Елбасы мерекелік кешке қатысты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қайырымдылық кешіне қатысушыларға арнаған сөзінде өтіп бара жатқан жыл бүкіл еліміз үшін жемісті болғанын атап өтті.

– Әлемде еліміздің беделі айтарлықтай нығая түсті. Қазақстанға тартылған ин­вес­тиция көлемі 17,5 пайызға артты. Жалпы, экономикамыз 4 пайыздан астам өсті. Бұл – бірлесе атқарған жұмысымыздың нәтижесі. Сондықтан, барлығыңызға алғыс айтамын, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы алдағы жылы елі­мізді одан әрі дамытуға сеп­тігін тигізетін көптеген ша­ралар өтетіні жөнінде айтты.

– 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе өседі. Бұл 1,3 миллион адамды қамтитын болады. Біліктілігін растаған мұғалімдердің еңбекақысы 30 пайыздан 50 пайызға дейін көбейеді. Құқық қорғау органдарының қызметін жақ­сартуды көздейтін жұмыстар атқарылады. Ту­ризмді іл­герілету үшін де шаралар қабылданады, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев келер жылы жастардың әлеу­етін дамытуға ерекше мән берілетінін айтты.

– Жастарға арналған арнайы мемлекеттік бағдар­лама төрт міндетті жүзеге асыруға бағытталады. Бұл – білім беру, баспанамен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және патриоттық тәр­бие беру мәселелері. Бү­гінгі жұмыстардың бәрі болашағымыз үшін жасалуда. Жастардың басты өмірлік бағдары еліміздің тәуелсіздігі болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Елбасы ша­раға қатысушыларды келе жат­қан Жаңа жылмен та­ғы да құттықтап, барша қа­зақстандықтарға зор ден­саулық, бақ-береке мен табыс тіледі.

Жаңа жылға арналған кешті өткізуден түскен қаражат қайырымдылық мақ­сатқа жұмсалатын болады.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қаңтар 2019 г. 318 0