ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАҢА ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫ САЛЫНАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАҢА ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫ САЛЫНАДЫОблыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен өткен облыстық қала құрылысы кеңесінде бірқатаржаңа жобалар талқыланды. Оның алғашқысында облыс орталығында дарияның сол жағалауын игеруге қатысты "Урбостиль” ЖШС бас директорыЛюбовь Нысанбаева түсіндірме жасады. Дарияның сол жақ жағалауын игеру Үкіметтің 2009 жылы бекіткен бас жоспар нұсқасына сай жүзеге асырылады. Дегенмен де, кейінгі қалыптасқан жағдайларға сай аз-кем өзгерістер орын алатын болады. Ол негізінен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің өтуіне байланысты болып отыр. Мәселен, бүгінгі жобада енгізіліп отырған көліктік логистикалық орталық бас жоспарда болмаған еді. Л.Нысанбаева сол жақ жағалау Қызылорда қаласының заманауи орталығына айналатынын жеткізді. Сол мақсатта дарияның жағалауы тиімді пайдаланылады. Жаяу жүргіншілерге арналған жасыл бульварлар, аллеялар, скверлерге ден қойылмақ. Олар этномәдени, сауықтыру, көңіл көтеру кешендерімен, сауда орындарымен жалғасып жатпақ. Тұрғын аудандарда көпқабатты және бірқабатты үйлер бой көтереді.

Осы ретте облыс басшысы сол жақ жағалауда балаларға, жасы ұлғайған кісілерге, қала қонақтарына демалуға қолайлы жерлерге ерекше назар аударылу керектігін тапсырды. Ол бұл жақта аспанмен таласқан зәулім үйлер салудың қажетсіздігіне тоқталды. Көпқабатты тұрғын үйлер әрі кетсе 9-12 қабаттан аспағаны абзал. Және бір ескерерлік мәселе ғимаратттарда негізінен шығыс сәулет өнерінің үлгілері молынан көрініс табуы тиіс Облыс басшысы сол жақ жағалауға көпір салынбай, ол жақта қозғалыс болмайтынын атап өтті. Сондықтан Ғ.Мұратбаев көшесі арқылы түсетін көпір құрылысы жақын айларда басталуы керек. Қырымбек Елеуұлы қала әкіміне, жерге орналастыру саласы басшыларына сол жақ жағалаудан жер бөлу, өз бетінше құрылыс жүргізуге жол бермеу жайын қатаң тапсырды.

"Урбостиль” басшысы мұнан кейін Байқоңыр қаласының бас жоспарымен таныстырды. Жобаны жасауда оның біздің республиканың қаласы болуымен қатар, Ресейдің жалға алып отырған қаласы, сонымен бірге жабық режимдегі қала екендігі ескерілген. Байқоңыр қаласы "ЭКСПО-2017” көрмесінің бір алаңы ретінде қарастырылып отыр. Бұл жағынан да басымдық беріледі. Күн, жел энергиясын пайдалану қондырғыларын орналастыру мүмкіндігі бар. Жобада қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жақсарту жағы да қарастырылған. Байқоңырдың Қамбаш көлі мен «Қорқыт ата» кешеніне жақындығы да ескерілгені айтылды.

Облыс басшысы Байқоңыр қаласы аймақтың дамыған орталықтарының бірі екенін атап өтті. Сонымен бірге Байқоңырмен қатар Төретам мен Ақайдың ұмыт қалмауы қажеттігін баса айтты. АҚШ-та ғарыш ұшырылымдарын тамашалаушылардан қыруар пайда табуда. Болашақта туризмнің осы саласын дамыту жайын ескерген жөн.

Кеңесте «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойында пайда болатын сервистік нысандар жобалары да ұсынылды. Оның біріншісі "Шиелі Сапаржайы” ЖШС директоры Әбжәли Байділда, екіншісі жеке кәсіпкер Гүлнар Жүнісова тарапынан ұсынылды. Алғашқысы Жуантөбе ауылының тұсында бой көтерсе, екіншісі Шаған ауылы тұсынан салынбақшы. Бұл сапаржайлар кешенінде қонақ үй, жеңіл және жүк көліктеріне арналған тұрақжайлар, автокөліктерге қызмет көрсету орталығы, жанар май құю стансасы жән сауда павильоны сондай-ақ әлеуметтік нысандар – сапаржай күту залы, медпункт, туристік бюро, асхана, мейрамхана, ана мен бала, мүгедектер бөлмесі болмақ. Шиелі ауданында салынатын нысан "А” санатында болса, Шаған ауылы тұсындағы нысан "В” санатында болады. Кәсіпкерлер жобаларға рұқсат етілсе, құрылыс жұмыстарын бастай бере алатынына сендірді.

Облыс әкімі мұндай сапаржайлар салынуымен халықаралық трасса бойымен өтетін транзиттік көліктер мен жолаушылар ағынына қызмет көрсете отырып, Оқшы ата, Сығанақ, Сауран, Түркістан, Арыстан баб, Қаратау сілемдері, Қорқыт ата, Жанкент, Байқоңыр, Қамбаш көлі секілді керемет жерлер және тарихи-мәдени ескерткіштермен танысуына мүмкіндік жасай алатынын жеткізді. Сонымен бірге мұнда жаңа жұмыс орындары ашылатыны белгілі. Сондықтан рұқсат берген жөн. Дегенмен, кәсіпкерлер облыстық кәсіпкерлік және туризмді дамыту басқармасымен меморандумға отыруы тиіс. Жұмыс басталғаннан кейін оны сақалды құрылысқа айналдыруға жол беруге болмайды. Ондай жағдайда жер учаскесін қайтарып алуға дейін баратын болады.

Мұнан соң кеңес мүшелеріне Әйтеке би кенті мен Жаңақорған ауданының орталығында салынатын дене шынықтыру және сауықтыру кешені жобасы таныстырылды. "Проект Сервис” ЖШС жобалаған бұл кешендерде тұрғындар үшін көп мүмкіншіліктер қарастырылған.

Жоба толық қуатталған соң облыс әкімі "Саламатты Қазақстан” бағдарламасының орындалуына үлес қосатын бұл нысандар құрылысын көпке созбай, Тәуелсіздік мерекесінде іске қосуды тапсырды.

Кеңес мүшелерінің назарына ұсынылған соңғы жоба ол кім-кімді де бейжай қалдырмаса керек. Өйткені, онда Қызылорда қаласының орталық алаңында салынатын Қазақ драма театрының керемет эскиздік бейнесі көрініс тапқан. Классикалық үлгіде салынатын театр ғимараты облыс орталығының архитектуралық келбетіне өзіндік сән қосады. Театрда үлкен және кіші залдар болады.

Аймақ басшысы театрда актерлар үшін барлық жағдайлар жасалуына басты назар аударуды тапсырды. Оркестрге арналған орын да ұмыт қалмауы тиіс. Біздің аймақтың ауа райын, жел мен шаң-боранды ескеріп, әрі ерекше сән беруі үшін театрдың қасбетін мрамормен немесе "Аглай” тасымен әрлеу керек. Облыс әкімі сондай-ақ театрда Толғанай рөлін сомдап тұрған Сәбира Майқанова ескерткішін орнату жайлы өз ойын жеткізді. Ол театр жобасын Қазақ театр одағының мүшелеріне таныстырып, сын-ескертпелерін алған жөн екенін айтты.

 

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ 29 мамыр 2014 г. 1 407 0