«Даму» дем берген жобалар

 

Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпкерлер кепілдіктің жетіспеушілігі мәселесін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы шешіп келеді. Филиал мамандарының айтуынша, биыл өңірде «Несиелік кепілдеме беру құралы» бойынша жалпы сомасы 1,170 млрд теңгені құрайтын 65 келісім-шарт мақұлданған. Оның ішінде 763,3 млн теңгеге есептелген 31 жоба қалаға тиесілі болса, 407 млн теңге болатын 34 жоба аудандардың еншісінде. Облыста береке бас­тауына айналған – «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын пайдаланып, несібесін арттырып отырған кәсіпкерлер де аз емес. Жыл көлемінде филиал 9,5 млрд теңге несие көлемін құрайтын 141 жобаны субсидиялап, 4,9 млрд теңге несие бойынша 116 жобаға қол қойылған. Құрғақ сандарды ғана сөйлетпей, нақты мысалдарға көшетін болсақ.


Заманауи қонақ үй


Қалада «Park Hotel Qyzylorda» қонақ үйі іске қосылды. «Prima Park» бизнес-орталығында орналасқан, кірсе, шыққысыз 4 жұлдызды қонақ үйдің безендірілуімен «Орда Строй холдинг» ЖШС айналысыпты. Басқарушы менеджері Жәлел Жүкеновтің сөзіне қарағанда, ғимараттағы көз жауын алар жиһаздардың басым көпшілігі отандық шеберлердің қолынан шыққан. Мұнда президенттік, делюкс, люкс, стандарт санаттарына  бөлінетін 32 нөмір бар. 40-қа жуық қызметкер жұмысқа тартылған, басшылық алдағы уақытта тағы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Сервистік қызмет көрсету  жоғары деңгейде. Бағасы қалтаға қонымды. Айтпағымыз, бұл да «Даму» демеген жобалардың қатарында. Ол «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы қаржыландырылып отыр. Жоғарыда аталған «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту мен қолдау мемлекеттік бағдарламасы аясында филиал 7 процент көлемінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялаған. Нәтижесінде тағы бір бизнес субъекті қанатын кеңге жайып отыр, бұл, біріншіден, қала тұрғындарының іскерлік белсенділігін арттыруға сеп.


Қуаттылығы артқан серіктестік


Мұндай жүйелі жұмысты  полимер құбырларын өндіруші «Қуат» ЖШС да жалғастырып келеді. 1992 жылы іргетасын қалаған компания 1996 жылдан бастап өндіріс қызметін бастаған болатын. Бүгінде компания облыс тұрғындарына су құбыры  мен кәріз магистральдарын төсеу кезінде жеке құрылыста пайдаланатын шағын диаметрлі құбырларды дайындайды. Кәсіпорында 65 адам жұмыс істейді.

– Өндірістік базада екі цех, шикізат пен дайын өнімге арналған қойма, токарьлық және слесарьлық ше­берхана орналасқан. Өнім он бір желіде өндіріледі. Оны дайын­дау үшін ресейлік өндірістің төмен­қысымды полиэтилені қол­даны­луда. Зауыт жабдықтарын ре­сей­лік «Кузполимермаш» ААҚ, гер­мандық «Next Neuenburger Extrusionstechnik GmbH» шығарған. Жуырда біз қысымды суық сумен жабдықтау, канализация және табиғи газды тасымалдау, ұңғымаларды салу кезінде пайдаланылатын полимерлерден құбыр өндіруге қажетті шикізатты сатып алу үшін «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дан қаржы алдық. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы 7 процент көлемінде пайыздық мөлшерлемені суб­сидиялауға көмектесті. Бұл рет­те біз кәсіпкерліктің  өріс алуына мүмкіндік беріп отырған мем­ле­кеттік бағдарламалардың игілігін көргенімізге қуаныштымыз, қолдау білдіріп отырған филиал бас­шы­лығына да алғыс зор, – дейді серік­тестіктің бас инженері Михаил Флейшман.


Жұмыстың жаманы жоқ, жөнін білсе…


Мемлекет тарапынан қолдау тапқан тағы бір өндіріс орны – «Квант» ЖШС. Компания 2014 жылы құрылып, металл өңдеумен, металдан әртүрлі бұйымдар дайындаумен, техникалық газдарды жеткізумен айналысады. Бұл кәсіпорын да биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Фортебанк» АҚ филиалы арқылы жабдықтар сатып алуға қаржы алып, кәсібін кеңейткен. Компания директоры Жаңабай Бекішев тапсырыс көлемінің жылдан жылға артып келе жатқанын айтты. Алайда, алаңдайтын мәселе жоқ емес. Соның бірі – техника тілін меңгерген жас мамандардың аздығы. Мұны шешуде түрлі шаралар қолға алынғанымен, инженер-механик, электрмен дәнекерлеуші, сантехник, слесарь, токарь тапшылығы әлі бар. Оған себеп – қазір мектеп бітірген жастардың көбі кәсіптік оқу орындарына барғысы келмеуі. Бұл ретте серіктестік басшылығы жөнін білсең, жұмыстың жаманы жоқ екенін, болашақта ел тізгінін ұстар азаматтардың білімді де білікті, бәсекеге қабілетті мамандар қатарын толықтырғаны жақсы, дегенмен, олар тек беделдi қызмет атқаруды аңсап, мансап қуып кетпесе екен деген тілегін жеткізді.


Кір жуу кешені ашылды


Озық үлгідегі ресейлік және италиялық қондырғылармен жаб­дықталған «Ақ шағала» кәсіпорнының әлеуметтік мекемелер үшін маңызы зор. Жас кәсіпкер Саян Әлиев басшылық ететін кешен жеке тұл­ғалар мен ұйымдарға кір жуу мен үтіктеу бойынша қызмет көрсетеді. Қыр­күйек айында кәсіпкер «Қазақ­стан «Халық банкі» АҚ арқылы қаржылай көмек алды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық фи­лиалының 5,6 процент көлемінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түріндегі қолдауына да ие болды. Соның негізінде кір жуу бөлмесі жетекші еуропалық өндірушілердің автоматты кептіргіш барабандарымен қамтылған.

Осыған қарап-ақ, өңір кәсіпкерлері мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырғанын байқауға болады. Оның үстіне қазір бастауыш кәсіпкерлердің жаңашыл жобасын жүзеге асыруына, бұрыннан ісін жүр­гізіп келе жатқан кәсіпорындардың да тынысын кеңейтуіне көп көңіл бөлінген. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында бірқатар тың бастамалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Бұл бізге әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, әрбір азаматты еліміздің толық­қанды экономикалық өміріне тартуға мүмкіндік бермек.


Мөлдір Қалымбет.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 желтоксан 2018 г. 452 0