Сыр өңірінде биылғы жылы сыбайлас жемқорлықпен күрес мақсатында бірқатар нақты жобалар жүзеге асты. Атап айтар болсақ, жақында «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды. «Адал ұрпақ» еріктілер клубының облыстық штабы құрылды. Оқу орындарында «Адалдық дүкені» ашылуда. Тағы бір атап айтарлығы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мемлекеттік орган басшыларына биыл Жаңа жыл мерекесін мейрамханаларда тойлаудың орнына қайырымдылық шараларын өткізуді ұсынып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды.
Брифингке ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Байхожаев, облыстық арнайы мониторингтік топ жетекшісі А.Ізден қатысып, аймағымызда сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында жүргізілген жұмыс барысына тоқталды.
Жақында Елбасының биылғы Жолдауында айтылған «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасын жүзеге асыру тапсырмасы бойынша елорданың тәжірибесі негізінде өңірімізде «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды.
– Жобалық кеңсе сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, оған қарсы төзбеушілікті қалыптастыру бойынша жұмыс жасайды. Республика бойынша сыбайлас жемқорлық фактілері жиі кездесетін білім, денсаулық, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, халықты әлеуметтік қорғау, мемлекеттік кірістер, сот және құқық қорғау органдары қызметтеріне талдау жүргізеді, – дейді Б.Байхожаев.
Сондай-ақ, «Адал ұрпақ» еріктілер тобының облыстық штабы жақында өз жұмысын бастады. Айта кетелік, мұндай штаб елімізде алғаш рет құрылып отыр. Құрамында 16000 оқушы бар еріктілер тобының жұмысын үйлестіріп, оларға әдістемелік көмек көрсететін арнайы орталықтың болмауы бүгінге дейін қиындық туғызып келсе, бұл мәселе де шешімін тапты.
Ел назарын аударған «Адалдық дүкені» Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ашылды. Бұл дүкенде сатушы жоқ, тіпті бейнебақылау құрылғылары да орнатылмаған. Оқытушылар мен студенттер дүкеннен қалаған затын алып, ақшасын арнайы жәшікке төлеп кете береді. Бұл жоба жастарды адалдық пен сенімді ақтауға тәрбиелейтіні сөзсіз.
Брифингте атап айтылғандай, тұрғындардың сыбайлас жемқорлық мәселесіне көзқарастарын анықтау мақсатында «Сыр медиа» ЖШС-ның «Ақпараттық талдау орталығы» жүргізген әлеуметтік зерттеуіне қатысқан тұрғындардың 19 проценті қиналған сәтінде пара беретінін білдірсе, 66 проценті сыйақы немесе пара бермейтінін айтқан. Пара бермейміз деушілердің қатары өткен жылмен салыстырғанда 6,7 процентке артқан.
Биылғы жылдың ел есінде қалар ұсынысы десек те болар, аталған департамент мекеме басшыларын жаңа жыл тойлаудан гөрі, қайырымдылық шараларын жасауға шақырыпты. Облыстық арнайы мониторигтік топ сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Биылғы жылдың өзінде бірқатар салалардың жұмысына мониторинг жасап, кемшіліктерді анықтап, жемқорлыққа жол бермеуге ықпал еткен.
– Топ құрамында журналистер, блогерлер, ҮЕҰ мүшелері, заңгерлер бар. Топтың атқарған жұмысы әрдайым жариялы, ел хабардар, – деді мониторингтік топ жетекшісі А.Ізден.