Жыл табысы: 1500 медаль

Биыл облыстағы қай сала да серпінді тірлікке толы болды. Әсіресе 2018  Сыр спорты үшін толайым табыс жылы болды деп сеніммен айта аламыз. Облыс намысын қорғап жүрген «Қайсар» футбол клубының ел чемпионатында үздік бестікке енсе, Ақтау қаласында бокстан ерлер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев алтын жүлдені жеңіп алды. Бұдан бөлек ел назарына ілігіп, әлемдік аренадағы жоғары жетістік саналатын басты жаңалықтар да көп болды.

Облыста бұқаралық спорт, жоғары спорт шеберлігі, ұлттық спортпен қатар мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында да спорт қарқынды дамып келеді. Португалияның Одивелаш қаласында парадзюдодан өткен Әлем чемпионатында ел құрамасына жалғыз алтын медальді  қызылордалық Олжас Оразалыұлы алып берді. Бұл жеңіс Қазақстан паралимпия спорты тарихындағы алғашқы медаль болатын. Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен III жасөспірімдер олимпиадасында топ жарған Диас Бахраддин мен байдарка және каноэде есуден жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Мерей Медетов те биыл  «Жылдың үздік спортшысы» атанды. Сайыста сергек боп, спортшыларды бабында ұстайтын бапкерлер де «Жылдың үздік жаттықтырушысы» деген атқа ие болды. Байдарка және каноэде есуден облыстың аға жаттықтырушысы Мұхитдин Миербеков, әмбебап жекпе-жектен облыстың аға жаттықтырушысы Нұрбек Жармаханов, облыстық паралимпиялық комитетінің парадзюдо бөлімшесінің жаттықтырушысы Руслан Беркімбай осы марапатқа лайықтылардың қатарында.

Биыл облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде  шұғылданушылар қатары 28,3 пайызға көтеріліп, 225 мыңға жуық адамға жеткен. Биыл 7 елдімекенде спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Спорт мектептері желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында  9 жоба іске қосылды. Сондай-ақ орталық стадионның жеңіл атлетикалық манежге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қала мен аудандардағы спорт мектептеріне 8 автокөлік табысталып, спорттық құрал-жабдықпен қамтылған.

Өті бара жатқан жылда аймақ спортшылары Қазақстан, Азия, Әлем чемпионаттарына қатысып, 1500 медаль иеленді. 2017 жылмен салыстырғанда медаль санын 700-ге арттырған аймақ атлеттері нәтижелі жұмыстың айқын қорытындысын көрсетіп отыр. Сонымен бірге спорттың әр түрінен біздің 470 жерлесіміз Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының сапына енді. Сонымен бірге 21 спортшыға спорттық атақ беру туралы куәлігі табысталды.

Жалпы алғанда, аймақтың спорт саласында олимпиадалық резервті дайындау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі, жоғары спорт шеберлігі мектебі және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 35 спорт түрімен 18 мыңнан астам болашақ чемпиондар дайындық үстінде.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 желтоксан 2018 г. 430 0