Облыстық медицина орталығына – 20 жыл. Халықтың денсаулығын сақтау жолында үлкен қызмет көрсетіп келетін белгілі орталықтың, әсіресе соңғы жылдары жетістігі еселене түсті. Орталық жанында кардиологиялық, нейроинсульттік және офтальмохирургиялық орталықтар сапалы қызмет жасап тұр. Онда 1500-ге жуық адам жұмыс істейді.
Бұл орталықтардың жұмысы әлеуметтік және экономикалық тұрғыда маңызды екенін атап өткен жөн. Қызылордалықтар ота жасату үшін бұрынғыдай Астана мен Ресейге бармай, облыс орталығында жасата алады. Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап Байқоңыр қаласында орталықтың филиалы жұмыс істеп тұр.
Медицина орталығының қызметкерлерін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтап, орталық құрылысының аяқталып, ел игілігіне жарауы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың еңбегі екенін атап өтті.
– Кеңестер Одағынан мұраға қалған әлеуметтік алып құрылыс тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана аяқталып, ел игілігіне берілді. Облыстық медицина орталығының толық аяқталуы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды саясатының жемісі. Елбасы елмен бірге қуанды, осыдан 20 жыл бұрын желтоқсан айында Сыр бойына келіп, медицина орталығының лентасын қиды. Оның заман талабына сай болуына аманат арқалатты, экологиялық апат аймағының ең өзекті әлеуметтік мәселесін шешуге қамқорлық жасады. Облыстық медицина орталығы – өңірде көпсалалы медициналық көмек көрсететін жалғыз ұйым. Президентіміз «Нұр Отан» партиясының кезекті отырысында қызылордалық дәрігерлерге жоғары бағасын берді,– деді облыс әкімі.
Сонымен қатар аймақ басшысы сол кезде облыстың бірінші басшысы болған С.Шаухамановтың, балалар ауруханасын басқарған, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Т.Махановтың және Болгария мемлекеті құрылысшыларының еңбегіне ерекше тоқталды.
Орталық бүгінде толық электронды құжат айналымына көшірілген. Мұнда 20 жыл ішінде 103 мыңнан астам ота жасалып, 356 мыңға жуық науқас ем алып шыққан.
Салтанатты шарада аймақ басшысы сала ардагері Тұрғанбай Махановқа күріштен салынған портретін сыйға тартты және Құрмет грамотасын табыстады.
Бірқатар сала ардагерлері мен үздік қызметкерлер Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Өз кезегінде медицина орталығының ұжымы атынан Тұрғанбай Маханов сөз алып, аймақ басшысының қолдауына ризашылығын білдірді және әріптестерін мерекемен құттықтады.
Шарада, сондай-ақ, облыстық медицина орталығының жас дәрігерлері Елбасына үндеухат жолдады.
Айнұр БАТТАЛОВА.