ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖЕМІСІ

“Достық үйінде” облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының актив отырысы болды. Оған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, этно-мәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері, облыстық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар, ғылыми-сарапшылық топ, “Жаңғыру жолы” жастар қанатының мүшелері қатысты.

Жыл тоғысындағы басқосуда облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова биыл атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жос­парларды баяндады. Оның айтуынша, бүгінде аймақта 165 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс атқарады. Соның негізінде  255 мәселе оң шешімін тапқан. Ал, медиация жұмысын жетілдіру мақсатында 14 меморандумға қол қойылып, жыл басынан бері кәсіби емес медиаторлар 914 даулы мәселенің түйінін шешкен. Сондай-ақ, алғаш рет облысымызда Медиаторлар слеті өткізілді.

– Облыстық ҚХА этносаралық қатынастың өзіндік үлгісін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асырды. Елбасының Жолдауларын кеңінен насихаттау мақсатында жыл бойы көптеген шаралар өткізіліп, 4000-нан астам адам қамтылды. Қазіргі таңда Аналар кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған «Ақ орамал», «Аналар – аналарға» қайырымдылық акциялары, «Қазақтану» жобасы аясындағы кешенді іс-шаралары көпшіліктің ойынан шықты. Айтарлықтай жетістіктер аз емес. Алдағы уақытқа жоспарымыз одан да көп, – деді Ләйлә Бегалықызы.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов сөз алып, облыстық ҚХА жұмысына оң баға берді.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы халықтар достығын насихаттауда үлкен жұмыстар атқаруда. Ел бірлігін ойлаудағы Елбасымыздың көрегенділігін еліміз ғана емес, қазір шет мемлекеттер де мойындауда. Бұл еліміздің жеткен жетістігі, Елбасының жүргізген сарабдал саясатының нәтижесі. Осы ретте, ұлттар достығын нығайтып, бірлігін сақтап, татулығын арттыруда облыстық ҚХА-ның да атқарған қызметі зор. Жыл басынан бері түрлі шаралардың өтуіне ұйытқы болып келеді. Кеше ғана Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы күнін абыроймен өткізсек, келер жылы өзбек елінде Қазақстан жылы аталып өтеді. Осындай ынтымағы жарасқан еліміздің татулығын, бірлігін бағалай білу керек, – деді.

Шара мұнан әрі марапаттау рәсіміне ұласты. Ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалімен облыстық шешен ЭМБ төрағасының орынбасары Хусаин Домбаев марапатталса, ҚХА-ның құрмет грамотасын «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уәлихан Ибраев иеленді.

Ал, татар этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі, облыстық Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Раиса Смахановаға 80 жасқа толуына орай облыс әкімінің құттықтау хаты табысталды. Бұдан бөлек, бірқатар жерлестеріміз ҚХА-ның 20 жылдық медалімен, “Қоғамдық келісім” РММ алғыс хатымен марапатталды.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 желтоксан 2018 г. 522 0