ЭНЕРГЕТИКА –ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨЗЕГІ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев энергетиктердің кәсіби мерекесі қарсаңында сала қызметкерлерімен кездесті. Кездесуге қатысушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, өңірімізде энергетика саласында айтулы жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті.
Облыс көлемінде 300 ша­қырымнан аса электр желілері жаңартылып, 90-нан аса қосал­қы стансалар орнатылды. Бұл өз кезегінде, халықты сапалы электр энергиясымен қам­тамасыз етуге мүмкіндік берді.
– Сондай-ақ, 2019 жылы облысымыздың барлық 7 аудан орталығын табиғи газбен қамтамасыз етіп, көрсеткішті 70 процентке жеткізетін боламыз.  Бүгінгі күнге облыс бойынша 232 ауылдық елді ме­кеннің 193-і немесе 83% ор­та­лықтандырылған ауыз су жүйе­сімен қамтылып отыр. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Оған қоса, елді мекендер мен аудан орталықтарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында республикада алғашқы болып бірыңғай операторды құрдық, – деген облыс басшысы «Цифр­лық Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда қа­ласында «Smart квартал» жобасы іске асырылып жатқанын айтты. Аталған жоба табиғи монополия субъектілерімен көрсетілетін қызметтердің ашық­­тығын қамтамасыз етуге және тұтыну көрсеткіштерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін болады.
Облыс әкімі сонымен қа­тар «Жасыл экономикаға» көшу, жаңартылған энергия көз­дерін дамыту бағытында да белсенді жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. 2019 жылы облыс көлемінде жалпы қуаттылығы 150 мегаватт болатын күн электрстанциялары жобаларының құрылысын іске асыру жоспарлануда. Атап айтсақ, Қызылорда қаласының сол жағалауында қуаттылығы 60 мегаватт, Жаңақорған ауданында 10 мегаватт, Шиелі ауданында 50 мегаватт және Жалағаш ауданында 30 мегаватт болатын күн электр станциялары орнатылады.
Аймақ басшысы өнеркәсіп пен тұрғын үй саласының қар­қынды дамуының нәтижесінде облыс орталығында жылу энергиясының жетіспеушілігі мәселесі туындап отырғанына назар аударды. Бұл мәселе бойынша таяуда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Қызыл­орда қаласында жаңа жылу-электр­орталығын салу, яғни жұмыс істеп тұрған жылу электр станциясының қуаттылығын арт­тыру туралы ұсыныс хат жолданған.
– Онда Қызылорда облы­сын ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның көршілес оңтүстік өңірлерін сенімді және үздіксіз электрмен жабдықтауды қам­тамасыз ететін Қызылорда қа­ласында қуаттылығы 300 Гкал жылу және 350 МВт электр энергиясын құрайтын жаңа технологиялық газ жылу электр станциясын салу қажеттілігі айтылған. Бұл ұсыныс Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты, енді Үкіметке тапсырма береді,  – деді осы ретте облыс әкімі.
Облыс басшысы соңғы жылдары өңіріміздегі мұнай өндіру көлемі 11,5 млн тоннадан 6,5 млн тоннаға дейін төмендеп кеткенін де назарға салды. Деген­мен, бұл қиындыққа мо­йымай, Елбасының экономиканы әртараптандыру тура­лы тапсырмасын орындап, қарқынды дамып келе жат­қан жайымыз бар. Өңдеу өнеркәсібін дамыту  бойынша республикадағы маң­дайалды облыстардың біріміз. Сол секілді, көптеген сала­лардың көрсеткіші бойынша да алғашқы бестіктің қата­рындамыз. Міне, осы же­тістіктерге жетуге энер­гетик­тердің қосқан үлесі ерекше. Алдағы уақытта үлкен ин­вестициялық жобалар іске қо­сылады, жаңадан қала салынып жатыр.  Бұл жобалар да энер­гетиктерсіз алға баспайтыны белгілі.
Аймақ басшысы энергетиктер мерекесі қажыр-қайраты мол жандардың мерекесі екенін атап өтті. Энергетика жай ғана мамандық емес, ол туа біткен әуестік. Энергетика – қашан да, әлеуметтік сала мен индус­трияны алға жылжытушы күш, әрі экономиканың алтын өзегі және негізгі діңгегі болып саналады. XXI ғасырдағы адамзат баласының өмір сүру мүмкіндігі тікелей осы сала мамандарының қажырлы еңбектеріне байланыс­ты. Кәсіби мерекелік кездесуде облыс әкімі аталған сала бойынша жұмыс атқаратын мемлекеттік органдар және кәсіпорындар мен мекемелердің бір топ қызметкерлерін Алғыс хатпен, ҚР Энергетика министрлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының Құрмет гра­мо­тасымен, сондай-ақ осы қауым­дастықтың «Құрметті энергетик», «Еңбегі сіңген энергетик» төсбелгілерімен марапаттады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 желтоксан 2018 г. 936 0