« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылорданың дамуы – ел дамуының айқын көрсеткіші. БАҚ беттерінде талай жарияланды, бірнеше жыл бұрын Елбасы «Тәуелсіздік жылдарының жетістігін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген еді. Рас, Сырдарияның қос қапталын жағалай қоныстанған облыстың өндірістік, экономикалық әлеуетінің артқаны айқын. Бұдан 6 жыл бұрын, яғни 2012 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жағынан Қызылорда облысы республикадағы 16 аймақтың соңғы жағында болған еді. Ал соңғы бес жылда өңір көшбасшы бес аймақтың қатарына енді. Ал өңірдің орталығы екі ғасырлық тарихи тойын атап өткен Қызылорда қаласы сәулеті мен дәулеті келісті, ұлттың рухани ұйытқысына айналды. Бүгінде қала қақпасынан енген әрбір тұрғын мен мейман шаһардан ерекше шығармашылық еңбек пен дамуды байқайды.
Биыл үшінші жүзжылдыққа беттеген Қызылорданың елге ең басты тарихи тартуы – сол жағалаудағы жаңа қала. Сәулетті ғимараттар, қызу құрылыс алаңы көз қуанышы ғана емес, ертеңге деген ел сенімін нығайтты. Танымал америкалық тележурналист Ларри Кингтің «тарихқа үңілер болсақ, елдердің шаһарларды жаулап алғанын көреміз, ал Қазақстан қала салады» деген сөзі бар. Иә, бұл пікір ел дамуының нақты бағасы сынды. Қала аумағы кеңейіп, құрылыс саласы қарқын алды. 2009 жылы бекітілген Қызылорда қаласы Бас жоспарының бірінші кезеңінде қала аумағы 11 мың гектар болса, қазіргі күні 19690 гектарға жеткен. «Театр – киім ілгіштен басталса», облыс орталығы алыстан келген жолаушы үшін әуежайдан, самаладай жарық, кең көшеден басталмай ма? Қорқыт ата әуежайы 2014 жылдан бастап халықаралық мәртебе иеленіп, әлемнің ірі қалаларына тұрақты рейстер ашылды. Ал көлік инфрақұрылымының дамуы, кең жолдар мен жаз басталса-ақ қаланың әр тұсына өзгеше өң сыйлайтын ландшафты аумақтар шаһар сұлулығын арттыра түскендей. Сырдария жағалауының қазақы ою-өрнекпен әдіптелуі, соңғы жылдары қалаға облыстың оңтүстік аудандарынан кіреберіс маңызы мен мазмұны жоғары зәулім қақпа, сондай-ақ «Сырдария-Қызылорда» бағытындағы кіреберіс қақпаның ел игілігіне берілуі, негізгі көшелерге ұлттық нақыштағы жүзік, домбыра, қар барысы сынды бейнелердің қойылуы шаһар эстетикасын арттыра түскендей. Ал көз жауын алар жарықшамдар түнгі қаланың ажарын аша түсті. Әдемілік пен үйлесімділік қашанда адамға рухани демалыс сыйлайды.
Әсіресе, жаңа жыл қарсаңында қытымыр қысқа қарамастан қалада ерекше аура қалыптасқан. Биыл да орталық алаңда биіктігі 23 метрлік шырша, мерекелік ою-өрнектер, ертегі кейіпкерлері бейнесіндегі светодиодты безендірулер аязды кештің өзін ажарландырып жіберді. Тіпті Желтоқсан көшесіндегі жапырақсыз ағаштардың өзі жалт-жұлт етіп, қар секілді жарықшамдар көз сүйсіндіреді. Мұндай мерекелік көңіл-күйді Жібек жолы, Абай, Желтоқсан, Тоқмағанбетов, Жақаев көшелерінен, Теміржол вокзалы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион маңынан сезіне аласыз. Ал орталық алаңдағы мерекенің басты белгісі бас шыршадан бөлек, қала көлемінде бес жерге биіктігі 10 метрлік шырша орналастырылыпты. Жалпы бұл жұмыстардың барлығына қалалық бюджеттен 4,6 млн теңге қарастырылған.
Жаңа жыл – үлкен мен кішіге қуаныш сыйлайтын, ел көңілін серпілтіп, болашаққа бағдар құратын мереке. Ал шаһар мәдениеті, ұлттық нақыштардың жарқырай көрінуі табысты қаланың қандай боларын көрсеткендей. Иә, облыс орталығы – Сыр елінің айнасы. Даму деңгейі жоғары, экономикасы тұрақты, бизнесті дамытуға басымдық берген қалада күннен-күнге мәдени орындардың саны артып, сұлулықтың салтанат құруы заңдылық сынды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
"Сыр бойы".
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |