ҚАУІПСІЗДІК –ҚЫРАҒЫ НАЗАРДА

Мереке күндері халықтың қауіпсіздігі қатаң бақылауда болуы тиіс. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою жөніндегі облыстық комиссия отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін еске салды.
Жиында, алдымен, жылу беру маусымының өту барысы жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин мәлімдеді. Қазіргі күні өңірдегі 1166 әлеу­меттік нысан мен көпқабатты 763 тұрғын үйге тұрақты түрде жылу беріліп тұр. Тіршілікті қам­тамасыз ету нысандары штат­тық режимде жұмыс істеуде. Диспетчерлік ор­талықтар күні бойы кезекшілікте, авариялық материал қоры жасақталған. Де­генмен, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өндірістік филиалындағы материал қоры толықтыруды қажет етеді. Отын қоры жөнінен мәселе жоқ.
– Қыс мезгілінде табиғи және техногендік төтенше жағдай туын­дағанда авариялық қалпына кел­тіру жасағы жұмылдырылады. Мереке күндері коммуналдық қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Авариялық қызмет үнемі дайындықта, – деді басқарма басшысы.
Биыл коммуналдық салада кездескен кейбір түйткілдер халықтың су мен жарықтан уақытша қол үзіп қалуына әкеп соққаны белгілі. Аймақ басшысы жауапты мекемелерге осыдан сабақ алып, қандай жағдайға да сақадай сай болу керектігін ескертті.
Күн тәртібіндегі келесі мәселеге байланысты облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі күні «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 650 текше метр су жіберілуде. Арал, Қазалы аудандарында өзен арнасында ұстасқан мұздың қалыңдығы – 10-15 сантиметр.
– Су басу қаупі бар 56 аумаққа жауапты мекемелер бекітілді. Қажетті жанар-жағармай, құм толы қап және инертті мате­риал қоры жасақталды. 2 тікұшақ дайын тұр. Мұз жару жұмысын жүргізу үшін қаржы мәселесі шешілді, – деді А.Шәменов.
Облыс әкімі жауапты сала өкілдеріне қыс мезгілін, оның ішінде алдағы мереке күндерін қауіпсіз өткізу ту­ралы тапсырма жүктеді. Бұл ретте облыстық төтенше жағ­дайлар департаментінің бас­тығы Омар Бержанов жаңа­жылдық іс-шараларды ұйым­­дас­тыру­шылармен бірлесіп шара өтетін орынға комиссиялық қарау жүргізілетінін жеткізді.
– Тізімдегі объектілер қатаң бақылауда болады. Олардың өрт қауіпсіздігі жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп отырамыз. Адамдар көп жиналатын орындар да назардан тыс қалмайды. Жеке құрам түгел күшейтілген жұмыс кестесіне көшіріледі, – деді ол.
Аймақ басшысы комиссия мүшелеріне жаңажылдық іс-шараларды қауіпсіз өткізуге толық дайындықты қамтамасыз етуді жүктеді. Мереке кезінде қолданылатын пиротехникалық бұйымдардың талапқа сай болуы керектігін, ол болмаған жағдайда тәркіленуі тиіс екенін айтты. Өйткені адамның амандығы мен денсаулығы бәрінен қымбат.

Назерке САНИЯЗОВА
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 желтоксан 2018 г. 429 0