Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы біріктірілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл жөнінде Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Кеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Қазалы ауданында арнайы іссапармен болып, мұнда құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Қазіргі таңда аудан орталығын ұлғайту және абаттандыру мақсатында тиісті іс-шаралар қолға алынып отыр. Аудан орталығы - Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласына біріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аудан орталығы - Әйтеке би кентінде қазіргі таңда 40 мыңға жуық адам тұрады. Ал Қазалы қаласында 7 мыңның шамасында тұрғын бар. Аудан орталығы мен Қазалы қаласының ара қашықтығы -12 шақырым.
«Екі елді мекен арасын 11 гектар аумақ бөліп жатыр. Онда алдағы уақытта 24 кәсіпкерлік нысан салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қазалы қаласының автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды», - дейді жергілікті мамандар.
Бұдан басқа, 600 орындық мәдениет үйі мен мекемелер құрылысы жүргізілуде, 250 орындық 12 екі қабатты тұрғын үй құрылысы жобасы дайындалды және жабық базар салуға жер учаскесі бөлінді.
Кеше Қазалы ауданында мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды. Аудандық сот ғимараты да пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ауданда Әйтеке би ескерткіші ашылғанын хабарлаған едік.