып түсті, инфляция 5-7 пайыздық шектен шыққан жоқ, алтын-валюта қорының көлемі 88 млрд АҚШ долларынан асты. – 550 мың адам жоғары жалақы төленетін жұмыс орнын тапты. Толықтай алғанда, экономиканы қалыпты деп санауға болады. Үкімет, өңірлер, атқарушы билік жасау керек дүниенің барлығын жасады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Астана қалай таңдалды?
Кездесу барысында «Egemen Qazaqstan» басшысы Дархан Қыдырәлінің бүгінде әлемге бейбітшіліктің, достықтың, татулықтың символы ретінде танылған Астана қаласының тарихына қатысты сұрағына жауап бере келе Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа елордасын таңдаудың астарындағы ұлттық мүддемен астасқан мәселелерді атап өтті.
– Елорданы таңдаудың терең саяси астарын түсінетін уақыт келді. Әрине, бастапқыда біз оны айта алмадық. Жағдай әртүрлі болды. Елдің ішінде жұртымыздың өзі бірыңғай емес, әр тараптан болды. Соның бәрін ескердік. Екінші жағынан қиын-қыстау жағдайда елге жаңа жол сілтеу үшін осындай бір жаңалық керек болды. Әрине, ол кез өте қиын еді. «Кедей болсаң, көшіп көр» деген бар. Ал астананы көшіру одан да қиын. Бір қаланы салып, астананы бір жерден екінші жерге көшіру өте күрделі іс. Соның барлығын ойлай келе, бұрынғы астаналардың көшу тарихына үңіліп, ғылыми тұрғыдан келгенде астана елдің қай жерінде болуы керек деген мәселелерді қарадық. Қазақстанның дәл кіндік ортасы – Жезқазған. Жезқазғанға да, Ұлытауға да бардым. Жол да, теміржол да жоқ. Энергетика да жоқ. 20 жыл Теміртауда жұмыс істедім. Қарағандыны жақсы білемін. Көмірдің ортасына, экологиясы қиын жерге апару қиын болды. Көкшетауға барсақ, шетке шығып кетеміз, Ақтөбеге барсақ, батысқа кетіп қаламыз. Сондықтан ойланып-толғанып тоғыз жолдың торабы ретінде Ақмоланы таңдадық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент осылай дей келе, Астананы көшірудің ұтымды тұстарын атап өтті.
– Қазір Астананың 1 млн 200 мың халқы бар. 2030 жылдарға қарай халық саны 2 млн болатын шығар. Басында Вашингтон сияқты үйлері 5-8 қабаттан тұратын қала салсам ба деп ойлап едім. Мына кең далада биігірек болмаса көрінбей қалады деп, сәулетшілер бой бермеді. Бүгінде биіктігі 230 метрлік «Әбу Даби Плаза» кешені салынып жатыр. Бұл посткеңестік елдердегі ең биік ғимарат болады. Мәдениет ошақтары бар, білім ошақтары бар, денсаулық сақтау мекемелері бар. Қазір астаналық тұрғын үшін барлығы бар. Сондықтан ешқандай Париж, Берлинге барудың қажеті жоқ. Барлық керекті нәрсе осында бар. Тек жұмыс істеп, ақша тауып, өмір сүру керек. Астанамызды көркейте беру қажет, – деді Президент.
Әріптестік
байланыс
нығая береді
Елбасының журналистерге сұхбаты бұдан әрі сыртқы саясатқа қарай ойысты. Оның ішінде 2018 жылдың басындағы Америка Құрама Штаттарына ресми сапары, Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесуі, Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынастары жөнінде Елбасы кеңінен әңгімелеп берді.
– Америка – Қазақстанның ірі инвесторы. Осыған дейін 40 млрд АҚШ долларын салды. Ортақ инвестиция 300 млрд десек, бәлкім, осы жылы АҚШ инвестициясының мөлшері 50 млрд долларға тақап қалуы керек. АҚШ президенті де мұның бәрін жақсы біліп отыр. Бізде энергетикалық ынтымақтастық бар. Экстремизмге қарсы күресте де біз әрдайым тіл табысып келеміз, – дей келе Елбасы сол кездесу барысында ірі компаниялармен құны 7 млрд доллардың 20 құжатына қол қойылғанын атап өтті.
Журналистермен сұхбат барысында Елбасы Орталық Азия мемлекеттерінің интеграциясына ерекше тоқталды. Кеңес одағы ыдыраған соң әрқайсысы өз жолын таңдаған бауырлас мемлекеттердің ынтымағына Қазақстан тарапы ерекше ынта білдіріп келеді.
Бұл ретте Орталық Азияның екі алыбы – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастар соңғы аталған мемлекет басшылығына Шавкат Мирзиёев келгелі ерекше қарқын ала бастаған. Сауда жанданып, алыс-беріс, барыс-келіс күшейе түскен. Бір ғана мысал, бұрындары 1 млрд АҚШ долларына жетпейтін сауда айналымы тек былтырдың өзінде 3 млрд доллардан асқан. Елбасының айтуынша, таяу болашақта «Қазақстан – Қытай» шекарасындағы «Қорғас» кешенінің үлгісімен қазақ – өзбек шекарасында жаңа қала пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев соңғы кездері Орталық Азия елдері президенттерімен кездесулер жиі өте бастағанын тілге тиек етті.
Өндірісті дамыту –
заман талабы
Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнеске байланысты шаралардың алдағы уақытта да белсенді жалғасатынын айтты. Сонымен қатар ендігі кезекте бәсекеге қабілетті сапалы кәсіпорындардың санын көбейту керектігіне баса тоқталды.
– Бізге қырық мың адам жұмыс істейтін үлкен комбинаттардың қажеті жоқ. Бізге орта және шағын кәсіпорындар керек, егер онда 50 адам жұмыс істесе, бұл – өте жақсы нәрсе. Сондықтан біз бұл жұмысты әрі қарай белсенді түрде жалғастырамыз. Бірақ жұмыстың сапасы өзгеретін болады, бұрын кәсіпорындардың неғұрлым көп болғанын жөн көретінбіз. Ал енді бізде бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, экспортқа жұмыс істейтін сапалы кәсіпорындар керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, елімізде жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіріп, ерлер мен әйелдерге арналған отандық киім өндірісін жолға қою керек.
Көрші елдермен қарым-қатынас жоғары деңгейде
Елбасы журналистер сауалына орай, Қазақстан – Қытай қарым-қатынастарына да кеңінен тоқталды. Сондай-ақ Қытай экспансиясына байланысты үрейдің негізсіздігін нақты дәлелдермен жеткізді.
– Қытай мен Қазақстанның қазіргі қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Жаппай бізге келіп, қаптап жатқан жоқ. Барлығы заңмен, келіссөзбен бекітілген. Өндіріс салатын болса, мысалы, бізде жоқ мамандар – 500 адам келеді, тізім береміз. Зауыт біткен соң, ол 500 адам қайтады. Ол келісілген мәселе, бір адам да қалмайды, – деді Президент.
Елбасы экономикасы, технологиялары озық, ортақ шекарамыз 2 мың шақырымнан асатын көршімізбен байланыстың заңдылық екендігін де атап өтті.
Президент журналистік сауалдардың ыңғайына байланысты Еуразиялық экономикалық одақпен байланыстың да жай-күйіне шолу жасады. Алғашқы жылдардағы қиындықтарға қарамастан, қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 24,5 пайызға өскенін және оның 90 пайызы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттыққа тиесілі екенін атап өтті. Оның ішінде Қазақстан Ресейдің 70-ке жуық өңірімен сауда-саттық байланысын орнатқан. Оған қоса, екі елге ортақ кәсіпорындар өте көп. Көлік құрастыру, ауыл шаруашылығы, энергетика салалары бойынша әріптестік нығайып келеді.
Мемлекет басшысы былтыр Брюссельде өткен «Азия – Еуропа» форумына 55 мемлекеттің өкілі қатысқан саммитіндегі ұсыныстарының астарына да назар аудартты. Оның ішінде Ресей мен АҚШ, Еуропа мен Ресей және АҚШ пен Еуропа қарым-қатынастарының шиеленісуін не себепті Кариб дағдарысымен салыстырғанын түсіндіріп өтті.
Осы орайда Мемлекет басшысы ұлы державалар адамзат тағдыры үшін әрдайым жауапты екенін назарға алды.
– Сондықтан бүгінгі күні АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ, бір алаңда, бәлкім, Астана алаңында барлық көкейкесті мәселелерді талқылау үшін жиналуы керек. Ресей мен Қытай бұған қарсы емес, ендігі кезекте Батыс елдерімен жұмыс жалғасуда, – деді Елбасы. Сондай-ақ Украина мен Ресейдің арасындағы келіссөздерді үшінші тарапты араластырмай, өзара шешу тиімді боларын атап өтті.
Ішкі саясаттағы басымдықтар
Президент еліміздің қаржы саласындағы ахуалына да тоқталып өтті. Елбасының айтуынша, қазір Қазақстандағы қаржы жүйесі қанағаттанарлық деңгейде. Бүгінде елімізде жұмыс істеп тұрған 28 банктің тең жартысында шетелдік капиталдың қатысы бар. Халықтың салымдарының мұрты бұзылмай сақталуына мемлекеттік кепілдік жалғаса бермек.
Ал руханият мәселесіне байланысты күллі түркі жұрты қастерлейтін Түркістан қаласының мәртебесі биіктеп, облыс орталығына айналуы оқиғасын да Елбасы кеңінен әңгімеледі. Болашақта аталған өңір еліміздің туризм саласындағы көшбасшы болмақ. Президенттің айтуынша, Түркістанда Қазақстанның тарихи жәдігерлері жинақталып, әуежай мен теміржол вокзалы жөнделсе, қала қарқынды дами түспек. Бұл ретте халықтың өсімі мен көші-қонның реті ескеріле отыра, миллион тұрғыны бар қалалардың санын көбейтуге басымдық берілмек.
– Бізге миллион адам тұратын қалалар керек. Миллион тұрғыны бар қалада ғылым да, мәдениет те, білім де дамиды. Бүкіл әлемде солай. Келешекте әлемде ірі 600 қала мегаполис болады да, негізгі бәсеке солардың арасында өрбиді деп айтылып жатыр. Адамдар сондай қалаларда өмір сүргісі келетін болады. Сондай қалаларды көбейту керек. Тәуелсіздік алғалы бері сондай миллион тұрғыны бар үш қаламыз бар. Ендігісі Ақтөбе, мүмкін Қарағанды болады. Урбанизация қарқынды жүріп жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы ел ішін желдей кезген Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасы енгізіледі-мыс деген әңгімелерге байланысты да нақты пікір білдірді.
– Бірыңғай валютаға келер болсам, бұл тақырыпта ешкім де байыпты сөз қозғаған емес және біз ешқандай да келіссөздер жүргізген емеспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы біреулердің еуро сияқты ортақ валютаны қалайтындығын, бірақ ол үшін одаққа мүше мемлекеттердің экономикасы бір деңгейде болуы керектігін баса айтты.
Халықтың
әл-ауқатын жақсарту
Мемлекет басшысы сөз орайы келгенде елімізде туризмді дамытуға басымдық берілетіндігін және бұл сала соңғы жылдары жандана түскендігін, оған қоса әуелгі кезекте дамытылуы тиіс 10 нысанның таңдап алынғанын айтты. Тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға да тоқталып өтті.
– Ипотека бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» танымал, бұл жұмыстар жалғасып келеді. Одан бөлек, аз қамтылған жандарға, мүгедектерге, өзге де осал топтарға арналған несиелік үйлер салып жатырмыз. «Нұрлы жер» бойынша көптеген жеке үйлер мен көпқабатты пәтерлер салуға болады. Соңғы қабылданған бағдарлама – «7-20-25». Бұған дейін баспананың жарты құнын банкке төлеу қажет еді. Қазір 20 пайыз жеткілікті, ставкасы – 7%. Ұлттық банкте бұл көрсеткіш – 12,5%. Яғни қалған 5,5%-ын мемлекет өз мойнына алып, банктерге өтейді. Егер пәтер 10 млн теңгеге бағаланса, 25 жылда ай сайын 50 мың теңге төлеп алуға болады, – деді Президент. Елбасы, сонымен қатар 2018 жылдың тағы бір айтулы оқиғасы – Президенттің бес әлеуметтік бастамасының мән-мазмұнына тоқталып өтті.
Ел газеті –
«Егеменнің» үлгісі
Елбасы сұхбат барысындағы сауалдардың біріне орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат-міндеттері халыққа, мәдениетке, тарихқа баса көңіл бөлу мәселесі екенін айта келіп, былтырдан бері тұтас бір бетін латын қарпімен бере бастаған «Egemen Qazaqstan» газетін оқуға шақырды.
– Қазір мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. «Egemen Qazaqstan»-ның бір бетін оқи беріңдер. Көздерің әріптерге үйрене берсін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ қазірден бастап Тәуелсіздіктің 30 жылдығына әзірлену керектігін айтты.
– Біз қазірден бастап Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дайындалуымыз керек. Бұл жөнінде сәйкес тапсырмалар беремін. Атап айтқанда, 30 жылдық қарсаңында барлық өңірлерді дамытуды қолға алу қажет. Кей өңірде ауызсу жоқ, кей өңірде коммуналдық шаруашылық ескірген, кей аймақтың ішкі жолдары нашар. Әр облыстың кемшін тұстарын анықтап, Жол картасымен қаражат бөлу керек. Яғни Тәуелсіздіктің 30 жылдығын әдемі қалалармен және орталықтармен қарсы алуымыз керек. Міне, осындай бағдарламаны жүзеге асырамыз деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жастарға сенім білдірді
Мемлекет басшысының сұхбатында білім мен медицина сапасын көтеру, құқық қорғау саласын реформалау, төл тарихымыздың тереңіне үңілу, елдегі діни ахуал, биылға белгіленген Жастар жылын өткізу мәселесі де қамтылмай қалмады.
– Ендігі жылды Жастар жылы деп жарияладық. Ол турасында арнайы бағдарлама қабылдау керек. Жастарға не керек – бірінші – білім, екіншіден үйленетін болса, үй-жай қажет. Жағдай жасалып, жұмыс берілуі тиіс. Төрт нәрсе. Содан кейін бізде «Ауыл – ел бесігі», «Жасыл ел» бағдарламалары бар. Оларға арнайы жағдай жасап, жастардың қабілетін көтеруіміз керек. Жастар бүгінгі жасалып жатқан шаруаны, Қазақстанның Тәуелсіздігін қадірлейтін болады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы балабақша, мектептен бастап патриоттық тәрбие керектігін айтты.
– Білім бойынша аз шаруа жасалған жоқ. Тәуелсіздік алған жылдан бері 1500 мектеп салынған. Балабақшамен қамтуды 36-дан 95 пайызға дейін жеткіздік. Бұл – өте үлкен жетістік. Дәл сол жерден баланың білім жолы басталады. Сондықтан Жастар жылы бәріміз бірігіп жұмыс істейтін боламыз. Ендігі жылдың басында сол мәселе жөнінде жиналыс болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент биыл бағасы арзан әуе тасымалының ұйымдастырылатынын да айтты. Оған қоса, елдегі соңғы кадрлық ауыс-түйістерге байланысты да түсінік беріп өтті.
Мемлекет басшысы журналистердің сауалдарына орай ел ішінде мерзімінен бұрын президент сайлауы өтеді деген қаңқуларға да нүкте қойды.
– Елімізде жаңа ғимараттар салынып, аулалар абаттандырылса барлығы сайлауды күтеді. Парламент бойынша еш өзгеріс жоқ. Келесі Президент сайлауы 2020 жылдың желтоқсанына жоспарланған, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Президент өзімен екі сағат тілдескен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен барша қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Дайындаған Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |