Тәуелсіздікпен бірге түлеген ауыл

Жалаңтөс батыр ауылы – аудан орталығына жақын орналасқан елді мекендердің бірі. Ауыл тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Күз түскенде кент базарларында осы ауылдан әкелінген қауын-қарбыз, жуа-сәбіз, қызанақ пен қияр, өзге де жемістерге сұраныстың көп болатынын көзбен көріп жүрміз.

Қарашеңгел ауылдық округінің әкімі Орысбек Жәмшей­товтің айтуынша, елді мекенде аяқ су, ауыз су шешімін тапқан. Су жүйесінің мүмкіндігін жақсы пайдаланып отырған үйлерге бас сұққанда өзіңізді ауылда емес, қалада жүргендей сезінесіз. Жолаушылар тасымалында ешқандай кідіріс жоқ. Аудан орталығынан сағат сайын қоғамдық көлік келіп тұрады. Ал заңды түрде тіркеліп, жеке көліктерімен такси қызметін жасаушылардың да табысы бөтен емес.

Округте мүйізді ірі қара, уақ мал, жылқы ұстайтын тұрғындар баршылық. Амандықты «мал-жаның аман ба?» деп бастайтын дала перзенттерінің қолындағы төрт түлік саны көңіл тоғайтады. Қазіргі таңда шаруа қамын күйттеген жалаңтөстік ағайын мал қыстату қамымен қарбаласып жүр. Елді мекендегі «Жалаңтөс батыр» ЖШС, «Қият», «Қыдыр», «Өркен», «Рауан», «Дін-Нұр», «Қуан-Ата», «Жалаңтөс батыр», «Ұлан», «Сая», «Салмаев Ш» шаруа қожалықтары ауылдың көптеген тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Осы жылы «Жалаңтөс батыр» ЖШС егілген егістен қомақты өнім жинады. Бұл «қолы қимылдағанның, аузы қимылдарын» ескерсек, отбасына кірер нәпақа деген сөз.

Ауылдағы мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, ұсақ сауда, жолаушылар тасымалы, халыққа қызмет көрсету (монша, шеберхана) өзге де бағытты қамтитын кәсіп­кер­лік субъектілері тұтынушылар талғамынан табылуда. Ағымдағы жылы такси қызметі, ұсақ сауда, дүкен, аяқ киім шеберханасы, компьютер қызметі, құс шаруашылығы бағы­тында тоғыз ауыл тұрғыны кәсіпкерлікке тіркелген болатын. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау Бизнес» жоба­сымен несие алып, мал басын көбейтіп отырғандар, «Бизнес-Кеңесші» жобасымен өңірлік кәсіп­кер­лер палатасы арқылы несие алған тұрғындар кездеседі. Оған қоса бір­неше тұрғынның несие алуға «Өңір­лік инвестициялық орталығына» құ­жат­тары тап­сырылды. Елді мекенде бұлардан өзге де несие алып шаруасын одан әрі жандандырып отырғандар бар.

«Биылғы жылы «Рауан» шаруа қожалығы «Агро несие» корпорациясы арқылы берілген қаржыға жылқы сатып алды. «Жалаңтөс батыр» ЖШС болса, егін шаруа­шы­лығын дамытуға «Қазалы несие» ЖШС арқылы 30 млн теңге несие алып жұмыс жасауда» дейді ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Шоқан Қожантаев.

Бір мезет ауылдың әлеуметтік, рухани тыныс-тірші­лі­гіне зер салсақ. Жаңа үлгідегі мектеп, дәрігерлік амбу­латория, қос қабатты әсем бала­бақша, кереметтей ауыл­дық клуб, ветеринариялық пункт жаңадан салынса, кітапхана мен ауылдық округ әкімдігі ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Ауыл ішінен аумақты да көрікті орта­лық алаң, балалардың ойын алаңы ел игілігіне берілді. Жұрт­шы­лық­тың жұмылуымен асар тәсілімен «Жалаңтөс батыр» атымен аталатын мешіт жамағатқа есігін айқара ашты. Ауылдағы Әбдінағи Ибраев көшесі асфальтталса, бірқатар көшелер түнгі жарық шамдарымен қамтылған.

Жалаңтөс батыр ауылдық кітап­ханасы электронды ақпа­­раттар қорын қалыптастыратын жаңа «Модельді кітап­­хана» ретінде ауыл тұғындарына қызмет көрсетеді. Оқыр­ман­дардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп, «Рауан» шығармашылық клубы жұмыс атқаруда. Ауылдық клубта жыл бойына түрлі іс-шаралармен қатар, кино қойылымдары да көрсетіледі. Кәсіп­орын­дағы үйірмелерге қатысатын өнерпаздар респуб­ли­калық, облыстық, аудандық байқаулар, конкурстарда жүл­делі орындарды иеленіп жүр.

Бұл бір ғана ауылдағы тіршілік бей­несі. Ал еліміз Тәуел­сіздік алғалы қаншама ата қоныстың ажары кіріп, ахуалы оңалғанын таразылай беріңіз.

Қысқасы, Тәуелсіздік халықтың ең басты қадір тұтар құндылығы болғанда қазақтың талай ауылы әлі түлей бере­тініне бек сенеміз.


Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы,

Жалаңтөс батыр ауылы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 желтоксан 2018 г. 666 0